Алғашқы сетте жеңіліс тапқан Рыбакина қалған екі сетті өз еншісіне жазды.
ERNUR.KZ. Әлемнің 3-ракеткасы Елена Рыбакина Уимблдон турнирінің екінші айналымына шықты. Жарыстың басты фавориттерінің бірі Рыбакина биыл өткен жылғы чемпиондық атағын қорғауға тиісті еді, деп жазады inbusiness.kz.
Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 49-ракеткасы, америкалық Шелби Роджерспен шеберлік байқасты. Орталық корттағы матчта америкалық теннисші брейкпен бірден алға шықты – 2:0. Сет біткенше сол басымдылығын сақтап қалды – 6:4. Есесіне екінші партияда қазақстандық спортшы 5:0 есебімен алға кетті. Сосын өз пайдасына шешті – 6:1. Рыбакина үшінші, шешуші сетті де брейкпен бастады – 1:0. Ақыры матчты жеңіспен түйіндеді – 6:2.
Бір сағат 43 минутқа созылған бәсеке барысында Елена 12 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Елена Рыбакина үшінші айналымға шығу үшін әлемнің 74-ракеткасы, франциялық Ализе Корне немесе рейтингте 127-сатыдағы жапониялық Нао Хибиноның біреуімен таласады.
Айта кетейік, бұған дейін Александр Бублик Уимблдон турнирінің екінші айналымына өткен болатын. 5 шілде күні қазақстандық теннисші америкалық Джеффери Вулфпен сынға түседі. Ал тағы бір қазақстандық теннисші Юлия Путинцева 5-шілде күні алғашы айналымда Беатрис Аддад Майямен кездеседі. Матч елорда уақытымен 16:00-ге жоспарланған.
Сонымен қатар осы турнирдегі Еленаның басты қарсыластарының бірі, поляк теннисшісі Ига Швентек Уимблдондағы әйелдер арасындағы жекелей сында алғашқы айналымда жеңіске жетті. Жер шарының ең үздік теннисшісі WTA рейтингінде 34-ші орында тұрған қытайлық Чжу Линьмен кездесті. Бір сағат 21 минутқа созылған матч екі сетте Швентектің жеңісімен аяқталды – 6:1, 6:3. Екінші айналымда Швентек Сара Соррибес-Тормомен (Испания) кездеседі.