Елена Рыбакина WTA рейтингінде ТОП-20 кірген тұңғыш қазақстандық теннисшісі атанды

0
651

20 жастағы қазақстандық теннисші 25-тен 19-орынға көтерілді.


Елена Рыбакина WTA рейтингінде ТОП-20 кірген тұңғыш қазақстандық теннисшісі атанды

ERNUR.KZ. Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина үздік 20 теннисшінің қатарына кірді, деп жазады ҚазАқпарат.

Бүгін жаңартылған WTA рейтингісінде 20 жастағы қазақстандық теннисші 25-тен 19-орынға көтерілді.

Бұл Қазақстан үшін рекордтық көрсеткіш болып саналады. 2012 жылы 29 қазанда Ярослава Шведова 25-ракетка атанған еді.

Тағы бір қазақстандық Юлия Путинцева 34-тен 32-ге жоғарыласа, Зарина Дияс бұрынғы 63-орнында қалды.

Әлемдік рейтинг көшін бұрынғыша аустралиялық Эшли Барти бастап келеді. Румыниялық Симона Халеп екінші, чехиялық Каролина Плишкова үшінші орында.

Ерлер арасында Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик 56-дан 55-ке көтерілсе, Михаил Кукушкин 67-ден 69-ға сырғыды. Дмитрий Попко 173-тен 168-ге шықты.

Мұнда сербиялық Новак Джокович көш тізгінін ұстаса, испаниялық Рафаэль Надаль екінші, швейцариялық Роджер Федерер үшінші орында тұр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Е.Рыбакинаның Санкт-Петербург турнирінің финалында есе жібергенін жазған болатынбыз.

Е.Рыбакинаның премьер деңгейіндегі тағы бір турнир – бүгін басталатын Дубай додасында сәтті өнер көрсетсе, рейтингісін одан сайын жақсартатындай мүмкіндігі бар. Бұл жарыстың алғашқы айналымында ол әлемнің 7-ракеткасы, биылғы Аустралия ашық чемпионатының жеңімпазы, америкалық София Кенинмен күш сынасады.