Елеусінов әлем чемпионы титулы үшін қайда және қашан жұдырықтасады

0
673

18 желтоқсанда өтетін бокс кеші Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналады. IBO жекпе-жекті ресми түрде растап отыр.


Елеусінов әлем чемпионы титулы үшін қайда және қашан жұдырықтасады

ERNUR.KZ Кәсіпқой боксшы Данияр Елеусінов IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағы үшін жұдырықтасады. Бұл туралы спортшының менеджері Зия Әлиев мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.

Нұр-Сұлтандағы Jekpe-Jek сарайында өтетін бокс кешінде IBO-ның негізгі чемпиондық белбеуі сарапқа салынады.

"Бокс кеші Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналады. Бұл – барша азаматтарға арналған тамаша сыйлық. Ол күні әлемдік деңгейдегі бокс кеші болады. Себебі рингке Қазақстан мен әлемнің ең мықты боксшылары шығады. Басты жекпе-жекте Данияр барын салып, чемпиондық атағымен өз жанкүйерлерін қуантуға тырысады", - дейді Әлиев.

Менеджердің айтуынша, қазақстандық боксшы осы жекпе-жекті ұзақ күтіп, біраз тер төкті. Спортшының командасы да көп жұмыс істеді. IBO да жекпе-жекті ресми түрде растап отыр. Жақын арада қарсыластың аты-жөні белгілі болады.

Данияр Елеусінов – кәсіпқой боксшы, жартылай орта салмақтағы IBF Inter-Continental белдеуінің иегері. 18 желтоқсанда өтетін жекпе-жекте жеңіске жетсе, Қазақстаннан шыққан IBO-ның бесінші чемпионы атанады.

Оған дейін осы белбеуді төрт жерлесіміз ұтқан. Олар – Василий Жиров, Геннадий Головкин (IBF мен IBO-ның қазіргі чемпионы), Бейбіт Шүменов пен Жанат Жақиянов.