"Клуб банкротқа ұшырады деген қауесет тарады".
ERNUR.KZ. Футболдан Қазақстанның бес дүркін чемпионы "Ертіс" клубы қаржы жағдайына байланысты ел чемпионатына қатысудан бас тартты, деп жазады kaz.nur.kz.
Бұл туралы Павлодар облысы туризм және спортты дамыту басқармасының басшысы Марат Айдашев мәлім етті.
Оның сөзінше, клуб жиналыс өткізген. Онда осы жылдың қаңтар айында қабылданған қаржылық міндеттемелерді орындау мүмкін емес екені айтылды.
"Команданың бас демеушісі бұл жобаны қаржыландырмайды. Біз де тиісті қаржыны төлей алмаймыз. Ал қарыз күн сайын жиналып жатыр. Сол себепті біз жағдайды түсініп, чемпионатқа қатыспайтын болдық", – деді ол.
Айдашев чемпионатқа қатыспаудың басты себебі легионерлердің келісім шарттарын төлеуге қаражаттың жетіспеуі екенін жасырмады. Клубты қаржыландыруға 1,8 миллиард теңге, демеуші есебінен 1,6 миллиард жоспарланған екен. Оның айтуынша, жыл басынан бері демеушілер 200 миллион теңге бөлген.
"Оларда бұдан артық ақша жоқ. Бюджеттен 183 миллион теңге төленді. Қалған 1,6 миллиард теңге Ақсу, Екібастұз футбол клубы орталықтарына беріледі. Олар Қазақстан чемпионатына қатысады" – деді Айдашев.
Павлодар облысы туризм және спортты дамыту басқармасының басшысы клуб банкротқа ұшырады деген ақпаратты жоққа шығарды.
"Клуб банкротқа ұшырады деген қауесеттер тарады. Алдағы уақытта клуб банкротқа ұшырамайды. Қаржыны үнемдейміз. Салықтар бойынша не істеуге болатынын көреміз, қылмыстық істің қорытындысын күтеміз", – деп сөзін қорытындылады ол.