Футзалдан Еуропа чемпионаты: Қазақстан құрамасы Украинаға жол берді

0
570

Аталған ойында топтық кезеңдегі алған сары қағазына байланысты Эдсон мен Тайнан алаңға шыққан жоқ.


Футзалдан Еуропа чемпионаты: Қазақстан құрамасы Украинаға жол берді

ERNUR.KZ. Футзалдан 2022 жылғы Еуропа чемпионатында Қазақстан құрамасы ширек финалдағы ойынын Украинаға қарсы өткізді, деп жазады ҚазАқпарат.

Аталған ойында топтық кезеңдегі алған сары қағазына байланысты Эдсон мен Тайнан алаңға шыққан жоқ.

Кездесу барысында алғашқы минуттан қазақстандық футзалшылардың басымдығы байқалды. Дегенмен оларға сәттілік жетпей жатты. Есесіне украиналық футболшы 14-минутта қазақстандық құраманың айып алаңында құлап, төреші пенальти белгіледі. Оны Пётр Шотурма мүлт жібермей, осылайша Украина алға шықты.

Екінші кезеңде украиналық Михаил Зварыч 29-минутта басымдықты арттырды. Одан кейін 33-минутта қазақстандық құрамадан Дуглас Жуниор есеп айырмасын қысқартса, 37-минутта Біржан Оразов мергендік танытты. Бұдан кейін украиналық құрамадан Владимир Разуванов 38, Ярослав Лебедь 39-минутта бос қалған қақпаға гол соғып кетті.

Осылайша Қазақстан қарсыласына 3:5 есебімен жол берді. Енді жарысты Украина құрамасы жалғастырады.

Еске салсақ, Қазақстан құрамасы В тобында сынға түсті. Алғашқы ойында Словениямен (4:4) тең түсіп, одан кейін Финляндияны (6:2) және Италияны 4:1 есебімен тізе бүктірді. Нәтижесінде 7 ұпаймен бірінші орын алды.

Бүгін ширек финалда Португалия Финляндиядан 3:2 есебімен басым түсіп, жартылай финалға шыққан алғашқы құрама атанды.

Енді 1 ақпанда Испания мен Словакия, Ресей мен Грузия шеберлік байқасады.

Жартылай финалдық ойындар 4 ақпанға белгіленген. Ал 6 ақпанда финал және 3-орын үшін ойындар болады.

Еуропа чемпионаты 1996 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бүгінге дейін Испания - 7, Италия - 2, Ресей мен Португалия 1 мәрте чемпион атанды.

Айта кетсек, Қазақстан құрамасы бұған дейін Еуропа чемпионаты финалдық сатысында екі мәрте сынға түсті. 2016 жылы - 3, 2018 жылы 4-орын алды.