Головкин Шереметаны техникалық нокаутпен жеңіп, рекорд орнатты

0
1 438

АҚШ-та Геннадий Головкин мен польшалық боксшы Камил Шереметаның жекпе-жегі өтті.


Головкин Шереметаны техникалық нокаутпен жеңіп, рекорд орнатты

ERNUR.KZ. Орта салмақта IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин кәсіпқой бокстағы 41-ші жеңісіне қол жеткізді, деп жазады Tengrinews.kz.

Қазақстандық боксшы Холливудта (Флорида штаты, АҚШ) өткен бокс кешінің басты жекпе-жегінде поляк Камил Шереметамен жұдырықтасты. Бұл кездесуде Головкин өзіне тиесілі IBF және IBO белбеулерін қорғады.

Бірінші раундтың соңына қарай Головкин польшалық боксшыны нокдаунға түсірді. Екінші және төртінші раундта да Шеремета нокдаунға бір түсіп алды. Кездесу толығымен Головкиннің басымдығымен өтті.

Жекпе-жек тағдыры 7-раундтан кейін шешілді. Шеремета кездесуді жалғастырудан бас тартты. Қазақстандық боксшы техникалық нокаутпен жеңді.

Осылайша, Головкин кәсіпқой рингтегі 41-ші жеңісіне жетті, оның 36-сын нокаутпен аяқтады. Бұдан бөлек еншісінде бір тең есеп пен бір жеңіліс бар. Ал Камил Шеремета карьерасында алғаш рет жеңіліп отыр. Бұған дейін поляк 21 жекпе-жекті (5-еуі нокаутпен) жеңіспен аяқтаған еді.

Айта кетейік, GGG бұл жекпе-жектен кейін орта салмақ рекордын қойды. 1995-2005 жылдар арасында америкалық Бернард Хопкинс әлем чемпионы титулын 20 рет қорғап, рекорд қойған еді. Ал Шереметаға қарсы жекпе-жекте Головкин титулдарын 21-рет қорғап қалды.