Қазақстан баскетболшылары Мажарстанда өтетін әлем кубогына қатысады

0
965

D тобына түскен Қазақстан құрамасы Украина, Литва, Бахрейн және Бразилия ойыншыларымен кездеседі.


Қазақстан баскетболшылары Мажарстанда өтетін әлем кубогына қатысады

ERNUR.KZ. 3х3 U-18 турнирін Халықаралық баскетбол федерациясы 2001 жылдан бері өткізіп келеді. 18 жасқа дейінгі жастар ұлттық құрама командалары арасындағы ірі додада кіл мықтылар бақ сынамақ, деп жазады ҚазАқпарат.

D тобына түскен Қазақстан құрамасы Украина, Литва, Бахрейн және Бразилия ойыншыларымен кездеседі.

Құрама бапкері Ривхат Бабекенов жаттығу жиындарының қалай өткені, жастардың жалпы дайындығы, Қазақстанның бұл турнирдегі мүмкіндіктері жайында пікір білдірді.

«Жаттығу жиындары жақсы деңгейде өтті. Менің қолымда 6 кандидат болды. Радислав Родионов, Степан Якубович, Әмір Ташимов, Эльдар Хилажев, Әнуар Аргинбаев және Тимур Батыркул. Тек алғашқы екі бала бұрын бірге ойнаған, олардың бірі Радислав Родионов өткен жылғы жастар Әлем Кубогында өнер көрсету тәжірибесі бар, қалған үміткерлер түрлі командалардан жиналған. Біздің қойған мақсат міндеттеріміздің бірі де сол болды: олар бір-бірін жақсы түсініп, қалай жұмыс істеу керектігін білу үшін ойынды ұйымдастырдық. Бұл біздің қолымыздан келді деп ойлаймын. Жалпы, ұлттық құраманың ойыншыларын даярлаудың жеке кезеңі қанағаттанарлық жағдайда. Біз жаттығуды шамамен бір ай бұрын бастадық. Алдымен біз дене шынықтыруға назар аудардық, содан кейін командалық қарым-қатынасқа көңіл бөлдік. Осы мүмкіндікті пайдаланып Forum Hoops ұйымына алғысымды айтқым келді. Олар бізге жаттығу процесіне ыңғайлы кесте бойынша ойын алаңын ұсынды», - дейді ол.

Сондай-ақ, ол Қазақстанның биылғы қарсыластары жөнінде де сөз қозғады.

«Осы жылы біз Украина, Литва, Бахрейн және Бразилия құрамаларымен бір топқа түстік. Бұл әлем чемпионаты болғандықтан оң жамбасымызға келетін оңай қарсылыс болады деу қиын. Сондықтан, біздің мүмкіндіктерімізді ескере келе, Қазақстанның әлемдік деңгейдегі жарысқа шығуының өзі үлкен жетістік деп ойлаймын. Әрине, біз шайқасқа дайынбыз. Барымызды салып, біздің елде де 3х3 баскетбол бар екенін көрсетіп, жеңіске ұмтылмақ ниеттеміз. Дегенмен, жоғарыда аталған әрбір құраманың өз мықты тұсы бар. Жақсы ойын болады деп сенеміз», - деді бапкер.

Айта кетелік, Қазақстан командасы алғашқы матчты Литваға қарсы өткізеді.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы Ривхат Бабикеновтың жетекшілігімен 3х3 баскетболдан жастар құрамасы әлем кубогының ширек финалына дейін жетті.

Қазақстан құрамасы алғашқы ойынын 24 тамыз күні Литва құрамасына қарсы өткізеді.

U18 Әлем кубогы 28 тамызға дейін жалғасады.