Қазалылық қария мыңнан астам желаяқтың арасында алтын медальді ұтып алды.
ERNUR.KZ. Қызылорда облысы Қазалы ауданының 83 жастағы тұрғыны Аққоян Ырсалиев Түркияның Анталия қаласында өткен халықаралық турнирде чемпион атанды, деп жазады ҚазАқпарат.
Халықаралық жарыста түркиялықтармен бірге Франция, Германия және Қазақстаннан жасы сексеннен асқан спортшылар қатысты. Жүгіруді жастайынан жанына серік еткен қазалылық қария мыңнан астам желаяқтың арасында алтын медальді ұтып алды.
Теміржол саласының ардагері Аққоян Ырсалиев жастайынан салауатты өмір салтын ұстанады. Оқушы кезінде бокспен айналысқан. Азаматтық борышын әуе-десант әскері қатарында өтеген ол парашютпен 281 рет секірген.
Бүгінде қария ардагерлер арасында өтетін дойбы, шахмат, нысана көздеу, жүгіру жарыстарында жүлделі орындар алып жүр. Сондай-ақ, күн сайын таңертең жүгіріп, жаттығу жасайды. 2011 жылдан бері Алматы марафонына қатысып жүр. 2015 жылы аталмыш жарыста алтын медаль алды.
Сергектікті серік еткен қария күн сайын кемінде 10 шақырым жүгіреді. Ал жарысқа барар алдында 30 шақырымды бағындырады.