Шара кезінде облыс әкімі Оңдасын Оразалин өңірдің экономика, денсаулық сақтау, әлеуметтік салаларының дамуына сүбелі үлес қосып, қоғамдық өмірге белсенді атсалысып жүрген ақтөбеліктерді марапаттады.
ERNUR.KZ. Ақтөбеде Тұңғыш Президент күніне арналған «Тәуелсіз ел Елбасы жолымен» атты салтанатты шара өтті. Онда Токио Олимпиадасының қола жүрдегері Нұрислам Санаев «Жомарт жүрек» медалімен марапатталды, деп жазады ҚазАқпарат.
Шара кезінде облыс әкімі Оңдасын Оразалин өңірдің экономика, денсаулық сақтау, әлеуметтік салаларының дамуына сүбелі үлес қосып, қоғамдық өмірге белсенді атсалысып жүрген ақтөбеліктерді марапаттады.
Атап айтқанда, «Жомарт жүрек» медалі еркін күрес шебері Нұрислам Санаевқа, меценаттар Алмабек Төлепов, Досбол Бакенов пен Алдамберген Жолдасовқа, «Жылдың үздік ұйымы» аталымы Дөң кен байыту комбинатына берілді. Тағы алты адам «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін алды. Бұдан өзге, «Казхром» ТҰК АҚ президенті Арман Есенжолов, облыстың бас инфекционист-дәрігері Мейрамбек Құрманғазин, кәсіпкер Владимир Гринберг, мүсінші Жеңіс Жұбанқосов, полицей Мұратбек Нұрмағамбетов пен белсенді Нұржан Оразов «Жыл адамы - 2021» атағын иеленді.
«Егемендіктің отыз жылдық мерейлі жылында ел тарихындағы елеулі кезеңді бастан өткерудеміз. Осы уақыт өлшеміндегі жетістіктерді Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтай біртуар тұлғасыз елестету қиын. Ол ғасырларға жүк болар ауқымды істерді атқарды. Әлемдік тәжірибеде зайырлы елдер, түрлі кезеңде мемлекет басқарған қандай тұлға болмасын оның болмысына зор құрметпен қарайды. Біздің бүгінгі атап отырған Тұңғыш Президент күні сондай құрметтің нышаны.
«Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» дейді қазақ. Өздеріңіз жақсы білесіздер, мен Елбасының жанында жүріп он екі жыл қызмет жасадым. Елдің қамы үшін тынымсыз еңбегінің куәсі болдым. Бүгінгі біз көріп отырған жетістіктердің қай-қайсысы болсын, оңайлықпен келмегенін көзіммен көрдім. Жеке тұлға ретіндегі қасиеттерін де ерекше сезінген адаммын. Еркіндік алып, өз алдымызға ел болу, ата-бабаларымыздың асыл арманы еді. Сол арманды іске асыру Елбасына, оның нәтижесін көру біздің бағымызға бұйырды«, - деп атап өтті облыс әкімі Оңдасын Оразалин.