​Вьетнамдықтан жеңілген қазақ қызы: еркек екенін сезсем де, соңына дейін жұдырықтастым

0
2 029

Оны шешіндіріп, тексерген. Жынысын ауыстырған болып шықты. Ұл екені тек ДНҚ нәтижесінде анықталды.


​Вьетнамдықтан жеңілген қазақ қызы: еркек екенін сезсем де, соңына дейін жұдырықтастым

Таиландта өткен Азия чемпионатында қызық жағдайға тап болған боксшы қыз Еркежан Дәулетжанқызы жекпе-жек туралы айтты, деп хабарлайды ERNUR.KZ. sputniknews.kz сайтына сілтеме жасап.

Сәуір айында Таиланд астанасы Бангкокта бокстан жастар арасында Азия чемпионаты өткен болатын. Финалда шығысқазақстандық Еркежан Дәулетжанқызы вьетнамдық қарсыласынан жеңіліп қалған еді. Алайда кейінірек оның қыз емес, жынысын ауыстырған ұл бала екені анықталды.

Еркежаның айтуынша, ол финалдық жекпе-жек кезінде қарсыласының ұл екенін іштей сезген. Бірақ намысы жібермей, соңына дейін жұдырықтасуға бел буыпты.

"Жекпе-жек кезінде еркек екенін сездім. Себебі маған қиын болды, жылдамдығым жетіспеді, физикалық жағынан да менен мықты еді. Айқастан кейін бапкерлер ДНҚ жасаймыз деді. Нәтижесі белгілі болған соң, маған хабарласып, "ұл болып шықты" деді. Бір жағынан қуандым, екінші жағынан қатты әсері болмады. Қанша дегенмен өзім ұтқан жоқпын ғой", - дейді боксшы қыз.

Еркежан вьетнамдық "қызбен" рингте алғаш рет кездесіп тұр екен. Айтуынша, жекпе-жек алдында оның қарсыласын шешіндіріп тексерген.

"Оны шешіндіріп, тексерген. Жынысын ауыстырған болып шықты. Ұл екені тек ДНҚ нәтижесінде анықталды. Әдетте боксшыларды ұл, қыз ба деп әр жекпе-жек сайын тексермейді. Тек сырт келбеті күдік туғызатын спортшыларды ғана. Мәселен, мені тексерген жоқ", - деді ол.

Қазір боксшы қыз әлем чемпионатына дайындалып жүр.

"Егер маған бірінші орынды берсе, 2018 жылы Аргентинада жастар арасында өтетін Олимпиадаға жолдама аламын", - деді ол.

16 жастағы Еркежан Дәулетжанқызы қазір Өскеменде. Қазақ қызы бокс әлеміне 4 жыл бұрын келіпті. Алғашқы бапкері – әкесі Дәулетжан Сүбжанов екен. Ал қазір Арман Тыныбаевтың қол астында жаттығып жүр. Еркежан екі мәрте – 2016 және 2018 жылдары Қазақстан чемпионы атанды. Германия, Украинада өткен сайыстарда топ жарған.