Шардарада соңғы жылдар бедерiнде волейбол спорты да жақсы дамып келедi. Әсiресе, жасөспiрiм қыздардан құралған аудан командасы облыс бойынша бас бәйгенi бермей келе жатқанына 3-4 жылдың көлемi болды.
Түркістан облысы, Шардара ауданының жеңiмпаз волейболшы қыздарын аудан әкiмi Болатбек Қыстауов арнайы қабылдап, сый-құрмет көрсеттi, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қимылы ширақ шардаралық волейболшы қыздар Түркiстан құрамасының сапында өнер көрсетiп, республикалық жарыстарда да топ жарып жүр. 2005-2006 жылы туылған жасөспiрiм волейболшы қыздар Петропавл қаласында өткен жазғы республикалық чемпионатта II орынды иеленiп қайтып едi. Жуырда ғана Павлодар облысының Екiбастұз қаласында өткен Қазақстан Республикасының күзгi чемпионатында осы команда тағы да үздiк өнер көрсетiп, жүлделi III орынды бағындырды. Петропавл және Павлодар облыстарынан кейiнгi үшiншi орынды бағындырған Түркiстан облысының құрама командасын толықтай шардаралық волейболшы қыздар құрап отыр.
– Шардарада армрестлинг, қазақша күрес, гир көтеру сияқты спорт түрлерiнен әлем чемпиондары шығып жатқанын жақсы бiлесiздер. Сол сияқты қыздардан құралған волейболшыларымыз да республика көлемiнде жеңiс тұғырынан көрiнiп жатқаны бiздi қуантады. Ел чемпионатына қатысып, жүлдемен оралғандарыңа құтты болсын айтамын, – дедi Болатбек Дүйсенбекұлы.
Аудан әкiмi мұнан соң облыс командасының толық құрамын құрап отырған шардаралық жасөспiрiм волейболшы қыздарға, атап айтқанда команда капитаны Кәдiрхан Аяна, ойыншылар Тiлек Нейла, Жарылқап Анар, Айдар Айша бибi, Сейдiллә Гүлзира, Танабай Мерей, Сәрсенбек Айша, Жұмахан Ләззат, Тiлек Мереке, Мұсабек Дана, Самоусева Анна, Джиянова Севинч есiмдi спортшылар мен олардың бапкерлерi Еркiн Қалдаров, Ербол Сәкиев, Нұрғали Айнабековтерге Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар тарту еттi.
Дереккөз: Шардара ауданы әкiмiнiң баспасөз қызметi