Гүлназ Ауданбаева, тележурналист, актриса, әнші-сазгер.
Музафар Әлімбаевтің «Талант-табиғаттан, талап – өзіңнен» деген әдемі сөзі бар екен. Бүгінгі кейіпкерімізге де табиғат талантты үйіп берген, оның бәрін шыңдап келе жатқандығы өзіндегі талаптан болса керек-ті. Танымал тележүргізуші, актриса, әнші, сазгер Гүлназ Ауданбаевамен әсем Алматының орталық саябағындағы өзеннің жағасында отырып біраз сырластық...
Қарашаш Есенбай: Гүлназ, қайырлы кеш! Сізде журналиссіз ғой, сондықтан шабыт шақыратын әдемі жерден орын алып қойдым (күліп)...
Гүлназ Ауданбаева: Шынында керемет жер екен, желіге жүктеу керек қой (күліп).
Қарашаш Есенбай: Адамдар қолдан түзетіп, әдемілігін асырып қойған табиғатқа қарап, сіздің желідегі «Тағдырдың түрлі тұстары, Түзетуіңізді күтер ме?» деген жазбаңыз есіме түсіп отыр. Шынында тағдырды түзетуге бола ма, өзіңіздің жолыңызда түзеткіңіз келетін тұсы бар ма?
Гүлназ Ауданбаева: Тағдырымда қайталағым келмейтін дүниелер бар! Бірақ мен тағдырды түзету қажет емес деп ойлаймын. Себебі адам түрлі-түрлі нәрселерді көру арқылы ақылына ақыл қосады. Тағдырдың түзетуге келмейтіндігі де жақсы шығар!?Өйткені өткеннен сабақ алып, соны қайталамауға тырысасың.
Қарашаш Есенбай: Сіздің сұқбаттарыңыздан байқағаным телевидениеге кездейсоқ келгеніңізді, арманыңыз болмағанын жиі айтасыз. Бірақ бойыңызда талант жетеді. Соңғы кезде киноға түсіп, әншілік қырларыңызды көрсетіп жүрсіз. Кейде кеш бастадым-ау деген өкініш болмай ма?
Гүлназ Ауданбаева: Иә, алғаш Алматыға көшіп келген уақытта «Жаңалықтарда ұзақ отырып қалыппын ғой» деген ойлар болған. Бірақ кейін ол ойлауым әділетсіздік шығар дедім. Өйткені жаңалық жүргізу, саяси тақырыптарды көтеру арқылы журналист ретінде қалыптасып, интеллектуалды тұрғыда өсіп, жалпы Гүлназ Ауданбаева ретінде кеңінен танылған кезеңдер болды. Ол үшін ризамын және жаңалықтарды жүргізуге рұқсат берген әр кезеңдегі басшыларым Бибігүл Жексенбай, Еркін Таңатқанұлы, Бақыт Әлпейісоваларға алғысымды айтамын. Алматыға көшіп келгенімде өмірімде 180 градуска өзгеріс болды. Өнерге жақындай бастадым, кейді «әншімін» деп қалжыңдап қоямын. Кәсіби әнші болмасам да, дауысым жағымды, әндерім ойландыратын дүниелер. Сондықтан бір айтып қойып кеткен жоқпын, өзімнің жаным үшін айтамын! Негізі бұл қабілеттер Алматыға келгенде ашылды. Бұрын ыңылдап жоғарыдағыдай «Түзетулеріңді күтер ме?» деген сияқты бір-екі шумақ миымда жүретін. Бала күнімде пианино-фортепиано сыныбын бітіргенмін. Сол кезде пианиноға бара қалсақ әдемі әуендер ойналып жататын, кейін журналист болып жүргенімде де ыңылдап әуендер шығарып жүретінмін. Бірақ оған аса мән берген емеспін. Осы Алматыға келгенім бойымдағы өнерімді көрсетеуге берілген мүмкіндік секілді. Осында алғаш рет қолыма диктафон алып, «мына әнді ұмытып қалмайыншы» деп басып алдым, сол кезде бірден сөзі де құралды.
Қарашаш Есенбай: Диктофонға басылған алғашқы әніңіз не туралы еді?
Гүлназ Ауданбаева: Махаббат, өмір, әйелдің жан-күйі туралы. Екінші әнім өздеріңіз тыңдаған «Тағдырмен сырласу». Алматыға енді келіп жатқан кезімде әкем өмірден озды. Ол да ішімдегі жай-күйімнің ашылуына әсер етті. Қазір де бірнеше әндер жазылып тұр, тек студияға барып өңдету керек. Реті келгенде жазармын, бейнебаян түсірермін деп ойлап жүрмін. Қазір нақты уақытым мен қаражатымды бөліп, талпынып жүрген жоқпын!
Қарашаш Есенбай: Продюсерлерден ұсыныс түспеді ме?
Гүлназ Ауданбаева: Өткенде бір қызық болды. Танысыммен сөйлесіп отырған кезде «дауысың әдемі екен» деген болатын. Кейін танымал бір продюсермен болған жазбаларын көрсетті. Оған менің әнімді жібергенде, ол: «Мына әнді бес рет тыңдап, кете алмай отырмын...» депті. Қалаға келгенде жолыққысы келетінін де айтыпты. Бірақ мен аса мән бермей, «продюсермен жұмыс істемеймін» дедім. Оған қоса ол танымал продюсер менің бойымды сұрап, өзінің стиліндегі киімдерді кие ме деп сұраған екен. Ондай ашық-шашық киімдерді кигім келмейтінін, өзімнің принципі бар әнші болатынымды айтқаннан кейін, бұл тақырып жабылып қалды. Бір жағынан оларды да түсінемін. Шоу-бизнестің нарығына сай болғысы келеді ғой.
Қарашаш Есенбай: Енді актрисалық өнеріңіз туралы да айтсақ...
Гүлназ Ауданбаева: Ол үшін де Алматыға көп рақмет(Күліп)! Тағдыр қызық, кейде Алматыға бұрын келуім керек еді деп ойлаймын. Өйткені мені 2006 жылы Назира Бердалы «Таңшолпан» бағдарламасына шақырған болатын. Астанадан келіп кастингтерінен өтіп кеткенмін, бірақ келе алмадым. Астанада қалуым керек болды. Өткенде «Таңшолпанға» келгенімді естіп Назира «Орныңды таптың, құтты болсын!» деп жазып жатыр. Өмір қызық...
Қарашаш Есенбай: Негізі өнер адамдарының жолы Алматыда басталып, Астанамен жалғасып жатады ғой. Сіздің студенттік ғұмырыңыз, мансабыңыз Астанада басталып, Алматымен жалғасқаны қызық екен...
Гүлназ Ауданбаева: Оған барлығы таң қалады (күліп). Киноға қатысты Астанада бір рет Талғат Теменовтың бір жобасында эпизодқа түсіп жүргенмін. Алматыға келген соң киноның айналасында жүрген әпкелеріме «Кастингке шақырыңыз, эпизодқа түсіп кетейін» деп сөз арасында айтқаным да бар. Бірде Қазақфильмде өтіп жатқан кастинге бардым, келіншектің рөліне адам іздеп жатыр екен. Сондағылар «Гениально» деп баға берген болатын. Бірақ белгісіз себептермен ол рөл маған бұйырмады.
Ал «Жаным менің» фильміне кездейсоқ келдім. Бірде жұмыс бабымен кино саласындағы бір кісінің нөмірін іздедім. Оны білетін адамның нөмірі сөндірулі екен. Ойыма Талғат Теменовтың киносын түсіргенде жүрген Құралай деген ассистент қыз есіме түсті. Ол "Жаным менің" фильмнің екінші режиссері екен. Сол қызға хабарласып едім, ол: «Бізде кастинг болып жатыр, сіз келіңізші»-, деді. Кейін Арман аға хабарласып шақырды. Ол рөлге бір айдан бері бірнеше адам келіп-кетіп жүрген, бірақ көңілден шыққан ешкім болмаған. Құралай танымал актрисаларды ұсынғанда режиссер қабылдамады деп те айтқан болатын.
Қарашаш Есенбай: Көпшілікті баураған «Жаным менің» киносының түсірілімі жайлы айтып кетейікші. Арман аға ол қыз жайлы сізге ақпарат айтпағанын білдік, бірақ өткенде ағаның өзі Жанымның тағдыры өмірде кинодағыдан да 10 есе ауыр болғанын айтты. Сондай ауыр рөлді сомдау қиындық тудырмады ма? Қорқыныш болмады ма?
Гүлназ Ауданбаева: Жоқ, қайта мен бұл рөлге қуандым. Өте терең рөл, өмірден қиындық көрген, бірақ ішкі мені мықты әйелдің рөлін ойнау керісінше ұнады. Ең алғашқы түсірілім бастағанда күн жаңбырлы болғаны есімде. Сол күні мейрамханада құрбыма сырымды ашатын тұсын түсірдік. Шынымды айтсам, мүлде қобалжу болған жоқ. Режиссеріміз «Гүлназ, былай-былай жаса, барлығы жақсы болып жатыр» деп бірден қолдау көрсетті. Киноның жақсы шыққаны, ұжымның мықты болғандығы. Барлығы дерлік телевизия саласындағы мамандар. Атап айтар болсақ, бас продюсер өздеріңіз білетін Арман Сқабылұлы, бас режиссер Бақыттас Санитас та телевизиядағы мықты мамандар. Телеарнағада жүргендер үнемі шынайылықты суырып алады ғой, фильмнің ұтымды шығуына оның да септігі болды.
Қарашаш Есенбай: Сіздің мінезіңіз бен тағдырыңыздың Жанымға ұқсайтын тұстары бар ма?
Гүлназ Ауданбаева: Жалпы тағдыры демеймін, бірақ мінезіміз ұқсайды. Бір таңқаларлығы сол кинодағы бір диалогымда айтқан сөзімді өмірде де айтқанмын. Сол ұқсастығымен жеңіл болған шығар. Ал рөліме көрермен бағасын бере жатар, әзірге жақсы пікірлерді көп естідім. Күйеуімен өте суық Жанымның, Арманға барғанда қалай өзгеретінін көрдіңіздер. Мен бір шаблонмен жүргім келген жоқ. Екі түрлі образды бергім келді.
Қарашаш Есенбай: Өмірде Гүлназдың жеке өмірі қандай?
Гүлназ Ауданбаева: (Күліп) Ол туралы ештеңе айтқым келмейді. Өйткені жеке өмір қымтап ұстайтын нәзік дүние ғой.
Қарашаш Есенбай: «Тағдырмен сырласу» деген әніңізде «Өмір, маған жаңа сурет үйретші» дейтін жолы бар. Алдағы уақытта Гүлназдың қандай суретін салғыңыз келеді?
Гүлназ Ауданбаева: Құдайға шүкір, менің қазіргі сәтім де әдемі. Әр сәттің өзінің әдемілігі болады, соны бағалау керек екен. Тіпті менің өткенімнің де өзінің әдемілігі бар. Тек біз оны кейін байқаймыз.
Ал өзіме болашақта отбасымда бала-шағамның қасында жүрген, бірақ қоғамдық тұлға ретінде қалыптасқан берекелі әйелдің картинасын елестетемін. Бақшасы бар, жылқысы бар аулада немерелеріне әже болып отырған Гүлназ бен шалын елестетімін.
Қарашаш Есенбай: Алла сізге соны бұйыртсын деп тілеймін! Немере демекші, бірде сіз өзіңіздің бала асырап алғыңыз келгенін айтқан екенсіз, әлі де сол ойдасыз ба?
Гүлназ Ауданбаева: Әумин, айтқаныңыз келсін! Бала асырап алу туралы ойым болған. Болашақта өзімнің балаларым болар деген үміттемін. Бірақ сол кезде де кемі бір баланы қомқорлығыма алып, сауапты іс жасап Алланың ризашылығын алғым келеді.
Қарашаш Есенбай: Сол уақытта бала асырап алу үшін қиындықтар болған сияқты, 2 жылдай күту керек депсіз. Жалпы осы қиындықты бала асырап алғысы келетін ата-аналардың көбі айтады. Осы мәселені жою үшін не істеуіміз керек деп ойлайсыз?
Гүлназ Ауданбаева: Иә, бір кездері балалар үйіндегі балалардың жәутеңдеген көздері мені қатты толқытқан сәтте, бала асырап аламын деген оймен Астанадағы жетімдер үйіне хабарласқан болатынмын. Сол уақытта «Бізде бала асырап алғыңыз келсе, бір жарым жыл күтесіз!»-, деді. Өйткені Астананың өзінде 3000 ата-ана кезекте тұр екен. Кейін осы мәселені телеарнадағы бағдарламалардың бірінде қозғағанда студияға келген ата-ана болғысы келетіндер де осыны айтты. Бірақ баланың құқығын қорғаумен айналысатын құзырлы органдар бұл мәселені жоққа шығарды. Кейін өзім зерттеп түйгенім, баланы беруге балалар үйі құлықсыз сияқты. Өйткені әр балаға айына шамамен 150 000 теңге бөлінеді екен. Олар да балалардан айырылып қалғысы келмейтін шығар? Бірақ мен оларды кінәлағым келмейді.
Жалпы осы мәселе туралы журналист ретіндегі менің ойым, балалардың тағдырын жетімдер үйінің басшысы шешіп отыр. Керісінше оны шешетін қоғамдық ұйым құру керек.
Қарашаш Есенбай: Жаңа бір сөзіңізде қоғамдық белсенді тұлға болып қалғыңыз келетін айттыңыз. Қазірде қоғамдық жұмыстарға да араласып жүресіз. Өткен жылы «Жас медия» жобасымен Қазақстанның бірнеше қалаларында болып қайттыңыз. Жастармен жұмыс істедіңіз, олардың қарымы қалай екен?
Гүлназ Ауданбаева: Әр өңірдің өзіндік ерекшелігі бар екен. Кейбір өңірде пассивный жастарды да көрдік. Оған себеп - өңірдің тәрибесі. Кей өңірлерде «Сен осы қалада қаласың, сен ешқайда кетпейсің, ата-анаңмен қара шаңырақта қаласың!» -, дейді. Керемет ұғым, бірақ ол балаға қатты әсер етеді екен. Олар: «Әй, мен осы жерде қалам» деп талпынбайтын болуы мүмкін. Іштерінде құлшыныс бар, білімді, бірақ сол ата-ананың сызып қойған шекарасынан аса алмайды. Ал енді бір өңірлердің балалары еркін тәрбиеленген.
Қарашаш Есенбай: Өзіңіз 20 жасыңыздан бастап телеарналарда жұмыс істеп жүрсіз ғой. Теле маман ретіндегі қазіргі қазақ телевизиясына деген көзқарасыңыз қандай?
Гүлназ Ауданбаева: Бізде жақсы мамандар өте көп. Бірақ оларда «Алар асуымызды алдық» деген ой болады. Сондықтан мотивация жоқ. Мотивация болмағаннан кейін олар өздерінің сюжеттерін жанып тұрып жасамайды. Бір сыдырғы материалдарын әкеліп беретін әріптестерімді көрдім. Ол адамның білімсіздігіннен емес, мотивацияның жоқтығыннан. Ішінде қайнап тұрған дүниені сыртқа көрсете алмайды. Сондықтан журналистерге ары қарай дамисың деген мотивация керек-ау деп ойлап қаламын.
Қарашаш Есенбай: Өзіңіз мотивацияны қайдан аласыз?
Гүлназ Ауданбаева: Ол менің ішімде бала күннен бар дүние. Алла тағаланың, ата-анамның берген жақсы сыйы деп ойлаймын. Мен ары барғанда 1-2 күн ғана мүжіліп жүруім мүмкін. Үшінші күні қайтадан басымды көтеремін! Ол үшін Аллаға мыңда бір рақмет айтамын.
Қарашаш Есенбай: Сізден 2 жыл бұрын сұқбат алған кезде өзіңіздің дүкеніңізді ашып, кәсіппен айналысып жүргеніңізді айтқан едіңіз... Ол ісіңіз қалай болып жатыр?
Гүлназ Ауданбаева: Мен көп нәрсемен айналысып жүремін. Ол да сол кездегі кезекті дүние болды. Оны жасадым, менікі еместігін түсіндім де жаптым.
Қарашаш Есенбай: Кәсіпкер Гүлназды көрдік, әнші, ақын, тележүргізуші Гүлназды көрдік. Енді қандай Гүлназды көруіміз мүмкін. Қазір үйренгіңіз келіп жүрген қандай сала бар?
Гүлназ Ауданбаева: Иә үйренгім келетін сала бар ғой. Мен негізі ағылшын тілінің мұғалімін, енді тілімді жаттықтырып, курсқа барамын ба деп отырмын. Бірақ мен шет елге асықпайды екенмін. Маған "Болашақпен» неге кетпейсің?" деп көп айтты, білмеймін менің кеткім келмейді. Игіліктердің бәрі мені осында күтіп тұрған сияқты. Осында дамығым келеді, журналистика саласына қатысты кітап жазғым келеді. Арасында ютуб арнама дауыс қою бойынша білгендеріммен бөлісіп жүрмін.
Қарашаш Есенбай: Осы жоспарларыңыздың орындалуына тілектеспін. Шабыт пен қуат тілеймін! Сұқбатқа келісіп, уақыт бөлгеніңіз үшін рақмет!
Гүлназ Ауданбаева: Сізге де рақмет, шығармашылық табыстар тілеймін.
Фото жеке мұрағаттан алынды.
Автор: @karashash_esenbay