Құралай Анарбекова: "Қаржылық жағынан тәуелсіз әйел болғым келеді"

0
5 354

Халық "Жау жүрек. Мың бала" арқылы таныған өжет қызды өткен жылы тағы бір жаңа қырымен таныған болатын. Құралай Анарбекова жақсы актрисадан бөлек, жақсы басқарушы. Бұл жолы біз Құралайды кәсіпкер ретінде тануға тырыстық.


Құралай Анарбекова:

Халық "Жау жүрек. Мың бала" арқылы таныған өжет қызды өткен жылы тағы бір жаңа қырымен таныған болатын. Құралай Анарбекова жақсы актрисадан бөлек, жақсы басқарушы. Бұл жолы біз Құралайды кәсіпкер ретінде тануға тырыстық.

- Сәлем, Құралай! Өзіңіздің «Жау жүрек. Мың бала» фильмінен кейін Мәскеге оқуға түскеніңізді білеміз. Елге келіп кәсіппен айналысуды да бастап кеткеніңізге бірнеше жыл болды. Бірақ өзіңіз туралы айта бермейсіз. Соңғы жаңалықтарыңызды оқырманмен бөлісуге қалай қарайсыз?

- (Күліп) Иә, мен өзім туралы ғана емес, кәсібім туралы да көп айта бермеймін. Жұмыстағы әріптестерім «жаңалықтармен бөлісіп, жариялап тұрсаңызшы» деп жиі ескерту жасайды. Қазір өзімнің продюсерлік орталығымда және басқа да салаларда еңбек етіп жүрмін. Халыққа мен ең бірінші актерлік қырымнан танылдым. Маған сол кезде түрлі кино мен сериалдарға түсуге ұсыныстар көптеп келді. Мен ол уақытта 22 жаста едім. Менің алдымда оқу керек немесе жұмыс істеу керек деген екі таңдау тұрды. Ал шамалы кідіріп қалсам, 25-ке келеді екенмін, ол жаста оқуға түсу ұяттау сияқты болды. Сондықтан қазір оқымасам, кейін мүмкіндігім болмас деп Мәскеуге продюсерлік мамандыққа оқуға түстім. Бұл мамандық менің жаныма жақын. Мәскеудегі атақты оқу орнында оқып, сол жақта практикада болдым. Диплом алғаннан кейін, жұмыс істеуге ұсыныс болды, бірақ шынымды айтсам үйге қайтқым келді.

Қазақстанға келгесін Қазақфильмде, жеке меншік компанияларда жұмыс істедім. Ол арқылы мен сапалы өнім шығару керек екенін түсіндім. Сол себепті Астанаға көшіп осы жақта өзімнің жеке меншік компаниямды аштым. Астана бас қала, жас қала болғаннан кейін өзімді осы жерде сынап көргім келді. Ең бірінші Қазақстан телеарнасына сериал түсірген болатынбыз. Киноға қарағанда, сериал түсірудің жұмысы көп екен, бірақ ол маған үлкен тәжірибе болды. Оған продюсерлік жасай жүріп, өзіме үлкен жауапкершілік жүктелгенін түсіндім. Бұрын мен жұмыс берушінің ғана талабын орындайтынмын. Ал өзімнің өніміме продюсерлік ету аздап қорқынышты, бірақ шыңдаласың. Содан кейін бізге түрлі ұсыныстар көптеп келе бастады. Тіпті шетелден де ұсыныстар келді.

Сосын өзімді бизнесте де сынап көргім келіп, аналарға арналған дүкен аштым. Онда Қазақстанда сатылмайтын, осы кезге дейін ғаламтормен тапсырыс арқылы алып келетін аналарға арналған заттар сатылады. Ол дүкеннің ашылуы да ұзақ болды. Себебі ішіндегі әрбір детальға дейін ерекше мән беріп, кеңесіп жасадық. Мен дүкенге кірген адам жайлылықты сезінгенін қалаймын. Одан кейін тазалық пен сапа маңызды. Ол үмітім орындалды да, себебі біздің тұтынушыларымыз үнемі рақмет айтып кетеді.

- Кәсіпкер ханымдардың актриса болып кететінін білеміз, бірақ актрисалардың кәсіпкер болуы сирек. Сізге бизнес леди болуға не түрткі болды?

- Мен өзімнің өскенімді қалаймын. Жоғары жетістікке жету үшін барлығының дәмін татып көру керек. Басында әрине қорқыныш болды. Алғашында өз бағытымыз бойынша барынша анализ жасауға тырыстық. Бізге не жетіспейді, қай тұсымызды өсіру керек деген дүниелерді команда болып ақылдастық. Мен қаржылық жағынан тәуелсіз әйел болғым келеді. Қаржылық жағдайың болса, сен адамдар үшін, елің мен халқың үшін де көптеген пайдалы дүниелер істей аласың.Ол үшін жарқын, креативті, идеясы мол адамдармен командамызды толықтырып жатырмыз.

- Жаңа сөзіңізде қаржылық жағдайым тәуелсіз болғанын қалаймын дедіңіз. Әдетте қиындық көргендердің стимулы осылай болады дейді психологтар. Сізде де таршылық сезінген сәттер болған ба еді.

- Жоқ, шүкір мен кішкентайымнан толыққанды, жеткілікті отбасында өмір сүрдім. Ата-анам мені ештеңеден кем қылған жоқ, әрі еркін өсірді. Мен кішкентайымнан өте белсенді болдым және жұмысқа да ерте араластым. Колледжде оқыған кезімде тегін жұмыс істегенмін, кейін менің қабілетімді көріп жұмысқа алды. Сабақты да жақсы оқып, грантта білім алдым. Кейін Алматыға келгесін Қ. Сәтбаев атындағы Ұлттық университетке түстім, білесіз бе менің мамандығым тіпті бөлек, мұнай саласы. Үнемі Ақтөбеде тұрамын деп ойлаған болсам керек... (Күліп).

- "Әлеуметтік желіге кірмеймін" деген екенсіз бір сұқбатыңызда, қазір бар сияқтысыз. Қағиданы бұзуға не түрткі болды?

- Мен жоғарыда айтқанымдай әр нәрсені бір көрсете бермеймін. Мысалы кімдермен кездескенім немесе шетелге барғаным туралы сурет салып, ақпарат бергім келмейді. Өзіме жақсы ма, жақсы. Ал өзгелерге оны жария етіп не керек? Инстаграмды бұрын өшіріп тастаған едім, фильмге түскен соң, ақпарат жариялап тұру үшін қайтадан аштым.

- Фильм дегеннен шығады, сіз киноға көп түсе бермейміз. Оның себебі неде?

Түсіп жүрген бар, десе де мен баста "сериалға түспеймін" деп айтқанмын. Өзімнің өте жақсы көретін Сатыбалды Нарымбетов (режиссер) ағам бір сөйлесіп отырған кезде, «Құрайлай, егер осы деңгейде қалғың келсе кез келген фильмге түсе берме! Тарихта қалатын кинолардың эпизоды болса да түс!» деп айтқан еді. Және сериалдарға да түспе деген болатын, сол сөзін санамда сақтап келемін. Бірақ кім біледі, жақсы сериалдар болып жатса көрерміз...

- Сіздің кинодағы образдарыңыз қатал, табанды, бірбеткей қыздар. Өмірдегі мінезіңіз қандай?

- (Күліп) Өмірде де мінезім қатал. Сырттан қарасаңыз нәзік болуым мүмкін, керек жерінде нәзікте бола аламын. Достарыммен ашық-жарқын, ал жұмыста қаталмын. Талапшылмын, жауапкершілігім жоғары. Негізі мінезімде қаталдық бар. Мінезің қандай болса, тағдырың да солай болады. Шүкір ол жағынан жолым болды.

- Бұрынғы сұқбаттарыңыздан сіздің сүйіктіңіз бар екенін байқауға болады. Бірақ ашып айтпайсыз, неге?

- Иә, шүкір сүйіктім бар. Ол кісі бұрыннан жанымда. Үнемі мені қолдап отырады, көбінде шетелде жүреді. Өзі де іскер адам. Ал отбасын құру туралы әлі сөз қозғамадық. Ол бұйыртқан күні болады ғой. Тағдыр жазса бір айдың ішінде болмаса, 40 келгенде шығуымда мүмкін.

Фото: kuralay_corich

Автор: Karashash_esenbay

ERNUR.KZ.