"Продюсер әндерімді өшіріп, парақшамды да алып қойды": Танымал әншімен эксклюзивті сұқбат

0
3 587


Ескерту: Автор және редакцияның жазбаша рұқсатынсыз мақаланы көшіріп басуға тыйым салынады.

Қайырлы күн, Иса. Өткен жылы продюсеріңізбен жұмысыңызды тоқтатқаныңызды естіген едік. Қазіргі жұмыс қалай, бұрынғыдай екпінмен жұмыс істеп жүрсіз бе?


Иә, жұмысты тоқтатқанмын. Әрине, егер продюсерің болса, ешнәрсеге алаңдамай, тек қана әніңді айтып жүре бересің. Себебі, ол адам сен үшін барлығын шешіп береді. Шыны керек, продюсерден кеткен кезде басында не істерімді, қайда жүгірерімді білмедім. Не үшін екенін білмеймін, бірақ кей адамдармен араласпай да қалдым. Турасын айтқанда, олар менімен араласпай қойды ғой (күліп). Мұндай өзгерістерді өзім де күткен жоқпын, дегенмен оған да іштей дайындалып жүрдім. Алайда қиын сәтте жанымнан табылып, қолдау көрсеткен және әлі қолдап жүрген достарым жоқ емес. Осынау қиын сәтте кімнің кім екенін біледі екенсің. Бір жағынан, енді көтеріліп келе жатқанымда осы оқиғаның басымнан өткені дұрыс болды ма деп те ойлаймын. Өйткені, біраз көтеріліп қалғаннан кейін осындай жағдай орын алса не болар еді?! Сондықтан ештеңеге де күпірлік етпеймін. Болған нәрсе болды.


Келісімшартта қанша жылға қол қойылып еді? Жұмыс неліктен уақытынан ерте тоқтады?


Келісімшартта 7 жылға қол қойылды. Бірақ заңды нұсқасына қол қойылмаған еді. Арамыздағы келіспеушіліктерге байланысты келісімшарт уақытынан ерте тоқтады. Иә, арамызда түсініспеушіліктер болғанын жасырмаймын. Одан кейін жұмысты тоқтатуды жөн көрдім. Бірақ анығын ақтарып айтпай-ақ қояйын.


Продюсердің тарапынан өзі қаражат бөлген дүниелерге ортақтасу болған жоқ па?


Болды. Маған ол: «Әндерді орындамайсың», – деді, «Тойдуман» арнасынан бейнебаянымды алып тастады. Барлық бейнебаянымды көрсетпей, тіпті әндерімді ютубтан алып тастаған. Қазір бұрынғы әндерімді айтып жүрмін. Алайда келісімшарт ерте аяқталса да ештеңе төленіп, берілген жоқ. Себебі продюсерім маған біраз уәде берген еді, бірақ оның көпшілігі орындалған жоқ.



Байқасақ, желіде өз парақшаңызды бірнеше рет ауыстырдыңыз. Оны да сол кісі алып қойды ма?


Иә. Одан кейін 42 мың оқырманы бар тағы бір парақшам болған. Қазір қолданып жүрген төртінші парақшам. Негізі, инстаграмдағы бірінші парақшамды сол кісі алып қойды, ал келесілері аша салысымен бұғатталып отырды. Кейде өзіме «Мен басқа кімге керекпін?» деген сұрақ қоямын. «Ол кісі болмаса, басқа кім тиісуі мүмкін?» деп күдіктенесің. Білмеймін, мүмкін ол емес шығар. Бәрі бір Аллаға мәлім ғой. Қазір оған басымды да қатырғым келмейді. Мен ұсақ адам емеспін (күлді). Инстаграм кетті екен деп, өмірім бітіп қалмайды ғой. Жаңасын ашып алып та өмір сүре береміз.


Айтпақшы, сол продюсеріңіз Фариза екеуіңіздің араңызда махаббат хикасы болған деп естідік. Шын ба, бәлкім осы қатынасқа ол да әсер еткен болар?


Жо-жоқ, ол өтірік! Продюсер болғаннан кейін бірге жүреміз, оның үстіне ағасы да қасымызда болатын. Фариза менің әпкем секілді болды, бірақ ол кісімен қазір араласпаймыз. Негізі, сол Фаризамен ұрыс болған (күліп). Ол жағдайдан бері бір жыл өтіп кетіпті. Шыны керек, ол мәселені ұмытып та кетіппін. Продюсер жайында арасында сұрақтар қойып жатады. «Иә, кетіп қалдым, жұмыс істемейміз» деймін де қоямын. Ашып айтылмаған әңгіме ғой.


Енді махаббат тақырыбына келсек. Болашағыңызды байланыстыратын махаббат жайындағы әндеріңіздің туындауына себепкер болып жүрген ару бар ма?


Дәл қазір жоқ. Бар болса сіздерге ашығын айтар едім. Бір сұхбатымда: «Әйелім болса, оны жасырмаймын, бірақ әйелімді көрсетпеймін», – деп айтқанмын. Өйткені, мен қызғаншақпын. Мен біреуге өзімнің әйелімді көрсетуге міндетті емеспін.



Әдеттегі барлық бойдақ өнер адамдарына қойылатын сұрақ: болашақ жарыңыздың қандай болғанын қалайсыз?


Қазір өз-өзімізге қарайтын жастамыз ғой. Егер табылып жатса, әке-шешемізге оң көзімен қарап, мінезін көрсетпейтін қыз болса деймін. Қазақта «қызды алсаң – тектісін ал» деп бекер айтылмаған. Қыз текті болса, иманы жолдас болары анық. Ақылына көркі сай, барлық адамға жылы жүзбен қарап, тіпті, таңға жуық келіп жатсаң да күлімдеп құшақ жайып қарсы алып тұрса екен. Шаңырағымызға келген туыс, дос-жарандарымызды қуанышпен қарсы алып, қонақжайлылығын көрсете білетін ару жолықса екен деймін.


Бұрын берген сұхбатыңызда: «Қазір үйлену жайлы ойлап жүрген жоқпын» депсіз. Одан бері арада біраз жылдар өтті. Қазір ше?


Негізі, үйлену керек-ау осы. Бірақ айтылып-айтылып қояды. Бұйырса, ол күннің де ауылы алыс емес шығар?! Қасымдағылардың бәрі үйленіп кетті (күлді). Досым Бауыржан Ретбаев та үйленді. Ол кейде әзілдеп: «Ендігі ісім сені үйлендіру болсын», – дейді. Бірақ үйлену ойымда бар.



Махаббат деген ұғымды қалай түсінесіз? Ғашықтардың сүйіспеншілігі немен өлшенуі керек?


Ең бастысы, бір-біріне деген сыйластық. Сыйластық пен ауызбіршілік болса, махаббат та болады. Менің екінші жартым қызғаншақ болмаса екен деймін. Мен қызғанамын ғой, бірақ ол мені қызғанбайтын болуы керек (күліп).


«Қалың малың қанша?» деп ән шырқап жүрсіз. Ал сіз болашақ жарыңызға қанша қалың мал берер едіңіз?


Білмеймін, қазір «ставка» қанша болып жатыр өзі (күліп)? Елден қалмай беруге дайынбыз ғой. Асып-тасып бара жатқан ештеңеміз жоқ. Сұрағанын береміз.


Әндеріңіз бір аруға ғашық бозбала жырларының төңірегінде. Тақырыпты өзіңіз таңдап, ақындарға тапсырыс бересіз бе? Әлде осыған сізді лайық көріп ұсынады ма?


Қарап тұрсам, шынымен барлығы махаббат екен ғой?! Ерболат Қарақойшы деген ақын-композитормен жұмыс істеген кезде, ол әнін де, сөзін де бірден дайындап әкеп беретін еді. Екеуміз бірге тұрған кездері, әнінің сәттісін де, тәттісін де бірінші маған көрсететін. «Осындай ән шығып тұр, қалай қарайсың?!» деп ұсынатын. Шыққан жап-жаңа туындыларын алдымен мен көретінмін, одан кейін басқалар бағасын беретін. Ал қазір әуелі композиторларға әнімді жаздырамын, содан кейін сөзін жазып береді. Жағдайға байланысты әр кезде әртүрлі. Кейде ақындар өздері дайындап ұсынып жатады. Болмаса махаббат жайында болуы керектігін айтамын. Ақындармен кездесіп, осы тақырып төңірегінде әңгіме айтылып, ән талқыланады. Кездесе салып бірден жазып бере салу деген болмапты. Қайтайын деп жатқан кезімізде әуеніме қажет мәтіндер шығып жататын сәттер болған.


Сіз жұмыс жасайтын ән авторларының көбі жастар. Әнді өздері ұсынады ма?


Танымал ақындардан Қайнар Алагөзов пен Аян Сейітовтіңсөзіне жазылған әндерім бар. Ал Фаридамен болған дуэтті Ерболат Қарақойшы екеумізге арнап жазды. Ол әнді Ұлықпан ағаға көрсете алмай 3 айдай жүрдік. 3 айдан кейін жеңгемізге көрсеттік, одан соң жеңгеміз ағамызға көрсетті. Осылайша, Ұлықпан аға өзі студияда аранжировкасын жасап, дауысын сонда түсіріп, ән сол жақта әзірленді. Басқа авторлар өздері ұсынады. Бауырларымыз болғандықтан тегін аламыз, жасыратын ештеңесі жоқ. Араласатын ақын Жібек деген қарындасымыз бар. Рамазан Амантай деген інім бар. Келесі шығайын деп жатқан әннің сөзін Рамазанға жаздырайын деп жатырмын.


Шығармашылығыңызды сеніп бірге талқылайтын адамдар бар ма?


Әрине, ондай адамдар бар ғой. Ән шыққаннан кейін бірінші Бауыржан Ретбаевтың пікірін сұраймын. «Осындай ән шығып жатыр, қалай?» деген сияқты. Көңіліме қарайды ма, жаман деп айтқан емес. Үйдегі сыншылар да бар. Әке-шешемнің өнерге қатысы жоқ. Дегенмен де, әннің естісін таңдауыма септігін тигізіп жатады. «Мынау жақсы екен, ал мынауыңды білмедім» деген кезде не айтқысы келгендерін түсіне қоямын. Жалпы, әндердің барлығын сараптап, жақсысын таңдауға тырысамыз.


МузАрт Life, «Қазақстан дауысы» жобаларында қаншама адамдармен танысып, достастыңыз. Солардыңішінен Бауыржан Ретбаевпен әлі күнге өте жақын қарым-қатынаста араласыз. Достықтарыңыздың әлі күнге дейін жалғасуының сыры неде?


Біз Бауыржан екеуміз «Қазақстан дауысынан» бастап жақсы қарым-қатынаста болдық. Өнердегі достардан бұрын біз өмірде бауырмыз. Мен оның үйінде жиі қонақ болып тұрамын, әке-шешесімен жақсы араласамын. Ол менің әке-шешеммен хабарласып, араласады. Кезінде Алматыда бір пәтерде тұрған болатынбыз. «Досты Пайғамбар қосады» дейді ме? Достығымыз ұзағынан болады деген ниеттемін. Өміріміздің ақырына дейін дос-бауыр болып жүрсек керемет қой. Бауыржанның қарапайымдылығы бір төбе. Ақкөңіл, айтқан сөзін орындайтын адамгершілігі ұнайды. Өзім осы үшін сыйлаймын. Айта берсем, оның жақсы қасиеттері көп.




Айналаңызда адал достар көп пе, әлде пайда үшін араласатындары бар ма?


Шыны керек, ол жағын білмеймін. Кімнің қандай ойы бар екенін бірден білу қиын ғой. Уақыты келсе өзі реттеліп кетеді деп ойлаймын. Кімнің кім екенін, кім қандай мақсатпен, оймен араласқандығын уақыт көрсетеді. Ондай адамдарды өмірімнен сызып тастауға тырысамын. Әрине, көрген кезде сәлемің түзу. Мен бұрын жадымда жағымсыз дүниелерді тез сақтап қалатын едім. Сосын керек емес екенін түсіндім. Біріншіден, оны ойлап өзіңнің жүйкеңді жұқартасың. Негізі, көп ойланып жүретін адаммын. Қазір басымды артық ақпаратпен толтырмаймын. Бір жағдай бола қалса бауырларыма хабарласамын. Алматыда болмаса да видеомен қоңырау шаламын. Әйтеуір бір жолын тауып кетеміз. Қиындықтарды ақырындап еңсеріп келеміз.


Соңғы кездеріжастардың арасында әлемдік байқауларда бақ сынау әдетке айналып кетті. Сізде дауыс та, келбет те, харизма да бар. Осындай байқаулардың біріне қатысу ойыңызда жоқ па? Мүмкін Димаштың жолын берер?


Нақты Димаштай болып кетерміз деп айта алмаймын. Оның жолы бөлек. Сайысқа қатысып жатқан балаларға қарап, егер мен орнында болсам қалай шығар едім дей ойлаймын. Негізі, шыққым келеді. Бірақ елімізде жүріп кішкене өнерімді дамытып алайын. Әдетте, арғы жақты бағындырып келгеннен кейін барып, Қазақстан мойындайды ғой. Бірақ ойымда бар, армандаймын. Бұйырса, барып қалармын... Егер сондай ұсыныс келіп тұрса бас тартпаймын. «Голос России», «Новая волна» байқауларына барып, бағымды сынап көргім келіп жүр.


Өнер адамы болсам деген бала арманыңыз орындалды. Ал қазір нені армандайсыз?


Арман деген таусылар ма? Үйдегілер келді, солардың көңілін табуды армандаймын. Ең бастасы – салиқалы ұрпақ тәрбиелеу. Сыйлы, абыройлы болып қалуды мақсат тұтамын. Қазақстанның өсуіне кішкене де болса өз септігімді тигізсем деген арманым бар. Жақсы ұрпақ тәрбиелеп, әке-шешеме біраз қызықтарымды көрсеткім келеді. Адамда арман таусылмайды ғой. Армандарым өте көп!


Сұқбаттасқаныңызға рақмет! Армандарыңыздың орындалуына тілектеспіз!

Фото: Жеке мұрағаттан

ERNUR.KZ