Ұшқын Жамалбек - танымал әнші, сазгер.
"Мен қазақтың баласы" деп әндеткен оның үні мен әуенін өзгеден айыру қиын емес. Өйткені онда ерекше бояу, өзгеге ұсамайтын әуез бар. Патриоттық әндерін тыңдасаңыз, Алтай мен Атыраудың арасында ұшып жүргендей, ал лирикасына құлақ түрсеңіз, жүрегіңіз бір бүлк етпей қоймайтынына мен кепіл. Сонымен, менің бүгінгі кейіпкерім - Ұшқын Жамалбек.
Қарашаш Есенбай: Қайырлы күн, Ұшқын! Ұшқын... Есіміңіз әдемі! Кім қойған екен, қандай мағына береді?
Ұшқын Жамалбек: Ата-анам қойған, дұрысы әкем қойған. Бірақ біреуге ұқсасын деп қоймаған, сол кездегі жаңа есім болғандықтан қойған болуы керек.Менің азан шақырып қойған атым да, сахнадағы лақап атым да – осы.
Қарашаш Есенбай: Сіздің өнерге берілген жан екеніңізді білемін. «Ұшқын студиядан шықпай, күні-түні жұмыс істейді» деп естіп жатамын. Сұқбатты 3 аптадан бері жоспарлап, енді кездесіп отырмыз. Шынымен уақытыңыздың бар бөлігін осы студияда өткізесіз бе?
Ұшқын Жамалбек: Күні-түні емес әрине, бірақ шығармашылықпен айналысқаннан кейін, сол төңіректе жүрген жақсы ғой. Шығармашылық жолда еңбектену, жаңа әндер жаздыру және әншіліктен басқа кино саласында қызмет етіп жатырмын, осының бәрі мына үстел басындағы жұмыстар. Сондықтан көбінде осы жерде боламын. Басқа концерт, түсірілім сияқты шығармашылық барысындағы жұмыстар болса, сыртта жүреміз. Ал бос уақытым бола қалса, осы жерден табылатыным рас.
Қарашаш Есенбай: «UGAI» продюсерлік орталығының жетекшісісіз, ұйымдастырушылықпен де көбіне сіз айналысады екенсіз. Ол жұмыстар шығармашылығыңызға әсер етпей ме?
Ұшқын Жамалбек: Жоқ, бұл киім шығаратын зауыт емес қой. «UGAI» деген орталық шығармашылық салада болғаннан кейін бір қазанның ішінде қайнап жатыр. 2 жыл көлемінде «UGAI» деген аты ғана бар еді, қазір затын жасап жатырмыз. Продюсерлік орталық болғаннан кейін онда жұмыс жасайтын адамдар болуы керек. Бірақ әзірге мен көптеген компаниялармен «Ұшқын» деген атыммен жұмыс жасап жатырмын. «Көш жүре келе түзеледі» дейді, өзім де сол компаниялар секілді кино, жеке бейнебаяндар түсірсем деймін. Басқа әншілермен және ұжымымызға жаңа жас әншілерді алып жұмыс істеген кезде «UGAI» продюсерлік орталығының арнайы тұсауын кесеміз. Қазір елдің құлағына естіле берсін деген ниетпен ақырын жұмыс жасап келеміз.
Қарашаш Есенбай: Бұл орталықта сіз ғана ма, әлде басқа да эстрада әншілері ән жаздыра ма? Жалпы «UGAI» продюсерлік орталығы немен айналысады?
Ұшқын Жамалбек: Негізі ән жазумен айналысады. «UGAImusic» деген жобамызда менің өзімнің 200 жуық әндерім жазылған. Бұл жерде Әсет Есжан деген әнші бауырымыз бар. Осыған дейін Олжас Абай болғанын көбі біледі. Қателеспесем, Олжастың әншілігіне тікелей қатысты адаммын. Қазір ол бауырым кино саласына кеткеннен кейін бұрынғыдай бас қосуымыз аз. Бірақ бір жерден шыққаннан кейін сәлеміміз түзу. Сосын Дастан Қасымжан деген менің курстасым бар. Өзі Ұшқын Жамалбектің директоры, жалпы бар сұраққа жауап беретін сол жігіт. Ал Ерлан деген жігіт администраторлық жұмыстармен айналысады. Болашақта төртеумізбен ғана шектеліп қалмаймыз деп ойлаймын, басқа да әншілерді тәрбиелейтін мектебіміз болуы мүмкін.Келешекте кино да түсірсек деген жоспарым бар. Бәрі болашақтың еншісіндегі дүние Алла қолдаса, дұғамыз қабыл болса, бұның бәрі болады.
Қарашаш Есенбай: Қабыл болсын деп тілеймін! Негізі мен сіздің әндеріңіздің барлығын білемін, үнемі тыңдап жүремін. Ол әндерден байқағаным махаббат, сезім болғанымен, барлығынан ұлттық болмыс көрініп тұрады. Ерекше әуез бар, Ұшқын Жамалбектің қолтаңбасы екенін тануға болады. Махаббат лирикасы мен ұлттық болмысты қалай ұштастырдыңыз?
Ұшқын Жамалбек: Ең бірінші ұлттық болмыс шығар менің бойыма сіңгені. Өйткені мен бұл Қазақстанда өскен азамат емеспін. Қытай елінде, Іле өзенінің бойында әлем бойынша қазақтың ең көп шоғырланған жерінде өскенмін. Кішкене күннен тыңдап өскеніміз осы Алтай әндері болғандықтан дала әуендері, тау әуендері жаныма жақын. Ата-апамыз да әнші-күйші болған, соны естіп өскендіктен шығар, менде солардың болмысы басым. Мысалы 80-жылдардағы ретро әндер секілді туынды жазайын десем, менен шықпайды ондай. Өйткені ол нәрсе менің қанымда жоқ!
Қарашаш Есенбай: Бірақ әндеріңізде заманауи форма да бар...
Ұшқын Жамалбек: Біз өсе келе шет елді тыңдадық. Енді ортаңа байланысты ғой, бірақ түпнұсқасында менде дала әуені бар. Содан кейін де шығар әндерімнің басқаға ұқсамай жататыны. Әуен жазғанда жүрек қағысыма қарай мелодиялар келеді. Содан кейін өзім ізденіп, екеуін ұштастырамын. Әнді киноға жазсам да, махаббатқа арнасам да менің бір әуезім тұрады. Оны өзім де сеземін.
Қарашаш Есенбай: Кино демекші, басқаларға қарағанда саундтректерді көп жазасыз. Бірнеше киноның саундтрегі хитқа да айналып кетті. Мысалы «Бір сен үшін», «Тар заман» туындыларыңыз киноның жалпы идеясын бере алған. Бірнеше бөлімнен тұратын киноның болмысын бір әнмен беру үшін қаншалықты ізденесіз?
Ұшқын Жамалбек: Шарт дейді ғой. Бұл керек негізі. Өйткені мен бірінші кинорежиссерлар мен сценаристермен кездескенде, 86 бет сценарийдың бәрін оқып шығамын өтірік айтпай-ақ қояйын, бірақ түсіретін адаммен отырып сөйлесемін. «Мен осындай дүние түсірейін деп жатырмын, жалпы мағынасы, мақсатымыз мынау» деп әр әртістің, әрбір сценарийдің болмысын түсіндіріп береді. Өзім өнер академиясында музыкалық драма әртісі мамандығында оқығандытан да жақсы түсінемін. Қандай дүние болатынын артынан жеке қалған кезде ойланып құрылымын, музыка кеңістігін табамын. Соған ноталарымды сыйғызып көремін, ән содан туады. Ол формулаға сәйкес бір заңдылықтарға бағынатын нәрсе емес.
Қарашаш Есенбай: Жаңа өзіңіз айтқандай негізгі мамандығыңыз актер. Болашақта сол салада өзіңізді сынап көру ойда бар ма?
Ұшқын Жамалбек: Әрине, иә! Мені киноларға шақырып жатады. «Қолыңнан келсе, қонышыңнан бас» деген, мүмкіндік болып жатса, әрине, бәрін істеуге болады. Киноларға шақырып жатса, өзіме, уақытыма тура келетін, образыма сай болса мен одан міндетті түрде бас тартпаймын, түсемін. Мен өзімді жоғарыдан көргім келеді. Қазір түскен киноларым жоқ, болашақта болады деп ойлаймын.
Қарашаш Есенбай: Актер ретінде өзіңізді қандай рөлден көргіңіз келеді?
Ұшқын Жамалбек: Оны айта алмаймын, бірақ жақсы-жаман болса да өзім сезінетін, менің өз бейнем сиятын, біліміме сай келетін рөлдер болса, мен бас тартпаймын деп ойлаймын. Енді болашақта болатын шығар?! Бұрын ел аузында жүрген ағаларымызбен бір сахнада өлең айтамыз деп ойламаған да едім ғой. Киноға түсуге де қол жетеді, бірақ бәрін жеңетін еңбек қой, соған менің көзім жетеді.
Қарашаш Есенбай: Ойлаған жоқпын деп айттыңыз, бірақ бір сұқбатыңыздаМейрамбекпен, «Музартпен» ән айтуды кішкентай кезімнен армандадым деген едіңіз. Ауылыңызға келгенінде концертіне кіре алмай жылап, өзіңізге уәде берген екенсіз. Алдағы уақытта «Музартпен» өлең айту ойда бар ма?
Ұшқын Жамалбек: Бар. Барлық әншімен ән айту сәті түссе, мен дайынмын. Армандадым, иә! Мейрамбек ағаның дидарын көруді армандамаған қазақ жоқ. Аллаға шүкір, ол кісінің өзін шақырып, бір сахнада ән айтайық дедім. Ол кісі де менің талабымды қабылдағанына мен бақыттымын.
Қарашаш Есенбай: Сахнаға сіздің әніңізді айтып шықты. Менің білуімше, ол кісі дуэт айтатын әншілерді өте қатты таңдайды, кез-келгенмен ән айта бермейді. Мейрамбек мырзаны қалай көндірдіңіз?
Ұшқын Жамалбек: Енді Мейрамбек ағамен бір ұқсастығымыз – қазақы өнердіңшекарасынан аспағанымыз шығар. Сондықтан ол кісі мені қабылдап, ынтамды, ол кісіге деген құрметімді, өнерге деген махаббатымды байқаған болу керек. Ең бастысы, бұйрық қой.
Қарашаш Есенбай: Бір жерден «Сені іздеймін» әнінің авторы Қажымұрат Шешенқұлов бейнебаянға аты жазылмағанына ренжігенін оқып қалдым. Авторлардың осындай наразылығы бұрыннан бар. Сіз шынымен де бейнебаяндарыңызда авторларын неге жазбайсыз?
Ұшқын Жамалбек: Көбіне авторы өзім болғандықтан жазбаған шығармын. Жаңа әнім шыққан кезде өзімнің инста-парақшама рақметімді айтып, жариялап отырамын. Ал ютуб пен телеарналар шығара ма, жоқ па өзі біледі. Телеарналарға берген кезде келісімшарт бойынша авторлары міндетті түрдежазылады. Ал эфирде бұл көрсетілмейді.
Қарашаш Есенбай: Өзіңіз автор ретінде талап етіп көрмедіңіз бе? Сіздің де әндеріңізді өзге әншілер орындап жүр, атым жазылмай, айтылмай қалды деген ой болмай ма?
Ұшқын Жамалбек: Жоқ, ол қағазда жазылды ғой, қағазда жазылғаннан кейін өздері біледі. Менің әніммен хит болып кетіп, ол «Ұшқынның әні» деп айтпаса да бәрі бір. «Менің әнімді осы неге айтпайды» деп, 200 әнімнің артынан жүгіре бермеймін, уақытым да жоқ. Әнімді таныған тыңдармандар «Неге шығармашылық кеш бермейсің?» деп жатады, сабақты ине сәтімен дейді, ең бастысы еңбек бағаланады ғой.
Қарашаш Есенбай: Иә, оныңызбен келісемін! Енді әңгімені отбасыңызға қарай бұрсақ, бір эфирде анаңыздың ауырып жатқанын айтып көңіліңіз босаған еді. Қазір жағдайы қалай?
Ұшқын Жамалбек: Анам ауырған жоқ, сол жерде солай алып кетті.
Негізі Қытайдағы барлық қазақтардың басында болып жатқан жағдайға көңіл құлазыды. Өйткені анам сол жақта болып, елге келе алмай қалды. Қытай елінің саясатына байланысты біраз уақыт анамды көре алмай қалдым. Келіп жүретін анам келе алмай, тіпті телефонмен хабарласуымыз да біраз қиындау болып қалды. Сол кезде, ана туралы сөз айтылса өз анама айтылып жатқандай елестеп, көзге жас алғаным бар. Ал қазір бәрі жақсы!
Қарашаш Есенбай: Сіздің бір арманыңыз, ата-анаңызды елге көшіру еді. Демек әлі бұл орындала қоймады деген сөз ғой.
Ұшқын Жамалбек: Қазір саяси жағдайлар болып тұр. Тек менің емес, сол жақтағы барлық қазақтардың басындағы жағдай осы. Әлем дүрлігіп шешімін таппай жүрген мәселелердің бірі. Құдайдан жақсылық тілейміз, қазақ деген момын, жуас халықпыз ғой, болашақта екі ел арасы бір келісімге келіп жатса, Алла қаласа, ата-анамды тарихи елді-мекеніме міндетті түрде алып келемін. Қашан екенін білмеймін, бірақ түбінде бір алып келемін.
Қарашаш Есенбай: Жақсы нәтижемен шешілуіне тілектеспін! Енді өзіңіздің жеке басыңыздағы жағдайларға қарай ойыссақ. Сіздің әндеріңіздің барлығы «Сені іздеймін», «Сені сағындым», «Сырғаңның сыңары» деген сыңайлы бір аңсағанына жетпей қалған адамның зары бар сияқты ма?
Ұшқын Жамалбек: Ол шығармашылық, ізденіс үстінде жазылған әндер. Ол менің тағдырым емес қой! Менен сұқбат алғандар «Мынадай бір ән жазыпсыз, өміріңізде сондай жағдайлар болды ма?» деп сұрап жатады. Жоқ, мысалы бір қызбала келіп «Осындай идея, мынадай сөз. Осыған ән жазып беріңіз» десе, мен сол образға еніп, соның тілінде сөйлеймін. Сондықтан сондай ән туады. «Сені іздеймін», «Махаббатты аңсау» деген дүниелер маған тікелей қатысты емес. Мен тек оның орындаушысы мен авторымын. Оны сөзін жазғандардан сұрауға болады, көбінде ақындарға байланысты ғой.
Қарашаш Есенбай: Cіз орындайтын «Әппақ жүрегім» әнінің сөзін жазған Нұрбол Ибраев «Ұшқын өз сүйіктісіне, мен өз сүйіктіме арнаған əн еді бұл...» депті. Жанкүйерлеріңізге де қызық шығар, Ұшқын Жамалбектің сүйіктісі кім екені?
Ұшқын Жамалбек: Оны қазір айтпай-ақ қояйын. Ол туралы болашақта айтуым мүмкін, ал әзірше, шығармашылығым, ата-анам туралы ғана сұқбат беремін. Әзірше сүйіктім бар немесе жоқ деп айта алмаймын. Көп сұқбатқа келгенде бәрі осы жерден айналып шықпай жатады. Бірақ мен шығармашылық туралы ғана болғанын қалаймын.
Қарашаш Есенбай: Жақсы, ендеше мен осы жерден тоқтатайын. Жабық күйінде қалғаны да дұрыс шығар?
Ұшқын Жамалбек: Иә, солай дұрыс. Жеке отбасым ол - менің жеке өмірім. Ол әшкере болатын болса, менің жеке өмірім жоқ болады.
Ал өнердегі өмірімнің бәрі анық, айқын, бәрімен жақсы арласамын. Өзі көп досы жоқ адаммын негізі. Көпшіліктің, тойдың ортасында жүретін адам емеспін. Мен араласқан адаммен жақсы араласамын, дос боламын, ол үшін бәріне де дайын бола аламын. Ал менің артымнан сөз айтқан адамдардың сөзі менің құлағыма кірмейді.
Оралман десе де, қытай деп жатса да үндемеймін, айтса айта берсін, маған бәрібір. Мен өз шығармашылығым мен Ұшқын деген атым үшін жасап келемін. Аллаға шүкір, өзімнің жолым мен құлшылығым бар, бәрін сонымен жеңемін. Сондықтан мен де дос аз. Тіпті, бұрын бірге жүрген «Алашұлы» тобымен де отбасы болып араласпаймыз, тек кездескенде сәлеміміз түзу. Мені шынайы түсініп жанымда жүрген жандарға мен төбемнен жол беремін, ал Ұшқыннан пайда ғана көздейтіндерді мен бірден білемін. Бірақ «өзінше» болған адам емеспін. Біреулер айтып жүрген жұлдыз ауруы менде жоқ, болашақта да болмайды. Өйткені құдайдың алдында біз ешкім емеспіз!
Инстаграмға да өзімнің шығармашылығым туралы саламын, астында қалдырған пікірлерді оқимын. Басында жағымсыз пікір жазғандарды блокқа жіберуші едім, қазір күлемін.
Бұрын бір жігіт инстаграмда дөрекі сөздермен жамандап жазып жүретін. Бірде сол жігітті көріп қалғанымда, «Сіздің өнеріңізге тәнтімін!»-деп қолымды алып жатыр. Көп адамдар солай бос белбеу...
Қарашаш Есенбай: Жаңа сөзіңіздің басында айтып кеттіңіз, «оралман», «қытай»-дей берсін деп. Өткенде бір компазитордан сұқбат алған кезімде ол кісі «Патриоттық әндерді тек қана оралмандар айту керек пе?»-деген сынды пікір айттып қалды. Сонда біздің эстрада да «оралмандар» деп бөлетіндер бар ма?
Ұшқын Жамалбек: Мен де сырттан естіп қалғанмын. Бірақ эстрадада жүргендер менің оралман екенімді біле бермейді. Бір кездері өзіме оралмандарды жамандағандар да болды, менің Қытайдан келгенімді білмейді. «Мен де оралманмын!» дейін десем, шалқасынан түсейін деп тұр. Ойлаңыз енді?
Ондай әңгіменің керегі қанша? Мен шет елде туғаныма кінәлімін бе? Керсінше, елге жұмыс жасайық! Елді сүю - ол иманнан. Мен еліме «Не аламын?» деп емес, «Не беремін?» деп келген адаммын.
Осы кезге дейін елімнен ақша, не жәрдемақы алған адам емеспін. Ең алғаш келіп жатқанда квота берілді. Маған еркек басыммен ол не керек, мүгедек болсам мейлі екен. Бәріне өзім жетіп келемін. Басында «Сені көтереміз» деген ағаларымыз болды, мен олардан өзім бас тартым. Ал шын ниетін білдіріп, көмектескендерге алғысымды айтамын.
Қарашаш Есенбай: Қазір ешқандай продюсермен жұмыс істемейсіз. Демек барлығын өзіңіз шешесіз, алдағы уақытта Ұшқын Жамалбектің қандай жоспарлары бар?
Ұшқын Жамалбек: Біз Әсет Есжан екеуміз орталық өңірлерге «Жыламасын сәбилер» деген қайырымдылыққа бағытталған шығармашылық кештерімізді өткізіп бастағанбыз. Ол концерттен түскен қаражатты мүмкіндігі шектеулі, шет елде ем қабылдауы керек жандарға береміз. Содан Нарынқол, Талдықорған, Алматы облысының төңірегінде концерттер өткізіп, толық бітіре алмай жүрміз. Ал жеке шығармашылығымда алдағы жоспар - бейнебаян түсіру. Бұрын жаза беретін едік, енді жоспармен жүреміз. Қазір «Махаббат заңы» деген әнге бейнебаян түсіргелі жатырмын. Бір нәрсемен шектелмеймін той, бейнебаян, кинолар болсын бәріне үлгеруге тырысамын. Амандық болса, жаңа әндер жазып, бейнебаяндар түсіру ойда бар.
Қарашаш Есенбай: «Махаббат заңы» әдемі ән, бейнебаянын асыға күтетін боламыз. Істеріңізге сәттілік тілеймін!
Автор: @karashash_esenbay