Сұлулығыңызды сақтайтын КОСМЕТИКАЛЫҚ МҰЗДЫҢ 6 түрі

0
2 226

Табиғи өнімдерден дайындалған косметикалық мұздың пайдасы көп.


Сұлулығыңызды сақтайтын КОСМЕТИКАЛЫҚ МҰЗДЫҢ 6 түрі

Карантин кезінде сұлулық салондары, косметологиялық орталықтардың көбі жабық. Алайда, әйел затының әдемілікке ұмтылуына бұл кедергі болмауға тиіс. Үйде отырып көптеген сұлулық процедураларын өзіңіз-ақ жасай аласыз. Тек ол үшін ас бөлмесіндегі азық-түліктердің қолданылу аясын сәл кеңейтсеңіз болғаны.


Мысалы, косметикалық мұз жасап қойып, сонымен бет терісін күнделікті сүртіп жүруге болады. Табиғи өнімдерден дайындалған косметикалық мұздың пайдасымен осы жерде толық таныса аласыз.


Лимон мұзы дақты кетіреді

Бір стакан минералды немесе таза (қайнаған, фильтрден өткен) суға 1 ас қасық лимон шырынын қосыңыз. Осы лимонды суды мұз кесектерін қатыратын арнайы пішінге құйып, мұздатқышқа қойыңыз. Қатқан соң күнделікті таңертең және кешкісін бетіңізді сүртіп жүрсеңіз, теріңіз пигментті дақтардан, безеуден тазарады.

15 мл лимон сөліне 5 мл алма шырынын қосып қатырсаңыз да болады. Ол да пигментті дақтардан арылтатын және тері түсін ағартатын қасиетке ие.


Көк шай мұзы әжімді тегістейді

Қарапайым немесе жасмин өқосылған көк шайды әдеттегідей демдеңіз. Бір-екі сағаттұндырып, суығанын күту керек. Содан соң пішінге құйып, қатыра беруге болады.

Қатырылған көк шай теріге балғындық береді, тазартып, реңін біртегіс етеді. Сондай-ақ, әжіммен күресте де көмегі тиеді. Тері қаьынуын басып, жаңа жасушалардың түзілуіне ықпалы бар.


Ақжелкен мұзы – әмбебап құрал

Әрі теріңізді жасартып, әрі ағартып, әрі пигментті дақтардан құтылғыңыз келе ме? Ендеше, «үш қоянды бірден ататын оқ» рецептін қабыл алыңыз.

3 ас қасық ұсақтап туралған ақжелкен және 4 ас қасық ұсақ туралған түймедақ гүлі – екі өсімдікті де бір ыдысқа салып, үстінен жарты стакан ыстық су құйыңыз. 6-8 сағат тұндырып қоясыз. Тұнбаны сүзіп, сұйықтықты пішінге құйып, мұздатқышқа жөнелтіңіз. Қалай қатады, солай қолдануға дайын.

Тек ақжелкеннің өзін ғана турап, 4 ас қасығын 1 стакан суға салып қайнатып алсаңыз да болады. Суытып, сүзіп, қатырылған мұндай мұз кесектері бет терісіне пайдасы мол әмбебап құралға айналады.



Сүт мұзы тітіркенуді басады

Майлылығы орташа үй сүті мен суды бірдей мөлшерде араластырып, пішінге құйып қатыра салу – оп-оңай. Ендеше, жасаңыз да, қолданыңыз. Ол ыстық күн әсерінен болған тері тітіркенуін, қызаруын басады. Безеу шығуын тежейді. Тері жастығын сақтап, құрғақ болса, ылғалдандырады.


Тұз мұзы теріні тазалайды

Күнделікті косметикалық тазалауды қажет ететін күрделі проблемалы тері иесі болсаңыз, келесі рецепт сізге көмек. Ас тұзы немесе теңіз тұзын 1 стакан таза, жылы суда ерітіңіз. Суытып, тағы бір араластырып жіберіп, пішінге құйып, мұздатқышқа қойыңыз. Осы мұз кесектерімен бетті сүртсе, теріге скраб әсерін беріп, терең тазартады.


Қияр мұзы жазда таптырмас көмекші

Қиярдың ағзаға да, теріге де пайдасы бұрыннан белгілі. Онымен маска жасап жүргеніңізге күмән жоқ. Енді одан мұз кесегін қатырып, бет терісіне массаж да жасап көріңіз. Орташа көлемдегі 2 дана қиярды блендерде езіп, 10 мл айран немесе йогурт қосыңыз. Жақсылап араластырған соң пішінге құйып, қатырасыз. Кешкісін крем жағар алдында бетіңізге массаж жасасаңыз, теріні ылғалдандырып, нәр береді.

Дайындаған: А.Бектұрған,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


ЖАЗДА бетке МҰЗБЕН МАССАЖ жасаудың пайдасы көп