Ата-ананың назарына: баладағы БҰЛ ЖАҒДАЙ суицидке апаруы мүмкін

0
6 194

Баланың ашуланған кезде өз-өзін ұрып, тістеп немесе өзінің шашын жұлуы жақсы емес...


Ата-ананың назарына: баладағы БҰЛ ЖАҒДАЙ суицидке апаруы мүмкін

фото: ғаламтордан

Аутоагрессия сөзі қорқынышты естілгенімен балалар арасында өте жиі кездеседі. Ғаламтор беттеріндегі статистикаға сүйенсек, әлемде әр 100 баланың 1-еуі өз өзіне зиян келтіріп жатады екен.


Аутоагрессия деген не?

Аутоагрессия – бұл баланың ашуланған кезде өз өзін ұрып, тістеп немесе өзінің шашын жұлуы. Бала қабырғаға барып соғылып, басын ұрып, езуін екі жаққа тартып, әдейі еденге құлап немесе өзге де түрлі тәсілмен өзіне ауыр зиян жасауы мүмкін. Баланың мұндай әрекетіне ата-аналар кейде не істерін білмей, қалай көмектесерін білмей дағдарып қалады.


Аутоагрессия екі түрде көрінеді: физикалық, яғни бала өзін қабырғаға соғады, әдейі құлайды, тістейді т.б. Ал екіншісі сөзбен. Бұл деген бала өз өзіне жаман сөздер айтып, тіпті шектен шығып кетуі абзал.


Көптеген психолог мамандар аутоагрессия психологиялық қорғаныш деп санайды. Кейде бала өзін қорланғандай сезінеді, ал зәбір көрсеткен жанға қандай да бір себептермен жауап қайтара алмай бар ызасы ішінде қалып қояды. Сондықтан ол бар ашуын өзінен алады.

Мұндай жағдайлар орын алғанда ата-аналардың көпшілігі бұны баланың еркелігіне балап, айтқанын орындатқысы келеді деп түсініп, қателесіп жатады. Алайда бұл ешқандай да баланың бірнәрсеге қол жеткізу арманы, еркелігі емес. Бұған көбіне тәрбиенің дұрыс берілмеуі себеп болады.


Тәрбиенің дұрыс болмауының салдарынан агрессия пассивті түрге айнала бастайды. Яғни, бала ештеңені бүлдірмейді, сындырмайды, ата-анасына айқайламайды. Есесіне ол өзін кінәлап, ұрып, жынданып, ашуланады. Ал ата-аналардың көпшілігі өз тәрбиесін мінсіз санап, мұндай жағдайды баланың еркелігі деп ойлайды. Сондықтан олар өз тәрбие беру бағытын түзетудің орнына ештеңе болмағандай жүреді.

Ал баладағы мұндай агрессия ешқайда жоғалып немесе өздігінен кетіп қалмайды. Ол керісінше үсті-үстіне жиналып өзіне немесе өзгеге жаман бір нәрсе істегісі келіп тұрады. Тіпті бұл суицидке де апаруы мүмкін.


Аутоагрессияның бірнеше себебі болуы мүмкін

Қарсылық – бала бірнәрсені дәлелдегісі келеді. Балалар 2 жасқа дейін өз ойы жоқ тым кішкентай болса, 2 жастан асқан соң өзі бірнәрсе істей алатынын дәлдегісі келіп тұрады. Сондықтан баланың мұндай жаста ең көп айтатын «мен өзім!» деген сөзі қарсылықтың түрі. Алайда бұл мінездің ең бір жақсы жағының көрінісі, яғни ешкімнің бұйрығын орындағысы, бағынғысы келмейтін көшбасшы болатын адамның белгісі. Бірақ кейбір балалар кез-келген тыйымға ашу шақырып, қалаған заты өзінікі болуы керек деп ойлап шектен шығып кетіп жатады. Баланың мұндай мінез көрсетуі тыйымды көп салатын қатал ата-аналардың кесірінен болуы мүмкін.

Мысалы өзіңіздің қалаған, армандаған нәрсеңіз еленбей қалса, еркіндігіңізді басып тастаса, өтінішіңіз орындалмай қалса қандай күйде боласыз? Бала да дәл сондай күйде қалады. Ал ішіндегі көңіл күйін ата-анаға көрсетуге ашуландырып алудан қорқады. Сондықтан өз-өзіне ренжіп, бар ашуын өзінен алады. Егер мұндай кезде балаға айқайлап немесе ұратын болсаңыз, онда ол одан бетер айқайлап жылауын үдете түсетіні сөзсіз. Сол себепті ондай жағдайда баланы құшақтап, жұбату керек.

Егер баланың өз-өзіне ренжіп, ашуланатын кездері жиі қайталанса, онда оған қойған шектеу мен өз ережелеріңізді бір ойланып, қарап көріңіз. Сонда өзіңіздің қай жерде артық кеткеніңізді көру мүмкіндігіңіз бар. Баламен бір мәмілеге келуге тырысып көріңіз.


Кінә – бала бірнәрсе үшін өз-өзін жазалағысы келеді. Көшбасшы қасиеті бар балалармен қатар, жүйке жүйесі әлсіз келетін балалар да кездеседі. Балалардың жүйкесінің әлсіз болуы ата-ананың үнемі ұрысынан, кінәні балаға артып сөйлеуінен, айналасындағы жандардың сыртқы келбетіне тисіп мазақ етуінен орын алады. Мысалы, бала ойыншығын сындырып қойып өзі қайта жөндеп қоюға тырысады. Бірақ мұны жылап отырып жасайды, себебі ол шебер емес, сондықтан ойыншығы бұрынғы қалпына келмегеніне ызаланады. Сол үшін өз-өзін кінәлап, өзіне өзі ұрсып, тіпті ұрып та алады. Себебі бала сынған ойыншықты көрген ата-анасының реакциясының қандай болатынын біледі. Олар ұрсуы, айқайлауы, ұруы да мүмкін.

Өзін ұрғанмен ата-анасының ұрыс-айқайынан құтылмайтынын білетін бала не істерін білмейді. Сондықтан көбіне мұндай жағдайда өтірік айтып құтылуға тырысады. Алдыңғы типтегі, қарсылық көрсететін балаларға қарағанда өзін кінәлі санайтын балалар ұрған, ұрысқан сайын байбалам салмайды, олар тек қана жылайды. Ал мұндайда дұрыс қолданылмаған жаза жағдайды одан ары қиындата түсетіні анық.


Балаға түсіністікпен қараңыз, қаншалықты қымбат ойыншық болса да онымен бәрі бітіп қалмайды. «Сындырып қойдың ба? Ештеңе етпес күнім, екеулеп жөндеп қоямыз. Мен осы үшін саған ашулансам да сені жақсы көрем» деген секілді сөздермен баланың көңілін аулап, өз-өзін кінәлі санаудан алыстату керек. Балаға «сен бұзықсың, бүлдіргеннен басқа не істей аласың?» деген сөздерге қарағанда «мен сені жақсы көрем» деп жиі құшақтап иіскеп тұрған дұрыс.


«Менікі! Осыны аламын!» - бала бір нәрсені алуды қалайды. Бұл типтегі балалар – шебер айла жасаушылар. Кейбір балалар ата-анасының мол махаббатына, назарына іліну, өзінің бүлдіргенін жасыру, қалағанын алу үшін түрлі шаралар қолдана біледі. Тіпті кейде ата-аналар өзін кінәлі сезініп қалады. Баланың дәл осындай әрекеті тәрбиедегі олқылыққа байланысты. Мұндай балалардың ата-анасы үнемі оның айтқанын істеуге тырысып, кез-келген, қалаған нәрсесін алып беруге тырысады. Баланың көз жасы мұндай ата-аналар үшін өте үлкен қорқыныш. Ал бұл өз кезегінде балада «жылап байбалам салсам, бәріне қол жеткіземін» деген ой қалыптастырады.


Мұндайда баланың ойын басқа жаққа бұрып жіберетін сұрақ қойған дұрыс.


Сөз соңында барлық ата-аналарға айтарымыз, бала тәрбиесінде сіздерге сәттілік серік болсын! Балаңызбен көбірек сөйлесуге тырысыңыз. Себебі ұрсып, ұрып дені сау, бақытты ұрпақ өсіре алмаймыз.


Дайындаған: Эльмира Базарбаева,

ERNUR.KZ.


Тағы оқыңыз: "Енеңе НЕ істесең, алдыңа СОЛ келеді..."

ЖАЛҒЫЗБАСТЫ аналардың өрескел 5 ҚАТЕСІ