​Балаңызға бөтен адам ұрысқанда не істеу керек? Ата-анаға кеңес

0
4 330

Балаға бөтеннің ескерту жасауы, ұрсуы, тіпті жұлқып жіберу секілді жағдайлары кез-келген ата-ананың басынан өтуі мүмкін.


​Балаңызға бөтен адам ұрысқанда не істеу керек? Ата-анаға кеңес

Егер балаңызға бөтен адам немесе жақындарыңыздың бірі орынды, әділ ескерту жасаса және сіз сол кісінің оймен келіскен болсаңыз, онда ешқандай мәселе жоқ. Бұл бала үшін де өте пайдалы болуы мүмкін.

Мысалы, сіздің балаңыз дүкеннен шығып келе жатқан әйелді қаға-соға ішке кіріп кетті. Сіз балаңызды ұстап үлгермей қалдыңыз. Ал ол әйел балаға сыпайы және сабырлы түрде алдымен шығып келе жатқан адамды жіберу керектігін және жасы үлкенге жол беру туралы ескертті. Мұндай кезде сіз де баланы қорғамайтыныңыз белгілі. Алайда ересек адам, мейлі таныс болсын-болмасын, көпшілік алдында, жеке кезде балаға айқайлап, көңілге тиетін сөздер айтып жатқан болса, онда міндетті түрде баланың жағына шығу керек.

Негізі балаға бөтеннің ескерту жасауы, ұрсуы, тіпті жұлқып жіберу секілді жағдайлар кез-келген ата-ананың басынан өтуі мүмкін. Сондықтан осындай жағдайға түсіп қалғанда не істеу керектігі жайында бірер кеңес ұсынамыз.


Ересек адамның алдында бала қорғансыз

Бала өзі жақсы көретін ересектерден естіген ескертуін, ақыл айтуын қалыпты, жақсы қабылдайды. Себебі бала өзі жақсы танитын жанашыр жаннан қорықпайды. Ал егер оны таныс емес немесе күніге көрмейтін алыс жандар ұрсып ренжітсе, онда баланың бойын бірден қорқыныш билей бастайды. Баланың ойына ең алдымен қарсыда тұрған ересек адамның күші, үлкендігі түседі. Өзінің одан кішкентай екенін сезініп, сол жердегі биліктің тізгіні сол ересекте екенін мойындап, қорқынышқа бой алдырады. Бала өзін қорғансыз сезінеді.


Балалар ата-ананың өздерін ешкімнің алдында, ешқандай ренішке қалдырмайтынын сезінуі тиіс.

Бұл бала үшін аса маңызды. Жанындағы ата-анасы не айтарын, не істерінбілмей, ешқандай әрекетсіз тұрса – онда бала өзін қорғансыз сезінеді. Тіпті ол бұны ата-ананың сатқындығы деп те түсінуі мүмкін. Мұндай жағдайлар баланың келешегіне де кері әсерін тигізуі мүмкін. Болашақта қөандай да бір келеңсіз жағдайларда бала өз-өзін қорғай алмай, абыржып қалады. Тіпті өзгелер өзін қорлап жатса да мұны орынды деп санап, өз құқығын қорғауға тырыспайды.


Бала ата-анасының жанында өзін үлкен, берік қорғанның артында тұрғандай сезініп, сенімді болуы керек.

Егер балаңызды бөтен біреу ренжіткен кезде, бірден ойланып, сол сәтте жауап қатып үлгере алмай қалсаңыз, онда кейін осы жағдайды міндетті түрде реттеген дұрыс. Ол үшін, «Мен сені қорғауым керек еді, олай істей алмай қалғаныма ренжіме. Бірақ келесіде мұндай жағдай қайталанса, міндетті түрде саған болысамын» - деген сынды сөздер айтып, бала көңілін тыныштандыру керек.


Баланы қорғау тәсілдері

  • Егер сіздің нкөзіңізше балаңызға бөтен біреу ұрсып, дауыс көтеріп ескерту жасаған жағдайда: Бөтен жанды өзіңізбен сөйлесуге шақырыңыз. Таныс емес адамның балаңызды тәртіпке шақырып, тәрбиелегені ұнамайтынын айтыңыз. Бірақ кейін балаңызбен жеке қалғанда, бөтен жанның дұрыс ескерту жасағанын түсіндіре кетіңіз.
  • Кез-келген келеңсіз жағдайда ең бірінші кезекте баланы қорғау керек. Ал тәрбие, тәртіп жөніндегі әңгіме содан кейін жалғасады.
  • Егер балаңызға мектептегі мұғалімі немесе жаттықтырушысы ұрысқан болса, онда мұндай кезде негізгі шешімнің бірі- баланы басқа мектепке, үйрмеге ауыстыру.
  • Егер балаңызға өзге балалар тиіскен болса, онда ренжіткенбалалардың өзімен емес, ата-анасымен сөйлескен жөн.

Негізі баланы бөтеннен қорғаудың түрлі тәсілдері бар: мәселені бала жоқ жерде немесе бірге отырып, талқыға салу керек. Баланы қорғаудың қайсы тәсілін таңдасаңыз да айырмашылық жоқ, бастысы бала ата-анасының өз жағында екенін білсе болғаны. Баланың өзі кінәлі болған жағдайда да, сол мәселені қалпына келтіруге көмектесетіңізді білгені маңызды. Алайда, бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынас әділ және шындықта болғаны дұрыс. Яғни баланы жақтап, көңіліне қарап немесе кей жерлерде өзін батыр етіп көрсету үшін өтірік айтып, алдамау керек. Бастысы балаға ненің жақсы, ненің жаман екенін, қай ісі қате екенін дұрыс, асықпай түсіндірген жөн.

Тағы оқи отырыңыз: Баланы педофилден қалай қорғауға болады - АТА-АНАҒА кеңес


Дайындаған: Базарбаева Э,

ERNUR