Әйелдің көз жасы денсаулыққа қалай әсер етеді және ер-азаматтар неге ол көз жастан қорқады?
Негізі адам баласы қатты қайғы мен қуанышта немесе тәніне батқан ауырсынудан жылайды. Ал әйел баласы болмашы, кез-келген жағдай үшін жылай салуы мүмкін және бұл оның ер азамат алдындағы басты қаруларының бірі. Бірақ әйелдің көз жасы жолдасының денсаулығына кері әсерін тигізеді екен. Әйелдің көз жасы денсаулыққа қалай әсер етеді және ер-азаматтар неге одан қорқады?
Жауапкершілік сезімі
Ер-азамат кішкентай кезінен «нағыз еркек өзінің ісі үшін жауап беруі керек», «нағыз ер-азамат үнемі басшы болуы тиіс» деген сөздерді естіп, көріп санасына сіңіріп өседі. Сондықтан олар жеңілісті ауыр қабылдайды. Әр отбасының өзінің ішкі тәртібі, жоспары болады. Ал оны ер-азамат басқарады. Егер сол тәртіптің немесе жоспарының бір бөлігі бұзылса, өз шегінен ауытқып кетіп жатса, бұл ер азамат үшін жеңіліс секілді көрініп, әсер етеді. Әйелдің көз жасы да дәл осылай әсер етеді.
Яғни, отбасы үшін жасалған жоспары сәтсіз болғандай, оны реттей алмағандай күй кешеді және өзін жауапкершілігі жоқ жандай көреді. Алайда әйелдер жоғарыда айтқандай болмашы нәрселер үшін де жылауы мүмкін. Мысалы, жұмыстағы әрптесімен, құрбысымен ренжісіп қалу, сериал үшін тағы да басқа осындай болмашы жайттар. Ер-азамат оның себебін білгенге дейін өзін жауапкершілігі жоқ жандай сезініп үлгереді.
Өзін кінәлі сезінеді
Әйел баласы қандай жағдай үшін жыласа да еркектер өзін кінәлі сезінеді. Тіпті оған өзінің ешқандай қатысы болмаса да. Жүйке жүйесінің ерекше орналасуы мен алғаш көрген көріністі бірден қабылдаудың арқасында ер азаматқа «бұл көз жасына мен себепкермін» деген ой келеді. Мұндайда ол бірінші өзін жазғырғанымен, соңы жылаған әйеліне келіп тиеді.
Еркектер үшін көз жасы мен долылық екеуі бір нәрсе
Себепті немесе босқа жылаған кездердің бірінде жолдасынан «долылықты қойшы» деген сөзді естімеген әйелдер аз шығар. Себебі ер-азаматтар сезімге аса беріле қоймайды. Сондықтан да әйелдің аяқасты немесе болмашыға жылай салуы долылық болып көрінуі мүмкін. Бұл ер-азаматтың ашуын тудырады немесе қатты ойға түсіреді.
Көз жасы ешқандай дәлел бола алмайды
Ерлі-зайыптылар арасындағы кез-келген ұрыс жанжал, пікірталас, дау екі жақтың бірінің айтары таусылып, екіншісінің нақты дәлелінің немесе көндіруінің арқасында ғана тоқтайды. Екі жақ ымыраға келеді. Бірақ кез-келген ұрыста, жанжалда қолдануға болмайтын тәсілдер бар. Соның бірі – әйелдің көз жасы.
Егер ер-азаматтар арасында жанжал туып екеуінің бірі белден төмен ұратын болса, онда екі жақтың ортақ келісімге келуі екіталай. Сол секілді шамалы ұрыста көз жасын төгетін әйел мен еркек ортақ мәмілеге келе алмайды. Себебі ер-азамат айқайға айқаймен жауап беруі мүмкін, бірақ әйелі жыласа жылап жауап қайтара алмайды. Сондықтан мұнда әйел не қатты ұрыс естіп тынады, не ері үйден кетіп қалады.
Әйелдің көз жасы ер-азаматтың денсаулығына зиянын тигізеді
Әлем ғалымдары таңданарлық дәлелді деректерді ұсынады. Ол деректер бойынша әйелдің көз жасын көрген еркекте оның еркектігіне кері әсер ететін гормондар өндіріле бастайды екен. Яғни қарапайым сөзбен айтқанда әйел үнемі жылап қорқытатын болса, онда оған ері алғашында жеңіл ғана мазасыздықпен қарайды. Ары қарай уақыт өте бұған жабыға қарайтын болады. Ал жиі жабығатын ер-азамат өз күшін жоғалтады. Сондықтан ер азаматының денсаулығы үшін қыз-келіншектер көз жасына абай болғаны дұрыс. Болмашы нәрсеге жылай беруді доғарған жөн.
Дайындаған: Эльмира Базарбаева,
Тағы оқыңыз: Бала ТӘРБИЕСІНЕ кім жауапты: МҰҒАЛІМ бе, АТА-АНА ма?