Ата-анасының жанынан ұзап шықпаған, қанаты қатаймаған ауыл баласы үшін қалаға оқу үшін ұзақ уақытқа аттануы толқынысты сәт. Алабұртқан көңілдерге дем беріп, студенттік өмірдің алғышартын біле жүріңіз. Қала өміріне дендеп ену үшін ең алғашқы қажетті кеңестерді назарда ұстаңыз...
Оқуға келген ауыл баласы қала ережесін тез үйрену үшін басты 5 қағиданы қаперінде ұстаса болғаны.
Ауыл, қала деп бөлгіміз келіп отырған жоқ. Дегенмен, ауылда өскен бала мен қала баласының айырмашылықтарын біз айтпай-ақ көзге көрініп тұратындығын әрбір адам аңғара алады. Сондықтан, ауылдан ұзап шықпаған бала үшін қала өмірі, әрине, таңсық. Алаңдаған ата-ананың, ата-анасынан жыраққа кеткелі тұрған студенттің қалада жүргенде өзін дұрыс ұстауы үшін аздаған кеңестің артығы болмас. Ырду-дырдудың жөні осы екен деп бірдеңеге ұрынып қалмас үшін ата-аналар да, мектепті тәмамдап, арман қуып қалаға аттанған болашақ студенттер де мына жағдайларды ескере жүргені дұрыс:
1.Ең алдымен, оқудан бөлек, қала ішінде дұрыс жүріп-тұруды білгеніңіз орынды. Білмейтін жердің ой-шұқыры көп болатындықтан, ең алғаш оқу орныңызға барып-келуді үйреніп алғаныңызша жаныңызда байырғы қала тұрғыны, туысыңыз жол көрсетеді немесе ата-анаңыздың бірі бір аптадай жаныңызда болып, орнығып алғанша байыз таппайды. Сіз де ата-анаңыздың уайымын арттырмай, мұқият болғаныңыз мақұл. Қала ішілік автобустарда әдеп сақтауды, үлкенге, жүкті және балалы келіншекке орын беруден бас тартпаңыз.
Жаяу жүргіншілерге жолдан өту үшін арнайы жолақтан ғана өтіңіз. Жолды кез-келген жерден қиып, жүгіріп өту де өз өміріңізді қауіп-қатерге байлағанмен тең. Сондықтан, білгеніңізді енді іс жүзінде іске асырып көріңіз.
Мұны жақсы білгеніңізбен, іске келгенде абдырап қалмай, өз мәдениетіңізді қарапайым қағидалар арқылы жетілдіре түсетініңізді ұмытпағайсыз.
2.Пәтерде немесе жатақханада тұру. Бала болып еркелейтін әке-шешеңіздің енді сізден шалғайда болатындығына үйренісуіңіз керек. Жаныңыздағы өзіңіз құралпы әр аймақтан жиналған студент жастармен тіл табысудың жөні осы екен деп сыбай-салтаң бос жүрістен, еркіндіктің лебі есті деп өзіңіздің нормаңыздан шығып кетпеуді ұдайы қадағалаңыз. Яғни, ақыл-кеңес айтып отыратын ата-ананың ақылын іске қосыңыз. «Ержеттім, жігіттік шаққа жеттім», «Бойжеттім, ақылым өзіме жетеді» деп астамсуға әлі ерте.
3.Қала баласына көздің жауын алып, жарқ-жұрқ етіп өзіне шақырып тұратын ойын-сауық орталықтары, кафе-барлар, саябақтар мен түрлі көңіл-көтеру орындары таңсық емес. Өйткені, олар бала кезінен әке-шешесімен бірге келіп жүрген орындарға енді өсе келе өзі де емін-еркін ене беретін болады. Сол жердің өзіне сай ішкі тәртібі мен заңдарына қанық. Ал, ауыл баласының мұндайда тәжірибесі аз немес жоқ болуына байланысты, білмейтін дүниенің қатпарына ене алмай қателіктерге бой алдыруы мүмкін. Алдымен, ғаламтор арқылы барғалы отырған орын туралы мәліметтерді нақтылап алғаныңыз жөн.
4.Сауда-саттық. Ауылда өскен бала көбінше ата-анасының әкеліп бергенін киеді, өз бақшасында өсірген азық-түлікті, табиғи өнімді тұтынады. Сондықтан, есеп-қисапты да дұрыс жүргізе алмауы мүмкін. Сырт көзбен қарағанда ауыл жастарының аңғалдау, ал, қала жастарының есеп-қисапқа берік, пайдакүнем, қулау болып көрінетіні де сондықтан шығар.
5.Қала мәдениетінің айтпай өтуге болмайтын тағы бір тұсы бар. Ол - көше тазалығы. Кез-келген жерге қоқыс тастап немесе қақырып-түкіріп, пісте шағып, темекі тұқылын тастап кетуден сақтаныңыз! Үй ауласында демалып отырсаңыз да айналаңыздың тазалығына мән беріңіз. Өзгелердің осындай қылығына куә болсаңыз, ескерту жасаудан тартынбаңыз.
Міне, біз айтпақ болған қарапайым ғана кеңестер сіздің қала өміріне тез үйренісіп, мәдениетіңізді ортаңызға қарай қалыптастырады. Студенттік жылдарыңыздың жалынды, жемісті болуына тілектестік білдіре отырып, сәттілік тілейміз!
Мектепке дайындық: Балаңызға ең қажетті 10 зат
«Балам ынжық» деп кейімеңіз
Г.Жұмаділдаева,