"КОРОНАКРИЗИС": Жоғары сынып оқитын балаға КӨМЕГІҢІЗ КЕРЕК

0
1 422

Карантин кезінде жасөспірімдердің суицидке бару жағдайы жиіледі.


«Қазақстанда карантин уақытында жасөспірімдердің суицидке бару әрекеті екі есеге көбейді» билік өкілдерінің ресми мәлімдемесі осындай.

Жан түршіктірерлік шындық. Әсіресе, 18 жасқа толмаған ұл-қызы бар ата-анаға ауыр. Алдын алмаса, бұл қақпанға өз перзенті түсіп қалуы мүмкін екенін әркімнің есте ұстағаны жөн.


Коронавирус карантині мен суицидтің артуы арасында қандай байланыс бар? Логикаға салып көрейік.


Біріншіден, жан-жақтан келіп жатқан жағымсыз жаңалықтар. Ересек адамның өзінің есін шығаруда. Ал әлі бұғанасы бекіп, психикасы пісе қоймаған жасөспірімнің санасын тіптен шайқап жібереді.


Екіншіден, қалыпты тіршілік ағысының арнадан ауытқуы. «Енді не болады?», «Болашағымыз жоқ-ау», «Осымен жер бетіндегі адамзат түгел жойылады» – осы сынды ел арасында желдей жүйткіген жорамалдар жеткіншектің де құлағына жетеді. Келер күнге сенімсіздік, ертеңінен қорқу, белгісіздік – мұның бәрі үмітті үзуге, өмірдің мәнін жоғалтуға итермелейді.


Үшіншіден, араласатын ортаның азайып, сырлас доспен сұхбаттың болмауы. Жас жеткіншек үшін негізгі орта – достары мен сыныптастары. Ой бөлісетін де, көңіл сергітетін де солар. Осындай ортамен тығыз қарым-қатынастың үзілуі де стресске түсуге бір себеп. Алдағы жаңа оқу жылы тағы да онлайн оқумен басталғалы тұр. Мұны ойлау да бала психикасына үлкен салмақ.




Төртіншіден, карантин кезінде ата-ана мен бала күні бойы бірге. Мұндайда баланың бәріне бірдей тиісінше қарым-қатынас жасала бермейді. Көңіл бөлудің шектен шығатыны тағы бар. Үлкендер тарапынан ұрсу, ескерту, ақыл айту, бақылау сияқты жасөспірімге жақпайтын әрекеттер қатары жиілейді. Бауырлар арасында да бір-бірін түртпектеу, төбелесу, араздасу басталмай тұрмайды. Өкінішке орай, отбасы мүшелері де осындай елеусіз әрекеттерімен жеткіншектің психикасына кері әсер етіп жатады.


Бесіншіден, карантин кезінде баланың бос уақыты өте көп. Оны ғаламтор мен әлеуметтік желіге, компьютерлік ойындар мен бейнежазбалар көруге сарп етуде. Ал, мұндай уақыт өткізудің зияны жайлы айтпаса да түсінікті.

Әр отбасы мен әр жасөспірімнің өмір салтына сай бұл айтылғандардан да бөлек себептер болуы мүмкін.


Бұл себептердің бала санасына кері әсер тигізуіне ата-ана тосқауыл бола алады. «Қалай?» деген сұрақ туса, келесі қадамдармен танысыңыз.


  1. Жиі әңгімелесу

Бұл күндері балалар қатарластарымен, өзін түсінетін адамдармен құрған әңгіме-дүкенге зәру. Әлеуметтік желіде хат-хабар алмасу күнделікті бетпе-бет отырып айтылған сырлардың орнын баса алмайды. Осының орнын толтыру үшін балаңызды жиі сөзге тартыңыз. Түрлі тақырыпта сұхбат бастаңыз. Өзі туралы, достары туралы сұраңыз. Сондай-ақ, өзіңіз жайлы да айтуды ұмытпаңыз. Блаңыздан көмек сұраңыз. Мәселен, жаңа гаджеттерге байланысты бір нәрсені жасауды көрсетуін, үйретуін өтінуге болады. Осылайша досы, сыыптасы рөліне еніп тұрыңыз.


2. Уақытты дұрыс жоспарлау

Карантин кезінде баланың бос уақыты көп. Бірге отырып, тиімді пайдалану жолында жоспар жасаңыздар. Жоспарға тек өзіңіз қажет деп тапқан істерді ғана енгізбеңіз. Баланың қызығушылығын, қалауын назарға алу міндетті. Мәселен, компьютерлік ойын ойнағысы келді дейік. Үзілді-кесілді тыйым салмай, оны да бір пункт етіп алыңыздар. Тек уақытты азырақ бөлсеңіз болғаны.


3. Пайдалы әдеттер қалыптастырыңыз

Бұл қадам жоспарлаумен тығыз байланысты. Жоспарлау барысында баланың қалауын қаперге іле отырып, пайдалы дағды қалыптастыратын істерді де шеберлікпен енгізе біліңіз. Айталық, бір мезгіл үй шаруасын жасау немесе жаңа өнер түрін игеру сияқты пункт те болсын. Тек, аса көп уақыт бөліп, бала қызығушылығын жойып алмау жағын да ойлау керек. Бұл жерде жасөспіріммен ересек адамдар секілді келісімшартқа отыра білу шеберлігі керек. қандай да бір пайдалы іспен айналысқаны үшін сыйлық болатынын айтыңыз. Егер оған келіскісі келмесе, сыйлық орнына қандай да бір жаза ұсынасыз. Әрине, сый да, жаза да әркімнің шама-шарқына қарай ойластырылуға тиіс.


4. Сабақты мәжбүрлі түрде оқытпаңыз

Жоғары сынып оқушысы бастауыштағы бала сияқты жетекке жүре қоймайды. Оны өзіңіз де білерсіз. Оларға бір нәрсені мәжбүрлеп жасату қиын. Сондықтан, сабақ оқуда да қысым жасамай-ақ қойған абзал. Қызығушылығы бар бала өзі-ақ оқиды. Ал, арманы, мақсаты басқа болса, босқа мәжбүрлемеген абзал. Кей балалар баға не абырой, болашағы үшін өзі талпынады. Енді біреулері ертеңім үшін керек деп кей пәндерді ғана теріп оқуы мүмкін. Сондай-ақ, келешегін ешбір пәнмен байланыстыра алмайтын, мүлдем басқа жолды таңдайтындар да табылады. Сіздің балаңыз осылардың қайсысына жатады, білесіз бе? Қай топқа жатса да, өз қауқарынан асып түсуді талап етіп қинамаңыз.


5. Теріс қылықтарына түсіністікпен қараңыз

Карантин басталғалы отбасы мүшелері бір-бірін жақын танып жатыр. Әзіл түрінде айтылса да, астарында шындық жоқ емес. «Қызым – үйде, қылығы – түзде» деген сөз бекер айтылмаған. Түзге шыға алмай, үйге тығылған балаңыздың бұрын білмеген кей әдеттері мен әрекеттерін енді байқауыңыз қалыпты жағдай. Оның ішінде жаныңызға жақпайтыны болса, бірден дүрсе қоя жөнелмеңіз. Түсіністік танытуға, өзіне де, өзгеге де зияны тимейтін болса, қабылдауға тырысыңыз. Ал, зиянды, тым ерсі, әдеп пен мәдениет ауылынан алыс әдеттері болса, олармен сақтықпен күресіңіз. Балаға жай сөзбен, үлгімен ұғындырыңыз.

Әр қадамыңыз осындай түсіністік пен мейірімге, дұрыс қарым-қатынасқа сай болсын. Сонда ғана балаңыздың санасының сау, психикасын мықты күйінде сақтай аласыз. Бүкіл адамзат үшін қиын кезең болған карантиннен бірге болу арқылы аман өтейік.

Дайындаған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


"Балам БАЙ БОЛСЫН" десеңіз, мына 4 қатені жасамаңыз