Әйел үнемі күйеуім қашан өзгереді деп күтеді.
Сіздің отбасыңызда жұбайыңызға қатысты мәселе туындады ма? Сіз өмірлік серігіңізді таңдауда қателескендей күй кешіп жүрсіз бе? Немесе сіз және жұбайыңыз балаларға тәрбие беру кезінде және отбасылық бюджетке келгенде пікірлеріңіз қарама-қайшы ма?
Ендеше, мұның шешімін табуда сабырмен, ақылмен және бірлесе отырып жеңген дұрыс. Өйткені, шыдамсыздық туындаған мәселені одан сайын ушықтырады.
Отбасы болған жерде міндетті түрде әртүрлі жағдайлар болып тұрады. Әрине, ерлі-зайыптының арасындағы махаббат пен сүйіспеншіліктен бөлек, кейде бір-бірін түсіне алмау, келісімге келе алмау секілді келеңсіз жағдайлардың да орын алып тұруы отбасылық өмірдің бір бөлшегі болып табылады.
Шиеленіскен мәселелер көбейіп, ушыққан жағдайда отбасында береке болмайды, тыныштық бойын аулақ салады. Сондықтан, кішігірім туындаған мәселе болса да ерлі-зайыпты ақылдаса отырып шешуге дағдыланғаны дұрыс. Өйткені, кеше ғана бір-бірінсіз өмір сүруді елестете алмай қосылған жандар отбасылы болғаннан кейін бір-бірінің кемшіліктерін көре бастағанда арада түсініспеушіліктер туындайды.
Ер адам «айқайлап сөйлесем, жұдырықтап үстелді немесе басқа затты ұрсам, әйелім мен балаларым менен қорқады. Қорыққан кезде олар мені сыйлайтын болады» деген пікір қалыптасқан. Бірақ, бұл өте қате ұғым. Алайда, кейде ер адамның отбасын тәрбиелеуде осындай тәсілді ұстануына әйелдердің өздері де себепкер болып жатады.
ҚАЛАЙ?
Ер адам - проблеманы тудырушы, ал әйел - проблеманы өрбітуші
Әйелдің қателігі сол, ер адамның психологиясы тура өзінікіндей деп ойлайды.
Әйел үнемі күйеуім қашан өзгереді деп күтеді. Қашан қалтасы қалыңдайды, шешесі мен достарының пікіріне құлақ асуды қояды, қашан отбасындағы барлық мәселені өзі реттейді деп күтеді. Оның ешқашан өзгермейтінін білу сондай ауыр. Өйткені, ер адамның болмысы ешқашан өзгермейді. Бұл табиғат. Табиғатпен кім таласа алады? Әйел ауа-райы сияқты тұрақсыз. Оның көңіл-күйі, ойы, көзқарасы жиі өзгеріп тұрады. Еркек тұрақты. Ол қабырға іспетті қозғалмайды. Жартас сияқты. Оның көзқарасы өмір бойы өзгермейді.
Еркектер үйленгенде «әйелім өзгермесе екен» деп тілейді екен
Бірақ ол өзгереді. Әйел күйеуге шыққанда оны өзгертіп алам деп үміттенеді екен. Бірақ ол өзгермейді.
Өзгеруін сұрасақ, оның әйелге айналуын сұрағандаймыз. Өзінің табиғатын өзгертсе, ол мәрмәр тастан ермексазға айналмақ.
Бірақ сыйлау үшін өзгермейтінін біліп қабылдау маңызды. Сол адаммен бас қосқаннан кейін, әйел оны бар кемшілігі мен артықшылығын қоса бүтіндей қабылдауы шарт. Оның барлық қисық-қыңыр мінезін сол күйінше тек жан жары ғана қабылдай алады. Бұл бас ию. Мойындау. Яғни, ол ешқашан болмысын өзгерте алмайтынын түсіну. Соған көну. Ыңғайына қарай амал ету. Егер олай болмаған жағдайда, күйеуімді өзім қалағандай адам етіп шығарамын деп талпыну отбасының бүлінуіне алып келеді.
Ер адамдарға да «әйел қисық қабырғадан жаралған. Оны түзеймін деп сындырып аласыз» деген сөздерді көп айтамыз. Адамның кейбір мінездерін жақсы жағына қарай өзгертуге болатын шығар, бірақ, толықтай адамның болмысын өзгертемін деу ешкімнің қолынан келмейді.
«Мен онсыз да өмір сүрермін. Жаман күйеумен бірге болып, оның қателіктерін өмір бойы кешіріп, қиналғанша жалғыз болсам да балаларымды асырай аламын» деу. Бүгінгі таңда еркіндік, өзіңді асырай алсаң болғаны деген пікір сәнге айналды. Әйелдер қызметте өсу үшін, декретте отырмау үшін, жұмыс орнын жоғалтпау үшін, күйеуінен артық табыс табуға барын салады. Ата-аналар да, ұл оқымаса да қыз оқысын деп, бар ақшаларын соларға жұмсайды. Осыны «дұрыс тәрбие» деп біледі. Жақсы мамандыққа ие болса, қыздары бақытты болады деп үміттенеді. Өзін-өзі асырай алады деп көңілі тоқ болады. Бірақ, өмірде не болмайды? Алда не күтіп тұр деген ой мазалауы керек.
ПРОБЛЕМАны жиі қайталап айта беру мәселені шешуге көмектеспейді
Отбасы болған жерде үлкен-кіші проблемалар туындап тұрады. Бірақ, ерлі-зайыпты ақылдаса отырып, бірігіп, мәселенің түйінін тарқатуға тырысуы керек екені белгілі. Дегенмен, солай екен деп күйеуіңізге ойлануға, проблеманы шешуге уақыт бермесеңіз, ол шатасады. Немесе қырсығып, ештеңе жасамай жатып алуы да мүмкін. Ер адамға жылы сөзбен, оның көңіліне келмейтіндей ӨТІНІШ жасай білу керек.
Көп жағдайда ерлі-зайыптылар бір-бірін тыңдағысы келмейтін кез келген мәселені отбасылық психологтың көмегімен шешуге болады. Ал, отбасылық психологтың көмегіне жүгінгіңіз келгенде күйеуіңізді ол жаққа аттап бастыра алмай, амалыңыз таусылады.
Не істейсіз?
Күйеуіңіз тұнжырап, шаршап келгенде ПРОБЛЕМАны алдына тоса қоймай, оның көңілін жайландырыңыз. Кешігіп келсе, «қайда жүрсің? Ескертіп қойсаң болар еді ғой» деп шаптығуға асықпаңыз. Оның орнына жүзіңізді сәл жұмсартып, «барлығы дұрыс па? Кешіккеніңе уайымдадық қой. Балалар да күтіп қалды.» деп күтіп алсаңыз, мағына өзгерген жоқ, тек дауыс ырғағы өзгереді. Сұрағыңызды алғашқы тонмен қоятын болсаңыз, «ойнап жүрген жоқпын!» деп дүңк еткен жауапты аласыз. Өйткені, сұрағыңыз осылай болды. Егер, екінші тондағы дауыспен сұрақ қойсаңыз, сіздің көңіліңізді орнына түсіру үшін, уайымыңызды тарқату үшін ол өзі-ақ барлығын тәптіштеп түсіндіріп береді.
Міне, осыдан кейін проблемаларыңыз жайлы оған айтып, бір-біріңізді түсіну әлдеқайда жеңілдей түспек.
Г.Жұмаділдаева,
Тағы да оқыңыз: