​Табысты өмір сүру үшін 10 кеңес

0
9 740

Табыс туралы армандаған адамның алғашқы қадамы қандай болуы керек? «Дәмін татыңыз!», содан кейін шын мәнінде жаныңыз қалаған салаға тоқталу қиын емес. Табысқа бастар ең тиімді жол- өзіңізге ұнайтын істі табу және жан-тәніңмен берілу.


​Табысты өмір сүру үшін 10 кеңес

фото: piv-bank.ru

Өзіңізге ұнамайтын, бірақ амалсыз істеп жүрген жұмыстан алып жүрген жалақыдан айырылып қалғысы келмейтін адамдар қаншама?!

Сіз де солардың бірісіз бе? Онда жүрегіңіздің қалауын орындауға тым кеш емес. Жақсы көріп, ләззат алып ыждағатпен атқарған жұмысыңыз сізді байлыққа көміп тастамаса да рухани бай болатыныңызға сенімді болыңыз.

Табыс туралы армандаған адамның алғашқы қадамы қандай болуы керек? «Дәмін татыңыз», содан кейін шын мәнінде жаныңыз қалаған салаға тоқталу қиын емес. Табысқа бастар ең тиімді жол - өзіңізге ұнайтын істі табу және жан-тәніңмен берілу.

Мүмкін, сіз ас әзірлеуді жаныңыз сүйетін шығар, мүмкін билесеңіз көңіліңіз көтерілетін болар? Бәлкім, табиғатта серуендегенді жаныңыз қалай ма?

Осының барлығынан тың идея табуға болады.

Бірден болмаса да кішігірім етіп бизнес бастауға болады және оны ұлғайту да сіздің еңбекқорлығыңызға байланысты.

Ас әзірлеуді жаныңыз қалайды делік, осы салаға аса қатты қызығасыз. Ендеше, мейрамхана бизнесі жайында білім алғаныңыз сізге көп пайда әкеледі. Билеуді жаныңыз қалап тұрса, би үйірмелерінен бастап, арнайы мектептер де ашуға болады.

Ең басты он ереже бойынша жұмыс істей алсаңыз, мақсатыңызға қол жеткізу де жылдамырақ, кедергілері де аз болады. Бастысы - қалаған табысыңызға аз уақытта оңай әрі шаршамай қол жеткізе аласыз:

1. Өзіңнің қолыңнан келетін дүниені өзгеден сұрау - ақымақтық

2. Өз қателігіңнен сабақ ал, мойында және алға қарай қадам басуды жалғастыр

3. Табысқа жету жолында кедергі көп болған сайын табыстың дәмі де соғұрлым тәтті болады

4. Ақша - еркіндік, еркіндік - өмір, еркін өмір сүруге талпыныңыз

5. Адам өзін жақсы жағынан өзгертуге күш жұмсағанда ғана өзінің айналасын өзгерте алады

6. Әрқашан табысты болашағыңды ойла және бүгіннен бастап, сол табысқа жету үшін әрекет жаса

7. Мақсат - өмірдің мәні

8. Өмірде барлығы жайдан жай бола бермейді. Біреу табысқа жеткен болса-онда ол көп еңбектенген

9. Әрекет жасамай, құр жоспарлау ол- арман. Ал жоспарсыз әрекет ету-ақымақтық

10. Аз сауда жаса, бірақ, ең жақсысын сатып ал

Жер бетінде қанша адам болса, сонша пікір бар. Сондықтан, жанашырларыңыздың пікірімен санасу керек, бірақ, кім не айтса да бас шұлғып келісе кетуге де болмайды.

Өйткені, біреу сізге өзіңді қалай ұстау керектігін, нені оқып, нені оқымау керектігін және жейтін тағамдарыңа дейін, ақшаны қалай жұмсау керектігін «үйретіп» жатса сіздің жаныңыздың қалауы бойынша емес, өзгенің қалауымен өмір сүрген болып шыға келесіз.

Егер айналаңыздағы адамдар сіздің ойыңызды өзгерткісі келсе, ойға алған мақсатыңызды ашық түрде келеке ете бастаса, оған позитивті түрде қараңыз. Ағысқа қарсы жүру қаншалықты қиын болса да табысты адамдардың өмірі де осындай жағдайдан бастау алғанын еске алыңыз.

Болашаққа сеніммен қараңыз, аяғыңыздан шалушылар болса да көңіл аударып, артыңызға қарайламаңыз. Өйткені, өткен нәрсе өтті-кетті. Қайтара алмайсыз, алдыңыздағы өміріңіздің сәттілікке толы болғанын қаласаңыз, өзіңіз сенімді болған нәрсеге ТӘУЕКЕЛ етіңіз! Себебі, «тәуекел түбі жел қайық, өтесің де кетесің, уайым түбі тұңғиық, батасың да кетесің», мақсатыңыздан таймаңыз.

Алдыңыздан «жиған-тергеніңді о дүниеге арқалап әкете алмайсың» деген сөздер де шығуы мүмкін. Дүниенің өткінші екендігін еске салып отыратын адамдардың бары қандай жақсы. Бірақ, сіз сонда да мақсатыңыздан бас тарпаңыз. Қартайған күніңізде кісі қолына кіріптар болудан, қабағын бағудан сақтанғыңыз келсе ЖАҒДАЙЫҢЫЗДЫ ЖАСАҢЫЗ!

Тым құрығанда қартайған шағыңызда да қаншама адамға пайдаңыз тиеді, жақындарыңызға көмек қолын соза аласыз.

Бастысы, мүлдем ұмытуға болмайтын нәрсе - ақшаға құл болудан сақ болыңыз және орынсыз ысырапқа жол бермеңіз.

Табысты болудың бұл құпияларын көпшілік жақсы түсінеді, дегенмен, ӘРЕКЕТ бар жерде БЕРЕКЕТ бар екенін ұмытпаған жөн.

Дайындаған: Гүльвира ЖҰМАДІЛДАЕВА,

ERNUR.KZ