Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, жастармен пікір алмасты.
Түркістан облысында республикалық «Тау FEST» іс-шарасы басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүгін Түркістан облысы, Төлеби ауданындағы «Тау самалы» демалыс орнында «Тау FEST» лагері іс-шарасы басталды. Лагерь жұмысына еліміздің Шымкент қаласы, Қызылорда, Жетісу, Жамбыл, Түркістан облыстарынан 300 белсенді жас қатысуда. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған көшбасшы жастардың басын біріктірген шараға арнайы қатысып, жастармен пікір алмасты.
«Түркістан өңірінде өздеріңіздей белсенді жастармен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Қазақтың төле биінің атымен аталатын аймақта еліміздің көсем, көшбасшы, белсенді жастары жиналып отыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру еліміз үшін айрықша маңызды. Әрбір азаматымыз, әсіресе, жастар ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажет. Оның бәрі бірігіп, біртұтас қоғамдық қасиетке айналады» деген болатын. Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген сөзі бар. Ұлт мүддесі жолында мінезді, қайратты болыңыздар. Бүгінгі күні біздің облыс жастарының арасында көшбасшылар көп. Талантты жастарымызбен мақтанамыз. Мен де сіздердей жас болғанмын. Бұрын барып көрмеген қалада білім алып, өмірлік тәжірибе жинадық. Қазір жастар үшін мүмкіндіктер көп. Колледждер мен университеттерде гранттар қаралған. Кәсіпкерлікпен айналысамын дейтін жастар үшін де жеңілдіктер бар. Ең бастысы, жігерлі болу керек. Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Жастардың сапалы білім алумен қатар, спортпен, өнермен шұғылданып, еліміздің дамуына өз үлестерін қосуы – біз үшін ерекше маңызды. Бүгінгі маңызды іс-шара жастардың жүрегіне жалын беріп, жаңа идеяларға жетелейді деп сенемін», – деді облыс әкімі.
Алғашқы күні еліміздің жастар саясатында өз орны бар сала өкілдері «Спорт және өнер» және «Жастар саясаты» тақырыбында талқылаулар жүргізіп, тәжірибелерімен бөлісті. Қатысушы жастарға семинар-тренинг өткізілді.
Шара барысында мүмкіндігі шексіз жандардың фото-көрмесі өтті. Туындылары аукционға қойылды. Интелектуалды ойындар ойналды.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Елнұр Бейсенбаев пен Мақсат Толықбай және өзге де спикерлер жастармен бірге өзекті тақырыптарды қозғап, пікір алмасты.
Айта кетейік, Түркістан облысы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастырған республикалық іс-шарасы үш күнге жоспарланған. Мақсаты – қазақ жастарының бірлігін нығайту, интеллектуалды ортаны қалыптастыру, белсенді, отаншыл жастарды жан-жақты дамытып, қолдау көрсету.