Ақан Сатаев: "Ақмешіт үңгірін көру арманым еді"

0
2 120

"Nomad Explorer" экспедициялық жобасы "Оңтүстік аңыздары" деген атаумен Түркістан облысына келді. Топ құрамында өнер, спорт саласының жұлдыздары мен қоғам белсенділері бар.


Ақан Сатаев:

Құрамында 700-ге жуық адамы бар "Nomad Explorer" экспедициялық жобасы "Оңтүстік аңыздары" деген атаумен Түркістан облысына келді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Еліміздің әр өңірінен келген қонақтар арасында "Қазақ барысы" атанған қызылордалық Мұқит Тұрсынов, әнші Парвиз Назаров, КТК телеарнасының экс-директоры Арман Шораев, саясаттанушы Дос Көшім, қоғам белсендісі Мұқтар Тайжан секілді республикамызға танымал өнер және спорт жұлдыздары, кәсіпкерлер бар.

Кеше қонақтар Бәйдібек ауданындағы Ақмешіт үңгірінде болып, алған әсерлерін жергілікті журналистерге айтып берді. Мәселен, Арман Шораев «Керемет әсер алдым» деп қысқа қайырса, кинорежиссер Ақан Сатаев бұл үңгірді көруді көптен армандапты.

Суреттерді түсірген: Олжас Мамыр

"Мен мұнда бірінші рет келдім. Жарты жыл бұрын Әнуар Нұрпейісов деген інімнің инстаграм парақшасында суреттен көргенмін. Содан бері Ақмешітті көруді армандап жүргенмін. Мінеки, Аллаға шүкір сәті түсіп, бүгін осындамыз. Біріншіден, бізді ардақты қонақ ретінде шақырған Марғұлан Сейсембаевқа рақмет. Кеше Жамбыл облысында болып, бүгін міне Түркістан облысына келдік. Бізді құрметтеп күтіп жатыр. Керемет! Бұл елімізге, халқымызға керек дүние. Бұны насихаттау керек. Еліміз бізде тамаша, қасиетті жерлер барын білу керек. Экономикалық тұрғыда да бұның бізге пайдасы болады деп сенемін. Ішкі туризмді әліміз келгенше, көтеруіміз керек", - дейді ол.

Ғалымдардың зерттеуінше, Ақмешіт үңгіріндегі ауа адамның жүйкесін тыныштандырып, қан қысымын жақсартады. Бойдағы жағымсыз энергияны тартып алады екен.