«АҚША ЖИНАУДАН, ТАЯҚ ЖЕУДЕН ШАРШАДЫҚ»: Түркістандық «Киллер полицей» жайлы ақпарат көпшіліктің назарын аударды

0
970

«Жұмыста үнемі шорты, майкімен жүреді» дейді қол астындағы әріптестері.


«АҚША ЖИНАУДАН, ТАЯҚ ЖЕУДЕН ШАРШАДЫҚ»: Түркістандық «Киллер полицей» жайлы ақпарат көпшіліктің назарын аударды

фото бейнематериалдан алынған

Түркістандық полицей жайлы ақпараттар көпшіліктің талқылауына түсті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бірнеше сағат бұрын қоғам белсендісі Айгүл Орынбек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына «Полицияда жұмыс істейтін жігіттер әділдік іздейді!» деген тақырыппен жазба және бейнематериал жариялады.


«Мынау видеоны Қазығұрт ауданы ішкі істер бөлімінде жұмыс істейтін жігіттер жіберді! «Бізді бастықтың орынбасары Алдабергенов, кличкасы «Киллер» кабинетіне кіргізіп ұрады. Бізден, сосын учаскілік қызметкерлерден қорқытып ақша жинайды. Біз түгілі генералдар қорқады бұдан», деп менен көмек сұрап отыр. Берік Асылов мырза мына жігіттерге СІЗ ғана көмек бере аласыз! Себебі ҚР Ішкі істер министрлігі/Министерство внутренних дел РК Өзіндік қауіпсіздік басшысы Арман Саданов жұмыс істеуді қойған. Бұндай проблема шықса өзара жәй іштен жауып қоя салатынын білген соң, мына қызметкерлер түн ортасында маған шығып отыр деп ойлаймын! Түркістан облысы мен Шымкент полиция қызметкерлерінің ішкі құрамдағы жағдайдың мәз емес екенін, бір емес бірнеше рет Марат Ахметжановқа тікелей айтқым келген. Бірақ ол кісі тыңдағысы келмеді ме, мені қабылдамады! Полиция қызметкерлерінің өздері осылай таяққа жығылып, құқықтары тапталып жатса, олар халықтың құқығын қалай қорғайды?» - делінген қоғам белсендісінің жазбасында.


Сонымен қатар, Айгүл Орынбек бұл жазбасын толықтырып, парақшасына «Қазығұрт полициясындағы “Киллер” басшы!» деген тақырыппен тағы да бейнематериал жүктеді. Оның айтуынша, полицедің қол астындағы әріптестері «Жұмыста үнемі шорти, майкімен жүреді» - дейтін көрінеді.


«Берік Асылов мырза тексеру жіберіңіз, жеке құрамның өздерін жинап сұрасаңыз бәрін айтып береді. «Ақша жинаудан, таяқ жеуден шаршадық», деп отыр формадағы жігіттер! Дұрыс жігіттер үндемей отырмаңдар, шығып айтыңдар! Білем жоғарыдағылардың құлақтары керең! Маған айтыңдар «Әділетті Қазақстанды» бірге құрамыз!», - деген ол өз сөзінде.


Сондай-ақ, келесі жазбасында өзіне адам жіберіп, қоқанлоқы жасаудың қажеті жоқ екенін және бұл видеоның парақшасынан өшпейтінін жеткізген.


«Кез-келген азамат құқығы тапталып жатқанда Жариялық принціпке көшуге толық құқығы бар! Сіз кабинетке тығып алып ұрсаңыз, біз оны елге ашық түрде көрсетеміз! Заң бәрімізге ортақ! Құқығы тапталған қызметкерлер, өз ғимаратыңызда тұрған камералардан түсіріп алып, менен көмек сұрауға мәжбүр болған. Яғни сіз өз қызмет бабыңызды асыра сілтеп пайдалаған соң, сізден қоқан лоқы, ұрып соғу, ақша жинау сияқты , қызметіңізге сай емес, теріс әрекеттерден шаршаған! Сол себепті Жариялық түрге көшкен. Себебі жоғарғы басшыларға бірнеше рет айтылған екен! ҚР Қылмыстық кодексінің 362-бабымен Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдаланғаныңыз үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылу керексіз!», - дейді қоғам белсендісі.


Өз кезегінде аталған жазбаларға Түркістан облыстық полиция департаменті де жауап берді.


«Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының тапсырмасымен шұғыл түрде арнайы комиссия құрылып, Қазығұрт АПБ-да тиісті тексеру жұмыстарын жүргізуде. Комиссия құрамында Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары, Өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы және тағы да басқа тиісті мамандар бар. Тиянақты тексеру жұмыстары жүргізіліп, заңды шешім қабылданатын болады. Бұл жайт департамент бастығы М.Қабденовтің бақылауында», - делінген департамент жауабында.