Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды мерекемен құттықтады

0
969

Асыл жанды аналар да шынайы алғыстарын білдіріп, ақ баталарын берісті.


Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды мерекемен құттықтады

"Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен Түркістан қаласындағы әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды Наурыз мерекесімен құттықтап, азық-түлікпен жәрдем көрсетуге арналған қайырымдылық шарасы өтті, ERNUR.KZ.

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының Ұлыстың ұлы күнін мерекелеуге байланысты көтерген жаңа бастамалары негізінде қолға алынған игілікті іс аясында музей қызметкерлері әрбір шаңыраққа бас сұғып, аналардың хәлін, балалардың жайын сұрап, ұлық мерекемен құттықтады.

– Шаңырақтарыңыздан шаттық, қуаныш кетпесін. Ұлыс оң болсын! Алдағы уақытта да қорық-музей ұжымының тартулары жалғаса береді. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының өздеріңізге деген ықыласын қабыл алғайсыздар! – деді Нұреке Ахметжанов.

Асыл жанды аналар да шынайы алғыстарын білдіріп, ақ баталарын берісті.

Бүгінгі таңда, денсаулығына байланысты зейнеткерлік демалысқа шыққан Несібелі Тұрысова апа бұрын өзі қызмет атқарған "Әзірет Сұлтан" қорық-музейі ұжымына алғысын білдірді. Үнемі хәл сұрасып бас сұғып, көңіліне демеу болған әріптестерінің Наурыз мерекесі қарсаңында арнайы келуі шын қуанышқа кенелткенін жеткізді.

– Ең қуаныштысы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының Наурыз мерекесімен бізді арнайы құттықтап, сәлем жолдауы, қорық-музей басшысы Нұрболат Қадырұлының ыстық ықыласы көңілге шуақ, бойға қуат сыйлағандай. Мен күтпеген тосын құттықтаулар үшін мың алғыс, – деді Несібелі Тұрысова апа.

Бұған дейін де "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасылар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға қолдау көрсетіп, қайырымдылық шараларын ұйымдастырып келген болатын. Ал, жыл жаңарып, тіршілік қайта оянған шақпен тұспа-тұс келетін Наурыз мерекесінде әр шаңыраққа арнайы барып ұлы күнді ұлықтау алдағы уақыттарда да жалғасын табады.

© «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі»