"Әнім саған, Түркістан!" Әйгерім Қалаубаеваның концерттік бағдарламасы өтті

0
2 478

Кешті ақын, сазгер, әнші Арман Дүйсенов жүргізді.


Бүгін Түркістан облысы Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен «Түркістанды бірге түлетейік» жобасы аясында өңірімізден шыққан эстрада жұлдыздары Әйгерім Қалаубаева мен Индира Елеместің "Әнім саған, Түркістан!" концерттік бағдарламасы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысынан шыққан қос өнер жұлдызы халық жүрегінен орын алған әндерімен көрермен қошеметіне бөленді.
Концерт барысында Түркістан облысы Мәдениет басқармасының басшысы Нұрдәулет Исабек туған жердің халқына айрықша көңіл-күй сыйлап, әсем әндерімен баураған эстрада әншілеріне облыс әкімі және Түркістан халқы атынан алғыс білдіріп, естелік сыйлықтар табыстады.

"Жеке шығармашылығымызға арналған концерттік бағдарламаны ең алғашқы болып киелі де қасиетті Түркістан облысынан бастадық. Облыстың аудан, қалаларында өткен кешіміз рухани астанада қорытындыланды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың "Рухани жаңғыру" бағдарламасының екі жылдығы мен Түркістанның облыс орталығы атануына осы өңірден бойымызда бүр жарған өнер тартуы арқылы үлес қосқанымызға қуаныштымыз. Киелі Түркістан түрлене берсін!",-деді Әйгерім Қалаубаева.

"Түркістан қаласы қаншама тұлғаларды түлеткен киелі өңір. Түркістан - тарих. Түркістан - болашақ. Түркістан - қаншама өнер иелерінің мекені. Менің де еңбек жолымның басым бөлігі Түркістанда өтті. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде алты жыл еңбек етсем, Р.Сейтметов атындағы сазды-драма театрында да Райымбек ағадан тәлім алып, 56 қойылымның музыкасына үлес қостым. Бұл жұмыстар мен үшін мақтаныш. Түркістанға қанша еңбек сіңірсек те артық етпейді",-деді сазгер Арман Дүйсенов.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларын негізге ала отырып, еліміздің мәдени, рухани, тарихи дамуына үлес қосу мақсатында қолға алынған концертті төрт мыңға жуық көрермен тамашалады.

Айта кетсек, Түркістан облысынан шыққан өнер жұлдыздарының «ТҮРКІСТАНДЫ БІРГЕ ТҮЛЕТЕЙІК» қайырымдылық концерті сәуір – желтоқсан аралығында Түркістан қаласында өтетін болады.

Концертті облыс орталығы Түркістан қаласында ұйымдастыру жергілікті халық пен қала қонақтарының, сонымен қатар, аз қамтылған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың бос демалыс уақытын тиімді пайдалануға үлес болып табылады. Сондай-ақ, айтулы шара еліміздің рухани және мәдени астанасы саналатын Түркістан қаласының мәдени тұрғыда өсіп-өркендеуіне де бірден-бір септігін тигізері анық.

Дереккөз: Түркістан облысы Мәдениет басқармасының баспасөз қызметі