Арыстағы жарылыс: 16 адам бас бостандығынан айырылды

0
461

4 жылдан 10 жылға дейін...


Арыстағы жарылыс: 16 адам бас бостандығынан айырылды

2019 жылы Арыс қаласындағы әскери қоймада орын алған жарылысқа кінәлілер сотталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


2 жыл бұрын Арыс қаласындағы әскери қоймада апатты жағдай орын алып, 3 адамның өмірін қиған еді. Аталған жарылысқа кінәлі деп танылған 16 адам сот шешімімен түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды.


«Айыпталушы тарап пен оның адвокаттары күдікті ретінде тартылған азаматтарды ақтап, қылмыстық істі тоқтатуды сұрады. Қорғаныс министрлігі мен әскери бөлімнің басшылық құрамы қызметке немқұрайды қарағаны үшін (Қылмыстық кодекстің 453-бабы 2-бөлігі), атап айтқанда, қызметтік міндеттердің орындалуын бақылау жөніндегі шараларды қолданбай, оқ-дәрімен жұмыс істеу ережесін бұзғаны үшін (ҚК 462-бабы 3-бөлігі) кінәлі деп танылды», - деп хабарлады Шымкент гарнизоны әскери сотының баспасөз қызметі.


Айта кетсек, прокурорлар сотталушыларға 4 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды және азаматтық талаптарды қараусыз қалдыруды сұраса, жәбірленушілердің басым бөлігі істің шешімін соттың ұйғарымына қалдыруға ниет білдірген. Сотталғандардың ішінде ең ұзақ мерзімге «әскери мақсатқа бөлінген қаражатты жымқырды» деп айыпталған күдіктілер кесілді. Атап өтсек, аудандық пайдалану бөлімінің басшылығы мен әскери бөлім командирі техникалық күзет құалдарын монтаждауға бөлінген бюджет қаржысын жымқырғаны үшін 7 және 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Одан бөлек, қосымша жаза ретінде аталған тұлғаларға мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік секторда лауазымды қызмет атқаруға тыйым салынды.


Сондай-ақ, сотқа қылмыстық іспен бірге ұсынылған азаматтық талаптар қараусыз қалдырылды. Істің бұл бөлігінде жөндеу жұмыстарын жүргізген мердігер ұйымдар мен меншік иелері арасындағы даудың болуына байланысты азаматтық сот өндірісіне жүгіну ұсынылды.


«Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Тараптар онымен келіспеген жағдайда Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 31-бабы бойынша жоғары тұрған сотқа шағым беруге құқылы. Қылмыстық іс 550 томнан тұрды. Іс бойынша 1 473 жәбірленушіден жауап алынды. Сотқа қатысушылардың көптігіне және сот отырыстарын соған сай залда өткізу қажеттілігіне байланысты іс режимдік объекті – әскери бөлімде қаралды. Оның аумағына азаматтарды жіберу нысанның қолбасшылығының рұқсатымен ғана іске асырылды», - делінген соттың ресми мәлімдемесінде.