Арыстық кәсіпкер тойханасын ардагерлер үйіне айналдырды

0
810

Заманауи үлгіде жабдықталған, елімізде теңдесі жоқ ардагерлер үйінің ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қатысып, қариялардың қуанышына ортақтасты.


Арыстық кәсіпкер тойханасын ардагерлер үйіне айналдырды

Арыстық кәсіпкер Рамазан Қадырқұл жеке меншігіндегі тойхананы ардагерлер үйіне айналдырды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қаланың жаңа әкімі Гүлжан Құрманбекованың түрткі болуымен ашылған ардагерлерге арналған «Белсенді өмір сүру» орталығында ардагерлер кеңесі мен спортпен шұғылдану аймағы орналасқан. Сонымен бірге қажетті жиһаздармен жабдықталған тұз шахтасы, сенсорлық бөлме, интернет-кафе, йога, үстел теннисі, бильярд, шахмат, дойбы ойындары аймақтары мен кітапхана қызметін ұсынады. Заманауи үлгіде жабдықталған, елімізде теңдесі жоқ ардагерлер үйінің ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қатысып, қариялардың қуанышына ортақтасты.

"Санадан ешқашан өшпейтін ұлы ерлік, бүгінгі тыныштық бесігін тербеткен жеңімпаз жастардың қайратын жанып, бекемдігін бекіте түсетіндей. Аталар айбыны – ізбасарларға аманат! Ұрпақтар сабақтастығын ұмытпай еске салып отыратын осы бір қос қуаныш баршамыз үшін де осынысымен құнды. Ардагерлеріміз аман, жастарымыз отаншыл болсын! Арыстық ардагерлер үшін жасалған осындай игі бастама, үлгі болар іс әрі қарай өзге аймақтарда жалғасын табады деп сенемін",- деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.
Арыс қаласының ардагерлері үшін мерекеде үлкен тарту болып отырған ғимараттағы үйлестіру жұмыстарын Арыс қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты "Асыл жүрек" әлеуметтік орталығы жүзеге асыратын болады. Әсем ғимаратта қарттардың бас қосып, жиын өткізулеріне, тынығып, шығармашылықпен айналысуы үшін барлық жағдайлар жасалған. Терапевт дәрігері мен емдік массаж бөлімі жұмыс істейді. Арыс қаласындағы 6 мыңнан астам ардагер үшін бұл орталықтың ашылуы үлкен қуаныш. Себебі бұған дейін ардагерлерге арналған мұндай орындар болмаған. Айта кету керек, екі қабаттан тұратын ардагерлер орталығы ғимаратының бір бөлігі "Неке сарайы" ретінде өз жұмысын бастады. Облыс әкімі ақсақалдармен жүздесіп, оларды Жеңіс күнімен құттықтады. Шара барысында санитарлық талаптар қатаң сақталды.
Арыс қаласына жұмыс сапарында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Ресей нарығына жол ашқан Ақдала ауылдық округіндегі жеке кәсіпкер Рахымжан Кенжебаевтың жылыжай кешенінде болды. Жылына екі мәрте қызанақ пен қияр өнімдерін еліміздің бірнеше облыстарымен қатар, Ресейге экспорттап отырған кәсіпкер жылына 200 тоннаға жуық өнім шығарады. Кәсібін 25 соттық жерден бастап, жылыжай аумағын 3,5 гектарға жеткізген. Ресейге жөнелтіліп жатқан қиярдың 1 келісі 250 теңгені құрайды.
Кәсіпкер сұранысқа сай жылыжай аумағын ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Облыс басшысы баспана кезегінде тұрған азаматтарға арналып салынған Арыстағы көпқабатты тұрғын үйлерді аралап көрді. «Көктем - 2» ықшамауданындағы жалпы аумағы 6 мың шаршы метрді құрайтын 36 пәтерлік 3 қабатты үйлердің құрылысы толық аяқталған. Жақын күндері коммуналдық тұрғын үй кезегінде тұрған 100-ден аса отбасыға пәтерлер табысталады. Сондай-ақ, жыл соңына дейін тағы 240 арыстық отбасы баспаналы болады. Бүгінде мұнда 4 бірдей көпқабатты үйдің құрылысы жүріп жатыр.