«АУЫЛ АМАНАТЫ»: Созақта тұрғындарға 2,5 пайыздық несие беру басталып кетті

0
815

7 адам қажетті несиеге қол жеткізсе, 24 адамның несиесі мақұлданған.


«АУЫЛ АМАНАТЫ»: Созақта тұрғындарға 2,5 пайыздық несие беру басталып кетті

Созақ ауданында «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы бойынша тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Созақ ауданы әкімдігі ғимаратының үлкен мәжіліс залында 2023 жылдан бастап ауыл халқының табысын арттыру мақсатында іске қосылған «Ауыл аманаты» пилоттық жобасын кеңінен жүзеге асыру мақсатында жиын өтті. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Ақәділ Сатыбалды ашып, жүргізіп отырды.


Аталған іс-шарада арнайы келген жұмысшы топ шаруалар мен кәсіпкерлік бастамасы бар халықты қаржылай қолдау жайлы түсіндіріп, «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы аясында жеңілдетілген несиелер бойынша қажетті ақпараттармен бөлісіп, облыс бойынша ауыл халқының табысын арттыру үшін мемлекеттік жеңілдетілген несиенің алу жолдарын айтты. Ал, жиынға қатысушы тұрғындар арнайы түсіндіру тобының өкілдеріне сұрақтарын қойып, нақты жауаптарын алды.


Айта кетсек, бұған дейін «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы аясында Созақ, Құмкент ауылдық округтерінен 7 адам қажетті несиеге қол жеткізсе, 24 адамның несиесі мақұлданған. Сондай-ақ 26 азаматтың құжаты дайындалып, 55 азаматтың құжаттары «Ырыс» МҚҰ ЖШС-нің қарауына берілген. Қазіргі таңда бұл жобаға Шолаққорған, Жартытөбе ауылдық округтері қоса қамтылып, тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Жобаның негізгі мақсаты – ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын аграрлық бизнеске тарту, азық-түлік қауіпсіздігін қамту және ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға байланысты мәселерді шешу. Бұл бағдарлама бойынша тұрғын үймен бірге техника және сапалы салынған гараж, сарай, қора сияқты қозғалмайтын мүліктер кепілдікке алынатын болады.


Жиында аудан әкімінің орынбасары жиналыстың күн тәртібіндегі мәселенің өзектілігін ескере отырып, туындаған мәселелерді бірлесе шешіп, ниет білдіруші жергілікті тұрғындарға қолдау көрсетілетінін хабарлады. Бұл жөнінде жауапты мамандарға тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын түрлі бағытта жүзеге асыруды тапсырды.


Жиынды қорытындылаған аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев жобаны іске асыру бағытында ұтымды ұсыныстарын ортаға салып, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру мақсатында қолға алынған жобаны тиімді іске асыру үшін тиісті жұмыстарды жүйелі жүргізу керектігін айтты.