Ауыс-түйіс: Түркістан қаласына жаңа әкім тағайындалды

0
600

Осы уақытқа дейін бұл лауазымды Рашид Аюпов атқарып келген еді.


Ауыс-түйіс: Түркістан қаласына жаңа әкім тағайындалды

Түркістан қаласының әкімі болып Нұрбол Тұрашбеков тағайындалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеевтің өкімімен, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі және Түркістан қаласының мәслихат депутаттарының келісімімен Түркістан қаласы әкімі қызметіне Нұрбол Тұрашбеков тағайындалды. Жаңа әкімді қала активіне Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев таныстырып, алдағы мақсат-міндеттерін айқындап берді. Түркістан қаласының жаңа әкіміне үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғанын айтып, абыройлы еңбек ететініне сенім білдірді.


«Түркістан қаласының дамуының бірінші кезеңі аяқталып, екінші кезеңі басталды. Өздеріңізге белгілі, жақында ғана өңірдің кешенді жоспары бекітілді. Онда алдағы 5 жылда атқарылар жұмыстар нақтыланған. Соның аясында жүйелі жұмыс істеу керек. Түркістанның климатын өзгерту жолында мамандар өте көп еңбек етуде. Осыны жалғастыру керек. Екі жылда 400 гектар жер саябаққа айналды. Бірнеше су айдындары пайда болды. Түркістан – туған қаламыз. Бүкіл әлем көз тігіп отырған түркі әлемінің рухани астанасы. Осындай киелі мекенді басқару бұйырған жаңа әкімнің алдағы жұмысына сәттілік тілейміз» , – деді облыс әкімі.

Түркістан қаласына тура екі жыл әкім болған Рашид Аюпов осы уақыт ішінде өзіне қолдау білдірген барша азаматтарға қала активі алдында алғысын айтып, қоштасты.

Ал, Түркістан қаласының жаңа әкімі Нұрбол Тұрашбеков өзіне білдірген сенім үшін алғысын айтып, Түркістан қаласының өркендеуі жолында бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді. Берілген тапсырмаларды мерзімінде әрі сапалы орындауға уәде берді.


Айта кетейік, Нұрбол Әбдісаттарұлы Тұрашбеков 1980 жылы туылған. Ұлты қазақ, білімі жоғары, мамандығы - инженер-экономист, инженер-жерге орналастырушы.


Еңбек жолын 2001 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Ордабасы ауданында «Оңтүстік Қазақстанжер Ғылыми өңдірістік орталығы» еншілес мемлекеттік кәсіпорынының Ордабасы жер-кадастрлық бюросында жерге орналастырушы ретінде бастаған.


2002 жылы Ордабасы аудандық жер-кадастрлық бюросының меңгерушісі, 2009 жылы Сайрам жер-кадастрлық бюросының директоры, 2010 жылы «ОңтүстікҚазақстанжер Ғылыми өңдірістік орталығы» еншілес мемлекеттік кәсіпорынының директоры, 2012 жылы (Астана қаласы) «Жер Ғылыми өңдірістік орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Бас директорының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалған.


2016 жылдың сәуір айынан бастап «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы» дирекциясы директорының орынбасары, «Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру» дирекциясы Мемлекеттік жер кадастры басқармасының басшысы лауазымын атқарған. 2017-2020 жылдар аралығында Түлкібас ауданының, ал 2020 жылдың басынан қазіргі уақытқа дейін Ордабасы ауданының әкімі қызметін атқарып келген.


Айта кетейік, осы уақытқа дейін Түркістан қаласының әкімі лауазымын Рашид Аюпов атқарған еді.