Бізге әділдік, тәртіп пен тазалық керек – Дархан САТЫБАЛДЫ

0
789

Аудан әкіміне тапсырмалар берілді.


Бізге әділдік, тәртіп пен тазалық керек – Дархан САТЫБАЛДЫ

Түркістан облысының әкімі Сауран ауданында кезекті көшпелі мәжілісін өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сауран ауданына жұмыс сапарымен барып, ауданның даму барысы туралы кезекті көшпелі мәжілісін өткізді. Жиында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев білім, мәдениет, спорт, жастар саясаты салаларындағы мәселелерді қозғаса, Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов ауданың экономикалық-әлеуметтік дамуындағы кедергілерге тоқталды. Өңір басшысы кемшіліктерге жеке-жеке тоқталып, жұмыс барысындағы олқылықтарды қатаң сынға алды. Аудан әкіміне тапсырмалар берілді.


«Ауданға инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы саласын дамыту, өнеркәсіп өнімі көлемін арттыру бойынша жоспарлар орындалмаған. Жалпы, жүзеге асып жатқан жұмыстардың сапасы өз деңгейінде емес екендігі аңғарылып тұр. Бюджет түсімін молайту, жаңа жұмыс орындарын ашу, ауданның даму жоспарын жасау бағытында жұмыстар атқарылуы керек. Кемшіліктерді жою үшін 1 ай мерзім беремін. Нәтижесі бойынша ақпарат енгізіңіз. Жұмысыңызды көрсетіңіз. Бәрін ретке келтіру керек. Биылғы су тасқынына аудан дайын болмай шықты. Енді ол жағдай қайталанбауы үшін төтенше жағдайдың алдын алу жұмыстарын күшейтіңіздер. «Ауыл аманаты» жобасы арқылы атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларды көптеп тарту қажет. Сауран ауданының туристік мүмкіндігі де үлкен. Бұл бағытта ұсыныс беріңіздер. Тек бюджетті игерумен отырсақ, іс алға баспайды. Іскерлікті көрететін кез келді. Идеялар, ізденістер қажет», – деген Дархан Сатыбалды білім, мәдениет, «Artsport» бағдарламасын жүзеге асыру, спорт, денсаулық сақтау, абаттандыру, тазалық сақтау, жастарға қолдау көрсету жұмыстарын да назарда ұстауды тапсырды.


«Біз жас ұрпақтың дамуына көңіл бөлмесек, қоғам дамымайды. Жаңа слайдтан мектептердегі жағдайды көрдіңіздер. Жарайды, жөндеу жұмыстары енді басталады делік. Бірақ іші-сыртын қоқыстан тазартып қоюға болады ғой. Мәдениет үйінде де сол жағдай. Қоршаған ортасы осындай болса, жастарымыз қалай дамиды? Білім ұяларындағы кемшіліктерді жоюды тапсырамын. Бізге әділдік, тазалық пен тәртіп керек. Тапсырмалар хаттамаға енгізіліп, басқармалар мен аудан әкімдігі жұмысты ширатсын», – деді өңір басшысы.


Аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаевтің айтуынша, бюджет кірісі 1 млрд. 636,1 млн. теңгені құраған. Жалпы өңірлік өнім көлемі 101,0 млрд. теңгеге жеткен. Құрылыс жұмыстары 4 млрд. 270,0 млн. теңгені құраса, пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы 30 мың 124 шаршы метрді құрап отыр. Облыс әкімінің тапсырмасына байланысты ауданды дамыту жұмыстары жалғасады.