"Бұл мәселе жақын арада ШЕШІЛМЕЙДІ": Түркістан облысында білікті мұғалімдер жетіспейді

0
1 389

"Бұл мәселе жақын арада шешілмейді".


иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Кеше ғана Білім және ғылым министрі болып қайта сайланған Асхат Аймағамбетов білім саласына үздік педагогтерді тарту және дайындау үшін арнайы бағдарлама әзірленетінін айтты. Министрдің айтуынша, мұндай қадамға баруға кейбір өңірлерде білікті мұғалімдердің тапшы болуы итермелеп отыр. Министрдің сөзіне сенсек, МЫҚТЫ мұғалімдердің жеткіліксіздігі Атырау, Маңғыстау, Алматы және Түркістан облыстарында анықталған. Бұл білім беруде үлкен алшақтық байқалатын өңірлерге жүргізілген талдаудың нәтижесі.

Бұл туралы ERNUR.KZ тілшісі ізденіп көрген еді.


"Бұл өңірлерге жоғары оқу орнын бітірген ең үздік педагогтер тартылады. Оларға арнайы әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылады. Соның ішінде жалақыны арттыру бойынша тиісті коэффициент белгілеу, тұратын үйінің төлемін өтеу немесе коммуналдық қызмет төлемін өтеу сияқты ынталандыру шаралары қарастырылып жатыр", - деді Асхат Аймағамбетов үкімет отырысында.


Ізін ала Түркістан облысы әкімдігі аппаратының жиынында да бұл мәселе сөз болып, мектептерді білікті мұғалімдермен қамтамасыз ету – өңірдегі өзекті мәселенің бірі екені айтылды. Әкімдік ақпаратына сүйенсек, алдағы уақытта өңірімізге қажетті БІЛІКТІ мұғалімдер саны анықталып, «Дипломмен – ауылға» жобасы аясында ұсынылатын қолдау шараларының мөлшерін ұлғайту бойынша ұсыныс енгізілмек.


"Қазіргі таңда білім беру саласы мамандарына «Дипломмен –ауылға» жобасы аясында 100 АЕК мөлшерінде (306,3 мың теңге) біржолғы жәрдемақы және тұрғын үй салу немесе сатып алу үшін жеңілдетілген кредит түрінде әлеуметтік қолдау қарастырылған. «Дипломмен – ауылға» жобасы іске асырылғаннан бері жалпы 11595 маманға 2,1 млрд. теңге көлемінде біржолғы жәрдемақы ұсынылған. Оның 7911-і – мұғалімдер. Сондай-ақ 11,6 млрд. теңге көлемінде бюджеттік кредит ұсынылып, нәтижесінде 3573 маман баспаналы болды, оның ішінде 2 265 білім саласының өкіліне қолдау көрсетілген", - делінген әкімдік ақпаратында.


Сонда, өңірдегі білім ұяларын жоғарғы оқу орнын ЖАҢАДАН БІТІРГЕН, ЖАС, ТӘЖІРИБЕСІ ТОЛЫСПАҒАН мамамандармен қамтамасыз ету арқылы «БІЛІКТІ МҰҒАЛІМДЕРДІҢ ТАПШЫЛЫҒЫН» қалай жоймақ? «Дипломмен – ауылға» жобасы аясындағы ҚОЛДАУ ШАРАЛАРЫНЫҢ мөлшері ҚЫРУАР ҚАРЖЫМЕН өлшенетінін ескерсек, ертеңгі күні аталған бағдарлама аясында да СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ әрекеттері көбейіп кетпейтініне кім кепілдік бере алады? Егер, жергілікті билік пен білім беру саласына жауапты мамандар «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерді болдырмаймыз десе, неліктен бүгінгі күнге дейін «БІЛІКТІ МҰҒАЛІМ ТАПШЫЛЫҒЫН» шеше алмаған? Әлде, бұл іске кірісу үшін міндетті түрде министрлік дабыл қағып, мемлекет басшысы қатаң тапсырма беруі керек пе?

Қазіргі білім беру саласында осындай жауабы анықталмаған сұрақтар мен күрмеуі шешілмей келе жатқан мәселелер көп-ақ.


Аталған проблеманың мән-жайына қанық болу үшін оңтүстік өңірдің білім саласын біраз жыл басқарған Балқия Көмекбаеваны әңгімеге тарттық. Оның айтуынша, бұл мәселе жақын арада шешілмейді.



«Өңірімізде білікті мұғалімдер баршылық. Бірақ жеткіліксіз екенін жасыра алмаймыз. Бұған бала санының көбейіп, тиісінше мектеп пен білімді мұғалім санының оған сай болмауы әсер етіп отыр. Мысалы, кейбір мектептерде орыс тілі, ағылшын тілі, физика, химия сынды пәндерден сабақ беретін білікті ұстаздар тапшы. Сонымен қатар, бұл проблеманың бір ұшы жекеменшік университеттерге тіреледі. Өйткені, сондай ЖОО-ларды бітірген кейбір мамандар мұғалім деген атқа сай болмай шығады.

Сондай-ақ, осы салада қызмет атқарып жүрген мамандар өңіріміздегі бала санын, туу көрсеткішін, жеткіліксіз мектептер санын министрлікке бүкпесіз айту қажет. Себебі, мектеп жетіспейтін, бір сыныпта шектен тыс көп оқушы отыратын, балалар 3-4 ауысыммен оқитын оқитын жерде біліп сапасы қалай жоғары болады? Өзім 2006-2010 жылдары облыстық білім басқармасына басшылық жасадым. Ол кезде министр Жансейіт Түймебаев еді.

Сол жылдары облыс аумағында мектеп жетіспейтінін көтеріп, "100 мектеп, 100 аурухана" бағдарламасы бойынша 40 мектепке қаржы бөлдірттік. Оған министр мен қазіргі өңір басшысы Өмірзақ Естайұлы қолдау көрсеткен. Сонда басқа өңірлердің депутаттары «неге оңтүстікке көп бөлінуі керек?» деп қарсылық танытқан. Қазір сол өңірлердегі кейбір мыңнан астам оқушыға арналған мектептерде 200-300 оқушы оқып жатыр.

Сондықтан, мектептерді бала санына қарап салу қажет. Сосын, соңғы жылдары жекеменшік мектептердің де көбейіп жатқанын көріп жүрміз. Ол мектептерге де талап қойып, білім беру жүйесін қатаң бақылауға алу керек. Қазір педагогикалық мамандыққа түсуге арналған ең төмені балл жоғарылады. Оған қоса, мұғалімдерді квалификациядан өткізеді. Сондықтан, бұл проблема жақын арада емес, 5-6 жылдан кейін шешілуім мүмкін», - дейді облыстық білім басқармасының бұрынғы басшысы, қазіргі Шымкент қалалық аналар кеңесінің төрағасы Балқия Көмекбаева.


Аталған мәселенің мән-жайын білу үшін Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасына да сұрау салдық. Басқарманың мәліметіне сүйенсек, бүгінде Түркістан облысында 945 жалпы білім беретін мектеп бар екен.


"Облыс бойынша педагог тапшылығы 429-ды құрайды. Оның 348-і шағын жинақты мектептерге қажет. Шешу жолдары ретінде әлеуметтік жағдайларын реттеу арқылы ынталандыра отырып, баспанамен қамтамасыз ету арқылы жас мамандарды, басқа облыстардың ұстаздарын тарту қарастырылған. Сонымен қатар, облыс бойынша соңғы 4 жыл көлемінде облыстық бюджеттен ЖОО-ларға оқуға түсуге мемлекеттік гранттар бөлінген жоқ. Осы орайда жыл сайын мектеп бітірушілердің санының артуына байланысты педагогикалық мамандықтарға, оның ішінде жаратылыстану бағытындағы және орыс тілінде сабақ беретін мамандықтарға облыс бюджетінен гранттар бөлу ұсынылып отыр", - делінген облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының мәлімдемесінде.


Сондай-ақ, облыстағы ауыл мектептеріндегі білім сапасының көрсеткіші 48,2-ақ пайызды құрап отыр. Ал, 906 мемлекеттік мектептердің арнайы пән кабинеттерімен жабдықталуы 39%-ды ғана құрайды екен. Бұл да төмен көрсеткіш екені анық.


Елдің ертеңі білімді жастардың қолында екенін ескерсек, білім саласындағы қордаланған мәлесені кезек күттірмей шешу маңызды міндет болып саналады. Ал, бұған жауаптылар қандай істердің арқасында проблеманы шешетінін алдағы уақытта көреміз.


ERNUR.KZ,

Б.Мейірханұлы.