"Бізде әлі солтүстік көршіге алаңдаушылық басым" - ОҚО-да саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу шарасы өтті

0
1 925

Біздің мемлекетті құраушы халық қазақ болғандықтан, қазақтың дәстүрмен құрбандарға байланысты қаралы митингтерді дұғамен бастау керек.



ERNUR.KZ. ОҚО-да Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу шарасы өтті. «Қасірет» мемориалында өткен «Алаштың арманы – азаттық таңы» атты шараға ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев қатысып, ашаршылық және қызыл террор кезіндегі репрессия құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

фото: © Қайсар Шерім

Одан кейін өңір басшысы саяси репрессияға ұшырағандар мен сол қуғын-сүргін құрбандары болған Алаш қайраткерлеріне арналған көрмені тамашалады.

фото: © Қайсар Шерім

Шара барысында, жаңа құрылған кеңестер үкіметі тұсындағы қазақтың тағдырын толғаған қайраткерлерге арналған сахналық қойылым жиналған жұрттың көзіне жас үйірді.

1935-1938 жылдар аралығында Қазақ жерінде 113 мың адам қуғын-сүргiнге ұшырап, 25 мың адам жазықсыз атылды. Қызыл террор кезінде Оңтүстiк Қазақстан облысында 2 500 адам «Халық жауы» деген айыппен ату жазасына кесілді. Ал, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының соңында басталған ашаршылық құрбандарының әлі күнге нақты есебі жоқ.

фото: © Қайсар Шерім

«Уақыт өте күрделі құбылыс. Ол көп нәрсені ұмыттырып жібереді. Сондықтан да біз – қазақ халқы екі үлкен қиыншылықты ешқашан ұмытпауымыз қажет. Бірінші - ашаршылық. 1913 жылғы санаққа біздер бір ғасырдан кейін жетіп отырмыз. Халықтың орнын толтырып отырмыз. Көбеюдің орнына»,- деді ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев.

Жыл сайынғы дәстүрмен өтетін шараға тарихшы, өлкенатушы Өмір Шыныбекұлы жаңа леп енгізу керектігін айтып жүргеніне біраз болды.

Бізде совет заманынан бастап ескерткіштерге гүл қою сияқты әрекеттер жасалады. Біздің мемлекетті құраушы халық қазақ болғандықтан, қазақтың дәстүрімен құрбандарға байланысты қаралы митингтерді дұғамен бастау керек деген ол, қазіргі қазақ қоғамы сол зұлматтың салмағы мен мәнін әлі күнге толық түйсінген жоқ дейді


«Себебі солтүтсік көршіге жалтақтау басым әлі де. Солар не деп қояды деп. Негізі, орыс халқы да бұл репрессиядан аз зардап шеккен жоқ. Сондықтан ол жаққа алаңдаудық қажеті жоқ. Қалай болғанда да ол олардың өз проблемасы. Біздің ішкі шаруамыз туралы не ойласа да ойлай берсін. Бірақ, біз өз саясатымызды жүргізуіміз керек. Мен осы өңірдің тарихын зерттеп жүрмін. Мысалы бір ғана Бадам ауданын айтайық. 30-шы жылғы есепте 101 колхоз болған. Ашаршылықтан кейінгі 34 жылы солардың 34-і ғана қалған. Қаншама адам безіп кетті. Олардың өзін, шет жаққа: Тәжікстанға, Өзбекстанға, Қырғызстанға барып, әр әулет, әр рудан деп айтуға болады, бас көтерерлерін жіберіп, қайта шақырып жинағанның өзінде 34 колхоз әзер құралған. Осыдан ақ сол қырғынның масштабын байқай беруге болады», дейді тарихшы, өлкетанушы Өмір Шыныбекұлы.