Дархан Сатыбалды жетісайлық шаруалармен ағынсу мәселесін талқылады

0
532

Арық-атыздардың дер кезінде тазаланбауы шаруалардың мол өнім алуларына кедергі келтіріп отыр.


Дархан Сатыбалды жетісайлық шаруалармен ағынсу мәселесін талқылады

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жетісайлық шаруалармен ағын су мәселесін талқылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Аграрлы өлкенің ең өзекті мәселесі – ағын су. Соңғы жылдары Жетісай ауданындағы егістік алқаптарға «Достық» магистральды каналы арқылы келетін ағын су мөлшерінің жетіспеушілігі мен каналдардың, арық-атыздардың дер кезінде тазаланбауы шаруалардың мол өнім алуларына кедергі келтіріп отыр.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Жетісай ауданына жасаған іс-сапары барысында «Достық» магистралды каналы арқылы келетін ағын су жеткіліксіз болған жағдайда Шардара су қоймасынан машиналық әдіспен су көтеру арқылы қосымша ағын су алу мақсатында салынған «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» каналында болып, ағын су беру маусымына дайындық жұмыстарымен танысты.


Аталған су арналарына жауапты «Қазсушар» РМК басшыларымен бірге жергілікті шаруалармен кездесіп, өзекті мәселенің шешу жолдарын түсіндірді. Облыс әкімі шұғыл түрде тиісті сала мамандарын тарта отырып, аталған каналдардың су өтімділігін қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізілетінін атап өтті.


Өткен жылы мұнда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қосымша су сорғы станциясындағы 3 дана су сорғы агрегаттарын жөнделген. Су сорғы станциялары арқылы жеткізуші каналдың тығынды аумақтарында механикалық тазалау жұмыстары жүргізілуде. Биыл ағымдағы жөндеу жұмыстары арқылы жалпы 8 дана насос агрегаттарын жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Осы мақсатта мердігерді анықтау іс-шарасы жүргізіліп жатыр.


«Шаруалардың ойдағыдай өнім алуы үшін ағын су уақытылы және қажетті мөлшерде жеткізілуі керек. Бұл ортақ мәселе. Ағын судың тиісті көлемде шаруаларға жеткізілуіне каналдарды қалыпты жағдайда ұстау және орын алған ақауларды дер кезінде қалпына келтірілуі маңызды. Егістікті әртараптандыру бағытындағы жұмыстарға, су үнемдеу технологиясын ендіруге күш салу керек. Өкінішке орай, бұл салада маман тапшылығы бар. Жалпы барлық жерде білікті маман қажет. Бұл салаға жаңашылдық, даму жетіспей тұр», - деді Дархан Сатыбалды.


Осыдан 13 жыл бұрын салынған каналдың сыртқы факторлар, яғни жер асты ақаба суының әсерінен каналдың ішкі жақтаулары құлап, каналдың ұлтаны толып су өткізу қабілеті төмендеуіне әкелуде. Өткен жылдың вегитациялық кезеңінде жалпы 12 насостың 5 данасы іске қосуға мүкіндік болып, канал арқылы 22 м3/с ағын су берілген. 2024 жылдың суармалы кезеңіне су сорғы станцияларындағы агрегаттардың саны артады. Машиналық канал кешеніне түбегейлі жоба шешім қабылдау мақсатында, «Қазақ су шаруашылығы ғылыми зерттеу институты» және «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы мамандарымен бірлесе зерделеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінге аталған нысан бойынша жоба әзірлеуге зерделеу жұмыстары атқарылуда.


Нәтижесінде Шардара су қоймасынан машиналық әдіспен су көтеру нысан кешенін қайта құру арқылы бастапқы жобадағы ұзындығы 29 шақырымды құрайтын каналдан 86 700 гектардан 120 мың га суармалы жерге ағын су тапшылығын жоя отырып, кепілді ағын сумен қамтамасыз етіледі. Биылғы жылдың вегитациялық кезеңіне 12 насостың 10 данасы іске қосылуға дайын. Сонымен қатар жалпы 16 мың га суармалы жерлерді ағын сумен қамтамасыз етуге арналған К-30, К-28 каналдарының құрылысы 2010-2012 жылдар аралығында басталып, аяқталмаған жобалардың құрылысын қайта жүргізуге «Су шаруашылығы комитеті» тарапынан бірқатар іс-шаралар атқаруда.


Атап айтқанда, К-30 каналының сметалық жоба құны бағамын ұлғайтуға ҚР Қаржы министірлігінің бюджеттік комиссиясының оң шешімі алынды және бүгінге жабаны әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Әзірленген жобаға сәйкес, құрылыс жұмыстары іске асырылады. К-28 каналының қалған жұмыстарына түзету жобасы жіргізілуде. Дайындалған жобаға сәйкес, құрылысты іске асыру жұмыстары «Қазсушар» РМК тарапынан атқарылатын болады.


Айта кетейік, экономикасының басым бөлігін ауыл шаруашылығы саласы құрайтын Жетісай ауданының егістік алқаптарына ағын су жеткізетін жалпы ұзындығы 1553 шақырымды құрайтын 781 канал бар.