​Грекияда "Әзірет Сұлтан" қорық-музейінің тарихи көрмесі өтеді

0
1 355

"Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі Қожа Ахмет Ясауидің мұралары және Түркістан өңіріндегі киелі-тарихи жерлерді әлемдік жетекші туристік орталықтар назарына ұсынады.


​Грекияда

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 2018 жылдың 9 - 11 қараша күндері Грекияның Салоники қаласында өтетін "Philoxenia-2018" ең ірі халықаралық көрмесіне қазақстандық туристік орталық басшылары және "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі аттанды, деп хабарлайды ERNUR.KZ "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Туристік әлеуеті дамыған алпауыт елдердің көшбасшы туристік орталықтары қатысатын шараның басты мақсаттарының бірі-қазақстандық туристік нысандар мен тарихи орындардың маңызын таныстыру, тәжірибе алмасу болып табылады.

Осы орайда "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі Қожа Ахмет Ясауидің мұралары және Түркістан өңіріндегі киелі-тарихи жерлерді әлемдік жетекші туристік орталықтар назарына ұсынады. Көрмеге қорық- музей қорынан 1871-1872 жылдары түсірілген А.Кунның фотоальбомынан туындылар және кесененің әр жылдардағы бейнелері мен Түркістанның көріністері, тайқазан, шырағдан суреттері, Қожа Ахмет Ясауи мен тайқазанның макеттері көпшілік назарына ұсынылады. Сондай-ақ, Ясауи кесенесі мен Қылует жерасты мешіті, Шығыс моншасы, Гаухар ана, Укаша ата кесенесі мен құдығы, Сауран қалашығы сынды тарихи орындардың 3D тур нұсқасы Елбасымыздың цифрландыру жүйесі негізінде дайындалып, халықаралық көрмеде алғаш рет көрсетіліп, көзілдірік арқылы таныстырылады деп күтілуде.

Сонымен қатар, қорық-музейдің тарихи орындары мен музей хақында үш тілде жарық көрген буклет кітапшалары мен жәдігерлердің каталог кітаптары көрме экспозициясынан орын алмақ.
Айтулы шара аясында Қазақстанның ұлттық тағамдары мен "Асық ату", "Арқан тарту" сынды
ұлттық ойындары да көрсетіледі.

Айта кетсек, бұған дейін "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының қолдауымен Түркия Республикасында да көрме ұйымдастырып, бірқатар ірі қалаларына Ясауи мұраларын насихаттаған болатын. Еуропалық мәдениеттің дамуына үлкен әсер ете отырып туризм саласы дамыған, әсем ландшафты аралдарға бай грек еліндегі сапар Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың "Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласын кеңінен насихаттау және "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің 40 жылдығы, Түркістан қаласының облыс орталығы атануына да арналған. Қорық-музей басшысы Ахметжанов Нұрболат Қадырұлы бастаған делегаттар Грецияға жасалған сапар барысында бірқатар туристік келіссөздер жүргізіп, мәдени-тарихи мұраларды дәріптейді.