Көрмеде археологиялық жәдігерлер мен керамикалық бұйымдар, нумизматикалық материалдар, шыныдан жасалған заттар, аэрофотолар мен карталар ұсынылды.
Қарағандыда «Ұлы Жібек жолы және Отырар алқабының қалалық мәдениеті» атты жылжымалы көрменің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қарағанды қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Ұлы Жібек жолы және Отырар алқабының қалалық мәдениеті» атты жылжымалы көрменің ашылу салтанаты өтті. «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы ұйымдастырған көрменің мақсаты - жас ұрпақты Отырар тарихымен, ежелгі жәдігерлерімен, қасиетті өлкенің мәдениеті және руханиятымен таныстыру.
Шарада «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының директоры Жангелді Махашов пен Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі директоры Ержан Нұрмағанбетов құттықтау сөз сөйлеп, рухани құндылықтарды насихаттайтын көрменің маңыздылығына тоқталды.
Онда «Ұлы Жібек жолы және Отырар», «Х-ХІ ғғ. Отырар Қарахан дәуірінде», «ХІҮ- ХҮ ғғ. Темір дәуіріндегі Отырар», «ХҮІ-ХҮІІІ ғғ. Отырар Қазақ хандығы тұсында» және «Отырардағы жазба мәдениетінің пайда болуы» сынды тақырыптық құрылымдар көрініс тапқан. Көрмеде археологиялық жәдігерлер мен керамикалық бұйымдар, нумизматикалық материалдар, шыныдан жасалған заттар, аэрофотолар мен карталар ұсынылды.