​«Қазақстан барысы»: Екі палуан жаңа мегаполистің намысын қорғайды

0
2 393

Биылғы «Қазақстан Барысы» турнирінде Оңтүстік Қазақстан облысының атынан іріктелген балуандар Түркістан облысының намысын қорғайтын болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


​«Қазақстан барысы»: Екі палуан жаңа мегаполистің намысын қорғайды

Фото el.kz

ERNUR.KZ.Биылғы «Қазақстан Барысы» турнирінде Оңтүстік Қазақстан облысының атынан іріктелген балуандар Түркістан облысының намысын қорғайтын болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ. ҚазАқпарат порталына сілтеме жасап.

Осыған байланысты, Шымкент қаласының атынан турнирге тағы екі балуан қосылмақ. Бұл жайлы бүгінгі Астанадағы Орталық коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында «Қазақстан Барысы» қорының төрағасы Арман Шораев мәлім етті. Арман Шораевтың айтуынша, осы жылы «Қазақстан Барысы» турнирі 8-інші рет өткізіледі.

«Президенттің, көп азаматтардың, Үкіметтің, Президент Әкімшілігінің қолдауымен өтіп жатқан турнирді ешқандай мінге жол бермей өткіземіз деген сенімдеміз. Турнирді қолдаушылардың, демеушілердің саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Бірнеше жылдан бері бізді қолдап келе жатқан «Qazaqstan» және «Qazsport» арналарына ризашылығымды білдіргім келеді. Одан қалды, Оралбек Ботпай секілді бізді демеп жүрген ұлтжанды азаматтарымыз бар», - деді Арман Шораев.

Турнирдің жеңімпазына бас жүлдені Президент тапсырады деп күтілуде.

«Өздеріңіз білетіндей, бізде қазір республикалық маңызы бар қала қосылды. Осыған байланысты ОҚО атынан іріктеуден өткен балуандар Түркістан облысының атынан өнер көрсететін болады. Ал республикалық маңызы бар жаңа қаламыздың билігі Шымкенттің де атынан турнирге шыға алатындай балуан қосуды өтінді. Сондықтан, турнирге регламент енгізіп, 35 балуанымызға тағы екі балуан қосылды. Олар шырайлы Шымкенттің намысын қорғайтын болады», - деп мәлімдеді Арман Шораев.

Айта кетсек, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті жүлдесі үшін, Астананың 20 жылдығына арналған қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турнирі 1 шілде күні елордадағы «Барыс Арена» мұз сарайында өтеді. Осымен сегізінші рет өтетін беделді бәсекеге еліміздің 14 облысы, Алматы және Астана қалаларынан және әскерилер арасында іріктеуден өткен 37 (екі балуан жақында Шымкент қаласынан қосылып отыр) үздік балуан қатысады. Оның ішінде былтырғы турнирдің жеңімпазы қатысушылар сапына іріктеусіз қосылды. Турнир «Qazaqstan» және «Qazsport» арналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.

29 маусым күні сағат 19:30-да ресми салмақ өлшеу рәсімі белгіленген. Астанадағы «Хан Шатыр» сауда орталығында түйе балуандар мыңдаған халықтың алдына шығады. Ал «Қазақстан Барысы» турнирі 1 шілде күні сағат 12:00 кезінде басталып, балуандар жеребе тарту рәсімінен өтеді. Тартысты белдесу жеті сағатқа созылады.

Айта кетерлігі, «Барыс Аренаға» 11 мыңға жуық көрермен сияды. Жеті жылдық тәжірибеге сүйене отырып, ұйымдастырушылар «Барыс Аренаның» лық толатынына сеніп отыр. Дәстүр бойынша жанкүйерлер арасында «Renault Logan» автокөлігі ойнатылады. Билеттерді «Меломен» дүкендер желісінен және kassir.kz сайтынан 500 теңгеден бастап 5 мың теңге аралығында сатып алуға болады.

«Қазақстан Барысы» турнирінің жүлде қоры да қомақты. Жеңімпаз атанған балуанға алтын белбеу мен алтыннан құйылған «тайтұяқ» табысталады. Екінші және үшінші орынға сәйкесінше күміс және қола белбеу тапсырылмақ. Әр белдесудегі жеңіс үшін балуандар 100 мың теңгені қанжығасына байлайды. ІІІ орын алған балуанға 1,8 млн теңге, ал оның бапкеріне 900 мың теңге табысталады. Ал ІІ орын үшін 5,5 миллион теңге, оның бапкеріне 1,8 млн теңге берілмек. Турнирде топ жарған бірінші орын иегері 25 млн теңгеге ие болады. Ал оның бапкеріне 3,5 млн теңге тапсырылады.