«Қазақстанда 5-6 ҒАНА ҰСТА ҚАЛДЫ!»: Түркістандық шебер ұлттық өнердің ертеңіне алаңдаулы

0
874

«Жаңа жылдық шыршаға миллиондап қаржы бөлетін мемлекет осы құндылығымызға бет бұрмай жатыр».


«Қазақстанда 5-6 ҒАНА ҰСТА ҚАЛДЫ!»: Түркістандық шебер ұлттық өнердің ертеңіне алаңдаулы

Бүгінде ата-баба кәсібін жалғастырған ұсталар сирек кездеседі. Сондай сирек кездесетін ұсталардың бірі – Төлеби ауданында тұратын Құрбанәлі Ақәділов. Оның шеберханасына бас сұққан адам неше түрлі ер-тұрманды көргенде қызықпауы мүмкін еместей. Дегенмен, отыз жылдан астам уақыт бойы осы кәсіптен қол үзбей келе жатқан ол ұлттық өнерді меңгеріп, ізін жалғап кететін шәкірт іздеп жүр екен. Оқырман назарына ұстаның кәсібі, ұлттық өнердің бүгінгі ахуалы жайлы сұхбатымызды ұсынамыз.


- Құрбанәлі аға, бұл кәсіпке машықтану үшін адамда қандай қасиет болу керек?


- Ата-бабамыздан қалған бұл өнерді үйрену үшін ең алдымен табандылық сосын тынымсыз еңбек қажет. Ал, бүгінгі ұрпақ сол қиындықтардан қашып, асыл өнерімізді үйренуге ден қоймай жүр. Егер, кім де кім осы өнерді жалғастырамын десе, бар білгенімді аямай, үйретер едім.



- Негізгі мамандығыңыз қандай? Бұл кәсіптен қаншалықты табыс тауып отырсыз?


- Негізі, менің мамандығым – инженер. Бірақ, еліміз Тәуелсіздік алған кезеңде жұмыссыз қалдық та, осы кәсіпке бет бұрдым. Ал, кәсібімнен тауып отырған нәпақам барлық қажеттіліктерімізге жетеді. Мысалы, бір атқа арналған әбзелдердің жиынтығын 2 миллион теңге шамасында бағалаймын. Оның ішіне ер-тоқым, жүген, шылбыр, тізгін, үзеңгі кіреді. Ердің сүйегін 100 мың теңге, ал қаптап беретін болсам 120 мың теңге шамасында сатамын. Бұрындары айына 10-15 ер шауып сатсам, қазір 2-3 ер сатып жүрмін.


- Бұл кәсіпті қалай, кімнен үйрендіңіз?

Бұл ұсталықты жақын бір туысымнан үйренбек болдым. Ал, ол маған «Су жаңа «Москвич» мінгізсең ғана айтамын» деп бір-ақ қойды. Жұмыссыз жүрген менде көлік сатып алатын ақша қайдан болсын. Содан кейін, Мойынқұмда тұратын бір ұстаға сиыр әперіп, бау-бақшасына қарап, үйінің бар тірлігін істеп жүріп ер шабуды меңгердім. Бастапқыда бұйымдарымды базарға апарып өткізетінмін. Саудагерлер оларды арзан бағаға алып, қымбатқа сататын. Біраз уақыт өткесін бұйымдарды былғарымен қаптап, сәндей бастап едім, тапсырыс беретіндер, әбзелдерді үйден алып кететіндер көбейді.


- Тапсырыс көбіне қайдан түседі?


- Енді, тапсырыстың көбісі өз елімізден келеді ғой. Дегенмен, шетел азаматтары да жиі тапсырыс береді. Сыйға тартылған ерлер де жоқ емес. Мысалы, Ілияс Жансүгіровтың баласы Саят Жансүгіровке сыйлаған ерім Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіров атындағы мұражайда тұр. Өзбекстан, Қырғызстан президенттеріне сыйға тартылған ер-тұрмандардың сүйегін де шапқанмын. Алматыда өткен Орда Азия қолөнершілерінің фестивалінде мен шапқан ер-тұрман ерекше көзге түсіп, іс-шарадан кейін ол елордадағы «Бәйтерек» монументіне қойылды.



- Сіз өз бұйымдарыңыздың сапасына сенесіз бе? Олар қанша уақытқа жарайды?


- Қазір базардан сапалы ер-тұрман табу қиын. Ал, мен өзім шапқан ерге 25 жылға дейін кепілдік беремін. Ал, оған жетпей сынып қалса, жаңасына ауыстырып беруден қашпаймын. Тірі тұрсам болғаны.


- Қазіргі жаңа технологиямен жасалатын ер-тұрмандарға қандай баға бересіз?


- Ондай бұйымдардың сапасы төмен болады деп ойлаймын. Өйткені, мен ер шабатын ағаштарды бірнеше жыл бойы жел тимейтін, қараңғы жерде сақтаймын.



- Шеберханаңызда сатылмайтын ерлер бар ма?


- Иа, менің шеберханамда нағыз былғарымен қапталған, нақыштары күмістен құйылған ерлер бар. Бірақ, оларды сатудан бұрын халыққа кеңінен таныстырғым келеді. Одан бөлек, кітап шығарып, көне заманда ата-бабамыз қолданған ердің 23 үлгісін көпшілікке көрсеткім келеді. 23 түрлі ердің жартысынан астамын дайындап қойдым.


- Кітап жайлы кеңінен айтып беріңізші.


- Мұрағатты, тарихи кітаптарды ақтарып, ескі ерлерді қайта өңдеуге алып келетін адамдармен сөйлесіп, әжептәуір ақпарат жинадым. Енді соны қағаз бетіне түсіріп жатырмын. Бірақ, тіршіліктің қамын ұмытпай, тапсырыстарды да орындап, көп көңіл бөле алмай жүрмін. Ал, мемлекет қолдау білдірсе, тек қана кітап жазумен айналысып, ер-тұрмандарды түгендеумен айналысар едім.



- Ер-тұрман шабу қазақтың ұлы өнерінің бірі. Бүгінде осы өнеріміз өліп бара жатқандай. Осыған байланысты қандай ой айтасыз?


- Өкінішке қарай, бүгінде Қазақстанда ер шабатын 5-6 ғана ұста бар. Олардың өзі жастары алпыстан асқан кісілер. Ал, сол ұсталардың өнерін бойына сіңіріп алатын шәкірт те, ұлы өнерімізді дамытатын мемлекеттік қолдаулар да жоқ. Бұрын қырғыздар ер шабатын ұсталарын бағаламай, сол өнерлерінен айырылып қалған. Бүгінде бүкіл қырғыз бізге тапсырыс береді. Мен ертеңгі күні Қазақстан да сол қырғыздың күйін кешіп қалмай ма деп қорқамын. Қай ұлт болмасын өзінің өнерімен, мәдениетімен ұлы болмай ма? Сондықтан, мемлекет ата-баба өнерін өлтірмеу үшін күш салып, кәсіптік оқу орындарында ер шабу кәсібі үйретілсе дұрыс болар еді. Сонда сол факультеттерде шеберлік сабақтарын өткізіп, жас ұрпақтың бойына ата-бабадан мұра болып қалған өнерді сіңірер едік. Бірақ, жаңа жылдық шыршаға миллиондап қаржы бөлетін мемлекет осы құндылығымызға бет бұрмай жатыр. Бұл өнеріміз ұмытылып кетпеуі керек.


- Әңгімеңізге рахмет!


Сұхбаттасқан: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ