​«Келесім – Атамекенім» атты мерекелік кеш өтті

0
1 407

Мерекелік кеш Келес ауданының 21 жылдан кейін қайта құрылғанына арналған.


​«Келесім – Атамекенім» атты мерекелік кеш өтті

Түркістан облысы Келес ауданында ауданның қайта құрылуына арналған «Келесім – Атамекенім» атты Келес ауданының Біртілек ауылдық округіндегі «Сая» тойханасында салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Қазақстан тарихында өзіндік орны бар Келес өңіріндегі Келес ауданының араға 21 жыл салып, қайта қалпына келтірілуіне байланысты, аудан ақсақалдары бастамашы болып, өткізілген «Келесім – Атамекенім» атты мәдени мерекелік жиынға Астанадан, Алматыдан, Шымкенттен, Сарыағаштан, Мақтааралдан, Қазығұрттан, Жетісайдан, Шардарадан қонақтар қатысты.

Салтанатты жиында Келес ауданының әкімі Ақментай Үсенұлы Есбаев аудан тұрғындары мен қонақтарын айтулы мерекемен құттықтап, ауданымыздың тумасы Батыс Қазақстан облысы әкімі Көлгінов Алтай Сейдірұлының құттықтау хатын оқып берді.

Шара барысында осыдан 800 жылдай бұрын, Келес даласынан қоныс аударған Қайы қаңлылардың ұрпағы Кіші Азияда Осман империясын құрып, бүкіл мұсылман әлеміне 600 жыл қорған болған жерлестеріміздің бізбен замандас ұрпағының өкілі, қазіргі Түрік мемлекетіндегі Келес ауданы, Келес қаласының мэры Мехмет Текенің бейне құттықтауы тыңдалды.

Шара соңында халықаралық, республикалық, облыстық айтыстардың бірнеше дүркін жеңімпаз ақын, Келес өңірінің тумасы Жарқынбек Наушабеков «Келесім – атамекенім» атты арнау өлеңін оқыды және аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері дайындаған концерттік бағдарлама көрсетілді.