Әйелге дәрігерлер шұғыл түрде ота жасады.
COVID-19 инфекциясын жұқтырған Түркістан облысы, Кентау қаласының 23 жастағы тұрғыны дені сау сәбиді дүниеге әкелді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Індет жұқтырған науқас 27-ші мамыр күні Кентау қалалық жұқпалы аурулар аураханасына жатқызылған. Айы-күні жетіп, толғағы қысқан коронавируске шалдыққан әйелдің жатыр тыртығынан қан кету қауіптілігіне байланысты дәрігерлер шұғыл түрде ота жасады.
Дүниеге келген қыз баланың салмағы – 3 кг, бойы – 51 см. Нәрестеден бірден коронавируске талдау алынған. Сәби індеттен дін аман. Қазір бөлек палатада оқшауланып, дәрігерлердің бақылауында. Анасының да жағдайы бірқалыпты. Жас ана инфекциялық бөлімде ем қабылдауда. Бұл оның екінші перзенті.
Қауіпті дертке ұшырап, сан ойға кеткен әйел ақ халатты жандарға алғысын жаудыруда. Отаға жетекшілік еткен реанимотолог-дәрігер Ержан Жұмашев тәулік бойы осы инфекциялық госпитальда. Отбасымен алда тағы екі апта көріспейді.
«Коронавирус індетіне шалдыққан науқастарға ота жасауда қорғаныш киімдері аздап ыңғайсыздық тудырады. Қалғаны науқастарға көрсететін қалыпты қызметіміз. Біз үшін бұл әйелдің сауығып, перзентін қолына алғаны үлкен қуаныш болады»,-дейді ол.
Кентау қалалық ауруханасының дәрігерлері осымен коронавируске шалдыққан екінші науқасты босандырып алды. Түркістан облысы бойынша қауіпті індетті 358 адам жұқтырған. Облыс дәрігерлерінің кәсіби біліктілігінің арқасында 199 науқас ауыр дерттен айығып, үйлеріне оралды.