ҚР қаржы министрі Түркістанда «Ауыл – ел бесігі» жобасының орындалу барысымен танысты

0
858

Елді мекендерді аралау барысында Ерұлан Жамаубаев мемлекет қаржысының әрбір тиыны мақсатты әрі тиімді жұмсалуы керектігін, нысандардың сапалы болуы қажеттігін айтты.


ҚР қаржы министрі Түркістанда «Ауыл – ел бесігі» жобасының орындалу барысымен танысты
Түркістан облысына ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Алдымен Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің жаңа ғимаратының ашылу салтанатына қатысқан министр Түркістандағы бірқатар жаңа нысан мен туристік орындарды аралады. Одан кейін Түркістан облысында «Ауыл – Ел бесігі» жобасының жүзеге асырылу барысын қадағалау мақсатында бірнеше аудандардағы елді мекендерде болды.
Министр Түркістан облысы әкімінің орынбасары Арман Сәбитовпен бірге Ордабасы ауданындағы Төрткүл ауылындағы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысымен, Темірландағы Қазыбек би көшесінің орташа жөндеу жұмыстарымен танысты.
Сонымен бірге Бәйдібек ауданы, Шалдар ауылындағы аурухананың күрделі жөндеу жұмысы барысын, Қазығұрт ауданы, Талдыбұлақ ауылындағы газ құбырын жүргізу жобаларын саралады. Жаңабазар ауылындағы күрделі жөндеу қолға алынған Елшібек батыр мектеп-лицейінің жай-күйімен де танысты. Елді мекендерді аралау барысында Ерұлан Жамаубаев мемлекет қаржысының әрбір тиыны мақсатты әрі тиімді жұмсалуы керектігін, нысандардың сапалы болуы қажеттігін айтты. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлықты тұрғындар сезінуі керек екеніне тоқталды. Жергілікті басшыларға жұмысты сапалы атқаруды тапсырды.
Іссапар соңында ҚР Қаржы министрі аудан, қала әкімдері мен мемлекеттік орган басшыларының қатысуымен алқалы жиын өткізді. Жиында мемлекеттік бюджеттің ел игілігіне тиімді жұмсалуы, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы талқыланып, нақты міндеттер жүктелді.
Бүгінде Түркістан облысы бойынша «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 302 жобаны іске асыруға бюджеттен жалпы 16,1 млрд. теңге бөлініп, тиісті жұмыс атқарылып жатыр. Атап айтсақ, 8 мектептің қосымша құрылысына және 8 мектепті күрделі жөндеуге, 1 дәрігерлік амбулаторияның құрылысына және 4 денсаулық сақтау нысандарын күрделі жөндеуге тиісті қаржы жоспарланған. Сонымен бірге 2 спорт, 2 мәдениет, 10 табиғи газбен қамтамасыз ету нысанының құрылысына да қаржы қаралған. 14 электр қуатымен жабдықтау нысанының құрылысы, 253 ішкі көшені орташа жөндеу, бұдан өзге де жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр.
Жалпы облыс бойынша жол инфрақұрылымына бөлінген қаржылардың 30%-ға жуығы «Ауыл – Ел бесігі» жобасына тиесілі. Жоба асында елді мекендердің ішкі көшелерінің мәселесі шешіліп жатыр. Жобаларды іске асыру барысында 2 мыңнан астам жұмыс орны құрылады.

Биыл Түркістан облысында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы арқылы 280 нысанды пайдалануға тапсыру жоспарланса, 22 нысан 2022 жылға өтпелі. Бүгінгі таңда 182 нысанның жұмыстары аяқталды. Қалған нысандар кестеге сәйкес жыл соңына дейін тапсырылады. Нәтижесінде 70 елді мекенге жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, 8 елді мекендегі мектеп және 4 елді мекендегі денсаулық сақтау ұйымдары күрделі жөндеуден өтеді. 42 елді мекенде ұзындығы 346,2 шақырым 249 көше орташа жөндеуден өтеді.