Қызғалдақ үшін 9 миллион теңге айыппұл көпшіліктің қызу талқысына түсті

0
1 286

Әлеуметтік желіде бұғар түрліше пікір айтылып жатыр.


Қызғалдақ үшін 9 миллион теңге айыппұл көпшіліктің қызу талқысына түсті

Түркістан облысында сирек кездесетін гүлді жұлған азаматқа айыппұл салынды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы Бәйдібек ауданында 6 дана қызғалдақ жұлған азаматқа полиция қызметкерлері айыппұл салған. Ал, бұл жаңалық БАҚ беттері мен желіде "6 дана қызғалдақ жұлған азамат 9 млн теңге айыппұл төлеуі мүмкін" деген тақырыппен тарап, әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті.

Бірі бұл айыппұлды көп десе, енді бірі бұл шешімді құп көруде. Дегенмен, шын мәнінде заңбұзушыға 9 млн теңге айыппұл салынбаған. Бұл туралы табиғат жанашыры, Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің туризм бөлімі меңгерушісінің міндетін атқарушы Қайрат Кәрібаев Facebook желісіндегі парақшасына жазды. Оның айтуынша, тақырыптағы "мүмкін" деген сөзді дұрыс түсінбеуден түрлі пікірлер туындап отыр.

"Елді дүрліктірген 9 млн теңге айыппұл туралы бес тиынымды қоспасам болмады. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 339 бабында "Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу..." деп жазылған.

Тұра тұрыңыз! Тағы бір қайталап оқып шығайық. "Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу".

Оқып шықсаңыз, бұл жерде ҚЫЗҒАЛДАҚ деген сөз жоқ екенін байқаған шығарсыз? Әлгі өсімдіктер мен жануарлар тізімінде ҚЫЗҒАЛДАҚ та бар. Демек, 9 млн (негізі 8 751 000 теңге) ол айыппұлдың ең жоғары мөлшері. Бұл сома архар, қарақұйрық, ақбөкен, аю, барыс т.с.с. жабайы аңдарды атып алған жағдайда ғана тағылатын штраф. Коэффициент бойынша әр Грейг қызғалдағына 0,5 АЕК (1 АЕК - 2917 тг) айыппұл жазылады. Біздің жағдайда бұл 8 751 тг.

Енді, 9 млн теңге деген сан қайдан шықты? Ол сома оқырман мен көрермен назарын аудару үшін жазылатын тақырып. Сіз бұл соманы көзіңіз шалып, мақаланы немесе сюжетті қызығып оқисыз/көресіз. Осылайша, ақпарат құралдары рейтінгін көтеру үшін өз мақсатына жетеді. Просмотр бар!

Пойыздың алдына түсіп жүгіре бермей, қандай да болсын ақпаратты қабылдағанда, әр сөзге мән беріп отырыңыз.

"6 қызғалдақ жұлған азамат 9 млн теңге айыппұл төлеуі мүмкін". Осы жерде - МҮМКІН - көпшілік мән бере бермейтін сөз. Қоғам екі тарапқа бөлініп, қызыл кеңірдек боп айқайласқаннан ештеңе өзгермейді. Соны есте сақтайық!", - делінген жазбада.


Сондай-ақ, бұл туралы ТО ПД-ның баспасөз қызметі ресми мәлімдеме жасады.

«Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі республикалық мемлекеттік мекемесінің анықтамасына сәйкес, аталған 6 дана гүл ҚР Қызыл кітабына енгізілген «Грейг» қызғалдағы болып шықты.

Қазіргі уақытта осы жайтқа байланысты ҚР ҚК-нің 339-бабының 1-бөлігімен "Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер мен жануарлар түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз пайдалану" сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Экологиялық қылмыстардың жолын кесу бойынша, жедел-профилактикалық іс-шаралар Бәйдібек ауданында тұрақты жүргізіліп тұрады. Сондықтан полицейлер ескертеді: Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енген кез келген қызғалдақ түрін жұлған, тасымалдаған, жойған, сатқан, сақтаған, әкеткен азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Сондай-ақ, өсімдіктер әлеміне келтірген шығынын өтейді. Сол себепті автожолдар бойындағы, тау бөктеріндегі қызғалдақтарды жұлудан аулақ болыңыздар", - делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.

Айта кетейік, бұдан бұрын аталған заңбұзушылыққа аясында«Қызыл кітапқа» енген қызғалдақты жұлған азаматың тергеліп жатқанын хабарлаған болатынбыз.