​«Ленфильмнің» актері туған жерге тарихи жәдігерлерді тарту етті

0
1 606

Тарихи жәдігерлердің ішінде Ұлы Отан соғысы кезіндегі әскери форма, гильзалар, неміс гранаты және "Максим" пулеметінің патрондары бар.


​«Ленфильмнің» актері туған жерге тарихи жәдігерлерді тарту етті

«Ленфильм» киностудиясының актеры, Ресей кино актерлер гильдиясының мүшесі, Ресей Федерациясы кинематографистер одағының мүшесі, Түркістан облысындағы Кентау қаласының құрметті азаматы Шерхан Әбілов туған жеріне тарихи жәдігерлерді тарту етті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Жыл сайын туған жерге тағзым етіп келетін жерлесіміз биылғы жылы да бұл үрдісті үлкен деңгейде атқарды. Яғни, Ресей елінде актерлік өнерімен көпшілікті мойындатып, көптеген туындыларда белгілі тұлғаларды сомдап жүрген жерлесіміз Кентауға келген кезекті сапарында игі істердің ұйытқысы болды.

Бұл жолы Шерхан Әбдіұлы Кентау қаласына үлкен сыйлықтар алып келді. Атап айтар болсақ, Ә.Молдағұлова атындағы №19 орта мектептің мұражайына 21 экспонат сыйлады. Оның ішінде теңіз офицері - медицина полковнигінің плащы, Совет Армиясы солдатының шинелі, артиллерия полковнигінің погоны, сондай-ақ мерейтойлық медальдар мен кітаптары бар.

Ленинград облысындағы «Невский пяточок» және Синявин батпақтарынан алынған ұрыс даласындағы экспонаттар Б.Момышұлы атындағы №12 орта мектептің мұражайына берілді. Олардың арасында кеңес және неміс әскерлерінің каскалары, саперлік күрек, неміс котелогы және сарбаздар пилоткасы, сондай-ақ сол сұрапыл уақыттың куәгері болған өзге де заттар бар. Ұлы Отан соғысы кезіндегі әскери форма, гильзалар, неміс гранаты және "Максим" пулеметінің патрондары бар лента, "ТТ" тапаншасынан кобура, "Құдай бізбен бірге" деген жазуы бар неміс белдігінен және 1932 жылғы ВМФ кеңестік белдігінен иірімжіп, неміс алюминийінен жасалған котелок, неміс үгіт қағазы және басқа да қызықты экспонаттар, медальдар мен баспа басылымдары, жалпы жүзге жуық экспонаттар бар.