​Мақтааралда көрісу күні алғаш рет аудандық деңгейде аталып өтті

0
2 746

14 наурыз - қазақтың ежелден келе жатқан ата салты Көрісу күні.


​Мақтааралда көрісу күні алғаш рет аудандық деңгейде аталып өтті

Биыл көрісу күні Мақтаарал ауданында алғаш рет аудандық деңгейде аталып өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова бастаған ауданның ішкі саясат бөлімінің басшысы Тамара Ташева, Еңбекші ауылдық округінің әкімі Берік Агенов және аудандық қоғамдық ұйымдардың басшылары Мырзакент кентіндегі жаңадан бой көтерген жаңа шағын ауданда болып, осында жаңадан қоныстанған жасы үлкен қариялардың шаңырақтарына көрісуге барды.

"Биыл Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесін жоғары деңгейде атап өту үшін 10 күндік іс-шара жоспарын құрған болатынбыз. Жоспарға сәйкес, бүгін бұрын соңды тойланбаған көрісу мерекесін аудандық деңгейде атап өтуді жөн көрдік. Себебі, бұл күні тұрғындар таңертеңнен бастап бір-біріне қонаққа барып, қол алысып, төс қағыстырып амандасады. Ренжіскен адамдар татуласып, араздық ұмытылады. Сондықтан, бұл мерекенің идеологиялық маңызы зор" - деді Алтын Күнтуқызы.
Жалпы көрісу күні халық қыстан аман-есен шыққанына қуанысады. Әрбір үй таңертеңнен есіктерін айқара ашып, шаңырақта міндетті түрде дастархан жайылады. Көршілер бір-біріне қонаққа барады. Ауылдың жастары мен жасы кішілері үйдің үлкендеріне көрісіп шығуға міндетті.
Айта кетейік, Ұлыстың ұлы күні - Әз-Наурыз мерекесіне байланысты Мақтаарал ауданында 10 күндік іс-шара жоспары түзілген. Мәселен, 15 наурыз күні "Табиғат күні" деп аталып, ауданда жаппай сенбілік ұйымдастырылып, көшеттер егілетін болады.