Мақтааралдық қариялар аудан әкімі Б.Асановқа, ауыл әкімі мен мәслихат депутатының жұмысна көңілі толмайтынын айтып шағымданды.
Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановтың Мақтаарал ауылдық округінде өткен есептік кездесуінде ауыл ақсақалдары депутаттар мен округ әкіміне деген өкпе-реніштерін жеткізді - деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Мақтаарал ауылдық округі тұрғындарымен өткен аудан әкімі Бақыт Асановтың есептік кездесуінде ауыл ақсақалдары өздері сайлап берген жергілікті мәслихат депутаттары мен ауылдық округ әкіміне деген өкпе-реніштерін айтты. Ақсақалдардың айтуынша депутат та, әкім де халықтың жағдайына немқұрайлы қарайтын көрінеді. Алдына арызын айтып келсе құрғақ шөппен ауыз сүртіп, орындалмас уәделерін беріп арқадан қағып шығарып салады екен.
«Сайлауға түсіп, дауыс жинарда келген депутатымыз мандатын қалтасына салғалы ауылға бір рет те келмеді. Базынамызды айтып бірнеше рет іздеп те бардық. Таппадық. Округ әкіміне барсақ өтірік уәдесімен шығарып салады. Сонда біз, қарапайым халық мұң-мұқтажымызды кімге айтамыз? Біздің арызымызды тыңдамайтын депутаттың да, әкімнің де бізге не керегі бар?»- дейді Көкарал ауылының тұрғыны Әзізбек Колхозов.
Дәл сол Көкарал елді мекенінің тағы бір тұрғыны Мекенбай Атабайұлы қолымен канал қазып, ауданның іргетасы қаланған күннен бастап ел дамуына еңбек еткен азаматтарға емес, соңғы 3-5 жылдың көлемінде көшіп келген кейбір азаматтарға жергілікті мәслихаттардың бұра тартып, «Ауданның Құрметті азаматы» атағын беріп жатқандығын, білім саласындағы былықтар мен игерілмей жатқан жерлерді аудан қорына кері қайтару мәсеелерін айтты. Аудан әкімі тұрғындардың айтқан арыздары мен ұсыныс-пікірлерінің хаттамаға толық енгізіліп, тиісті жұмыстар жүргізілетінін айтты.