Мәжіліс депутаты түркістандық ардагерлерге қатысты ерекше ұсыныс жасады

0
800

Қосымша көмек көрсету жайында сөз қозғады.


Мәжіліс депутаты түркістандық ардагерлерге қатысты ерекше ұсыныс жасады

ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Ләззәт Рамазанова Арыс қаласына барды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Арыс қаласы әкімдігінің ғимаратында санитарлық-гигеналық нормаларды сақтай отырып ұйымдастырылған жиынға Парламент Мәжілісінің депутаты – ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Ләззәт Рамазанова мен қала әкімі Гүлжан Құрманбекова, мемлекеттік атқарушы органдар мен азаматтық қоғамдастық өкілдері және жергілікті кәсіпкер әйелдер қауымдастығының мүшелері қатысты.


Басқосуда азаматтық-құқықтық қоғамды қалыптастыру мен дамыту бағытында мемлекеттік деңгейде жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың жай-күйі талқыланып, алдағы жоспар-жобалар туралы айтылды.


Сөз арасында Мәжіліс депутаты отбасы құндылығын дәріптей отырып, азаматтық қоғамды дамытуда алыс-жақын шет мемлекеттердің тәжірибесін қолдану мәселесін ортаға салды.


«Түркияның Измир аймағында немересін бағып-қаққан ата-әжеге мемлекет зейнетақысының 50 пайызы көлемінде әлеуметтік көмек ретінде қосымша ақы төлейді. Бәлкім, осы әдісті біздің қоғамда да қолданысқа енгізіп көру керек шығар. Өйткені, бұл жобаны жүзеге асыру арқылы бірнеше мәселе шешімін табады. Атап айтқанда: әлеуметтік тұрмыстық жағдай түзеліп, ата-әже мен немере арасындағы байланыс нығаяды; отбасылық құндылықтар дәріптеледі. Сонымен қатар, бүлдіршіндерді балабақшамен қамту мәселесінің шешілуіне оң әсерін тигізеді», – деді Ләззәт Рамазанова.


Мұндай бастамаға қолдау білдірген Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова алдағы уақытта жобаны жүзеге асырудың мүмкіндіктерін қарастыратындығын атап өтті.


Сондай-ақ, халық қалаулысы елімізде отбасы институтын дамыту бағытында республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлу керектігін де алға тартты. Депутат бұл бағытта нәтижелі жұмыс жүргізудің бір ұшы азаматтық қоғамның белсенді әрекетімен тікелей байланысты деп санайды.


«Осы жолда табысты жұмыс жүргізген елдегі кәсіпкерлерге заң аясында салықтық жеңілдіктер қарастыруды қолға алғанымыз жөн», – деді Ләззәт Рамазанова.