Департаменттің жеке құрамы мен қызметкерлері 62 жеткіншекпен сұхбаттасты.
ERNUR.KZ. Түркістан облысы Арыс қаласындағы Т.Тәжібаев атындағы отбасы үлгісіндегі балалар үйінде бүлдіршіндерімен рухани кездесу өтті. «Мейірім нұры» акциясы аясында өңірдегі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері тәрбиеленушілерімен жақын танысып, олардың ой түкпіріндегі асқақ армандары мен өмірлік мақсаттары жайында ашық әңгіме жүргізді, деп жазады ҚазАқпарат.
Жеткіншектермен рухани кездесу барысында мемлекеттік қызметшілер балаларға мейірім сәулесін сеуіп, олардың өмірге деген ынта-жігерін арттыруға және қоғамға деген берік сенімін қалыптастыруға тырысты.
Аталған шарада департаменттің жеке құрамы мен қызметкерлері 62 жеткіншекпен сұхбаттасты. Танысу барысында балалар сахналық қойылым қойып, өнерін ортаға салды. Өмірмен өрілген өлең-жырларын оқып, анаға деген сарқылмас сағыныштан туған әуезді әндерін шырқады.
Ізгілік жолындағы акцияда бүлдіршіндердің тума талантын жоғары бағалаған департамент қызметкерлері балаларға музыкалық аспаптар мен ой-өрісін дамытатын түрлі ойын құралдарын табыс етті.
Ал, департамент басшысы Х.Көшқалиев балалар ауылындағы әрбір бүлдіршін 7 басқарманың жіті назарында болатынын және олармен бірге әр ай сайын өңірдің тарихи-мәдени орталықтары мен демалыс орындарына экскурсиялар тұрақты түрде өткізіліп тұратынын жеткізді.
Сондай-ақ, алдағы уақытта департаменттің бастамасымен Арыс қаласындағы балалар ауылының бүлдіршіндерімен кездесулер ұйымдастырылады.