​Мүмкіндігі шектеулі жандардың анықтама мерзімі ұзартылды

0
1 861

Олардың жәрдем ақылары төтенше жағдай режимі аяқталған күнді қоса алғанға дейін төленеді.


​Мүмкіндігі шектеулі жандардың анықтама мерзімі ұзартылды

Түркістан облысы бойынша төтенше жағдай кезеңінде қайта куәландырудан өтуі тиіс 1878 азаматтың мүгедектік анықтамаларының мерзімі орталықтандырылған база бойынша ұзартылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Демек, жәрдем ақылары төтенше жағдай режимі аяқталған күнді қоса алғанға дейін төленеді.

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығына сәйкес, 1-ші сәуірден бастап қайта куәландыру мерзімі төтенше жағдай енгізілгенге дейін бір айдан аспайтын мерзімге кіретін мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мүгедектік, жалпы еңбек және кәсіптік еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесінің, мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасының мерзімдеріне осындай өзгерістер енгізілген болатын.

КР Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек, əлеуметтік қорғау жəне көші-қон комитетінің Түркістан облысы бойынша Медициналық-əлеуметтік сараптама сурақтар бойынша басшысының орынбасары Марат Архаровтың айтуынша бұл төтенше жағдай кезеңінде қолға алынып отырған сақтық шарасы әрі үкімет тарапынан мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетіліп отырған қамқорлық.

«Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы және еңбек ету қабілетінен айырылу жағдайына әлеуметтік төлем алушылар болып табылатын адамдарға төтенше жағдай кезеңінде төлемдер бұдан бұрын белгіленген мүгедектік тобына және жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесіне сәйкес төленеді. Мүгедектікті және еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін айқындау осылайша сырттай куәландыру арқылы жүзеге асырылуда», - дейді Марат Аманғалиұлы.

Сондай-ақ азаматтар мүгедектікке шығу өтініштерін төтенше жағдай кезеңінде үйден шықпай Egov.kz «Электрондық үкімет» веб-порталындағы «Электрондық өтініш» сервисі арқылы жолдай алады. Тиісті құжаттары интернет ресурсы арқылы жолданған соң, медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу мамандары 2 күн ішінде өтініш тастаған азаматтарға жауап беріп, мүгедектік тағайындалғандығы туралы хабарлайды. Ол азаматтарға бұл туралы хабарлама байланыс нөмірлеріне де келеді. Ал, мүгедектік туралы анықтамаларының түпнұсқасын төтенше жағдай аяқталған соң медициналық-əлеуметтік сараптама комисиясынан алып кете алады.

Куәландырылатын адам мүгедектік белгіленген күннен бастап алты ай ішінде бақыланып, оған бір жылдан аспайтын мерзімге сырттай мүгедектік тағайындалады. Қазір осындай сырттай куәландырудан 4 азамат өткен.

Жалпы, елімізде төтенше жаряланғалы бері облыста 384 адамға алғаш рет мүгедектік дәрежесі бекітілген және бір жарым мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі азамат қайта куәландырылған.